ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЭТНОС ЖАСТАРЫ АРАСЫНДА «ТІЛГЕ ҚҰРМЕТ – ЕЛГЕ ҚҰРМЕТ» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен 1 наурыз – Алғыс айту күні мерекесіне орай этнос жастары арасында «Тілге құрмет – елге құрмет» атты облыстық байқау өтті.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтерген іс-шараға облыстық қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева қатысып, өнерпаздарға сәттілік тіледі.
Аталған байқау мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, қазақ тілінің этносаралық қарым-қатынас тілі ретіндегі қызметін нығайту, мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдерін ынталандыру мақсатында ұйымдастырылды.
Байқауға өңірдегі қала-аудандардан келген 30-ға жуық этнос жастары қатысып, 4 кезең бойынша бақ сынасты. Оның ішінде, өзін өлеңмен таныстыру, тіл туралы мақал-мәтелдер айту, «Алғыс айту – бізді біріктіреді» тақырыбында ой-пікірлерін жеткізу және Қазақстан тарихы туралы берілген сұрақтарға жауап беру сынды сайыстарда өз өнерлерін паш етті.
Білім мен өнерді ұштастырған шығармашыл жастар байқауына «Қоғамдық келісім» КММ-нің басшысы Эльмира Жанғазиева, белгілі композитор, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дың профессоры Бекжігіт Сердәлі, облыстық мәдениет басқармасы тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің бас маманы Гүлмира Исатай, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының мәдени-демалыс жұмыстарын ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі Мұрат Жұманов және «Түркістан Болашақ» жоғары көпсалалы колледжінің оқытушысы, әдіскер Индира Құршида қазылық етті.
Бірлікке үндеген байқаудың нәтижесінде 1-орынды сарыағаштық Хуршида Ерманова жеңіп алды. Жүлделі 2-орынға төлебилік Маржона Рафикжанова, 3-орынға саурандық Умида Абдуллаева ие болды.
Жеңімпаздар, жүлдегерлер және байқауға қатысушылар алған орындарына сәйкес қаржылай сыйлықтар, диплом және алғыс хаттармен марапатталды.
Еске сала кетсек, бүгінде мемлекеттік тілді үйренушілер үшін «Достық үйінде» жексенбілік мектеп ашылған. Облыстағы этнос өкілдерінің 92 пайызға жуығы мемлекеттік тілді жетік меңгерген.