«ӘДІЛЕТ» ПАРТИЯСЫ: ӨҢІР ДАМУЫНЫҢ БАСЫМ БАҒЫТТАРЫ БЕЛГІЛЕНДІ

0
44
Түркістан қаласындағы мәдениет үйінде «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалының төрағасы, штаб басшысы Алмас Салимов және өзге де штаб мүшелері қала тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында партияның 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты негізгі міндеттер мен жоспарлар талқыланды.
Жиында Алмас Салимов облыстық сайлауалды бағдарламаның мазмұнына тоқталып, оның Түркістан облысының даму ерекшеліктері мен тұрғындар тарапынан көтеріліп жүрген өзекті мәселелерді ескере отырып әзірленгенін атап өтті.
-Бағдарламада 2031 жылға дейінгі кезеңге арналған нақты мақсаттар мен міндеттер қамтылған. Атап айтқанда, жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту, шағын және орта бизнесті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту, жол және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту мәселелеріне басымдық берілген. Сондай-ақ, білім беру мен денсаулық сақтау саласының сапасын арттыру, мектептер мен медициналық нысандар салу, жастарды қолдау, бұқаралық спортты дамыту, цифрлық технологияларды енгізу және қоршаған ортаны қорғау бағытындағы жоспарлар бар, — деді Алмас Алтайұлы.
Бағдарлама бірнеше басым бағыттан тұрады. Олар – «Заң мен тәртіп», «Тиімді институттар», «Қуатты өңірлер», «Әділ экономика», «Цифрлық мемлекет», «Әлеуметтік ынтымақтастық», «Адам әлеуеті», «Жаңа мәдениет» және «Таза Қазақстан».
Кездесуде өңір тұрғындары үшін маңызды мәселелердің бірі – жұмыспен қамту мен тұрақты табыс көздерін қалыптастыру екені де айтылды. Осы бағытта 2031 жылға дейін облыс аумағында 105 инвестициялық жобаны іске асыру, кәсіпкерлікті қолдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласын дамыту көзделген. Бағдарламада аталған жобалар есебінен жаңа өндіріс орындарын ашу және мыңдаған тұрғынды жұмыспен қамту міндеттері белгіленген.
Жиында Алмас Салимов бағдарламаның орындалуында халықпен тұрақты байланыстың, қоғамдық бақылаудың және мәслихат депутаттарының есептілігінің маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, тұрғындардың ұсыныстары мен өтініштері өңірлік мәселелерді шешу барысында ескерілуі тиіс.
Кездесу барысында қала тұрғындары “Әділет” партиясының сайлауалды бағдарламасын қолдайтындықтарын айтты және өңірдің дамуына қатысты ұсыныстарын ортаға салды. Өз кезегінде партия өкілдері көтерілген мәселелерге қатысты түсініктеме беріп, ұсыныстарды назарға алды.
Тапсырыс беруші: Салимов А.А.
Түркістан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «Әділет» партиясы» ҚБ сайлау қорының қаражатынан төленді

Leave a reply