Балық байлыққа бастайды
Елімізде балық өсіру бойынша Түркістан облысы көш бастап тұр. Созақ ауданында да кәсіпкерлердің тауарлы балық шаруашылығымен айналысуға қызығушылығы күн санап артып келеді. Соның
бірі – Жартытөбе ауылдық округі, Аққолтық елді мекеніндегі «Бейбарыс» шаруа қожалығы.
2005 жылы ашылған шаруа қожалығы бұған дейін мал және егін шаруашылығымен айналысып келген. Соның ішінде асыл тұқымды ангус тұқымын өсірген. Шаруа қожалығы енді 15 гектар аумаққа балық шаруашылығын дамытуды қолға алып отыр.
Шаруа қожалығының төрағасы мемлекеттік «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен
8,5 млн. теңге несие алып, былтыр көктем айында өз ісін бастаған. Бүгінде жеке тоғанына 15 мың форель шабақтарын жіберіп, өсіруде.
Жалпы, ауданда «Ауыл аманаты» жобасы аясында балық шаруашылығын дамыту бойынша 7 кәсіпкер
56 млн. теңге несие алған.
* * *
Түркістан облысында «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітіліп, өткен жылы 6847 тонна балық өндірілген болатын. Биыл 7000 тонна балық өсіру жоспарланып отыр. Бүгінде бұл бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы орайда облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдері Кентау қаласына қарасты Қарнақ ауылындағы «Қазиханов» шаруа қожалығының жұмыс барысымен танысты.
«Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайызбен 6,8 млн. теңге несие алған кәсіпкер бұл кәсібін 2023 жылы бастаған. Бүгінгі таңда екі бассейнде форель, сазан өсіріп отырған ол жылына 10 тонна балық сатуды көздеп отыр. Мұнда 10 азамат жұмыс істейді.
Негізі «Қазиханов» шаруа қожалығының жоба құны – 80 млн. теңге. Кәсіпкер өз қаржысы есебінен 73,2 млн. теңге салып, балық орталығын ашқан. Келушілерге балықтан тағам дайындап береді. Ондағы балық өнімдері ауылдағы балық сататын дүкендерге де сатылуда.
– Негізі балық шаруашылығымен 2015 жылдан бері айналысып келемін. Алайда, бұл істі кәсіби түрде бастағаныма бір жыл болды. Осы аралықта 7-8 тонна өнім алдық. Қазіргі уақытта
30 сотық жер алып, жұмыс көлемін ұлғайтуды жоспарлап отырмын, – дейді кәсіпкер Құрбан Қазиханов.
Қ.Қазиханов бұл межемен тоқтап қалмай, мемлекеттен берілетін қолдауларға қол жеткізсе, кәсібін ары қарай ұлғайтуды көздеп отыр.
Жалпы, Түркістан облысында жергілікті маңызы бар 104 су айдыны бар, оның 80-і балық шаруашылығын жүргізу мақсатында пайдаланылады.
Өңірде тауарлы балық өсірумен айналысатын қожалықтардың саны 224-ке жетті. 2030 жылға дейін облыстағы тауарлы балық өсіру көлемін 20 мың тоннаға жеткізу жоспарланған.
– Облыста балық шаруашылығы қарқынды дамуда. Өңір басшысы балық шаруашылығына ерекше мән беру керектігін тапсырған болатын. Мұндағы мақсат – тауарлы балықтың көлемін ұлғайту. Осы бағытта облыс көлемінде жеке кәсіпкерлер тарапынан үйіргелік аумағынан 100 балық шаруашылығы ашылды. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысуға ниетті кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан қолдау көрсетілуде, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының бас маманы Абай Сәдірхожа.
Мәселен, акваөсіру бойынша биылғы жылға жергілікті бюджеттен 500 млн. теңге, инвестициялық салымдарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 237,5 миллион теңге бөлінді. «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша 24 кәсіпкер 168,9 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, балық өсіру шаруашылықтарын ашуда. Сондай-ақ, биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 232 жоба мақұлданып, 1 млрд. 20 млн. теңге қарастырылып отыр. Алдағы уақытта осы бағытта жұмыстарды қарқынды жүргізіп, балық өнімдерінің экспортын арттыру жоспарлануда.