
Сайрам ауданы 2025 жылы әлеуметтік-экономикалық даму бойынша оң нәтижелерге қол жеткізді. Бұл туралы аудан әкімі Мадияр Оразалиев БАҚ өкілдеріне берген брифингте айтты. Аудан әкімінің айтуынша, халық саны 243 мыңнан асатын, облыстағы әлеуеті жоғары өңірлердің бірі саналатын Сайрамда экономиканың негізгі көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетті.
Өткен жылдың қорытындысымен жалпы өңірлік өнім көлемі 418,7 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 31,2 пайызға көбейген. Өсім ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, сауда және құрылыс салаларында байқалды. Биыл бұл көрсеткішті 467 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланып отыр.
– Аудан экономикасының тірегі саналатын ауыл шаруашылығында 2025 жылы 158,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, салаға 8,9 млрд теңге инвестиция тартылды. Мал және өсімдік шаруашылығында өндіріс көлемі артып, ет пен сүт өнімдері экспортқа шығарылды. Сонымен қатар, соңғы жылдары жайылым жерлерін мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары күшейтіліп, 2025 жылы жоспар екі есеге артығымен орындалды.
Өнеркәсіп саласында 86,3 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, оның 78 пайызы өңдеу өнеркәсібіне тиесілі болды. Бұл ауданның өндірістік бағытта дамып келе жатқанын көрсетеді. Ал, инвестиция тарту көлемі 181,8 млрд теңгеге жетіп, екі есеге өсті. Инвестицияның 90 пайыздан астамы жеке қаражат есебінен жүзеге асқан, – деді аудан әкімі.
Сайрам ауданында былтыр құны 30,3 млрд теңге болатын 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 570 жаңа жұмыс орны ашылған. Ірі жобалардың қатарында заманауи мал бордақылау алаңдары, ет өңдеу кешендері, арнайы көлік құрастыру зауыты мен сусын өндіретін кәсіпорындар бар. Ал, 2026 жылы 43,9 млрд теңгеге 21 жобаны жүзеге асырып, 1232 адамды жұмыспен қамту көзделуде.
Инфрақұрылымды дамытуға да ерекше мән берілуде. Былтыр ауыз су, газ, электр және жол саласына қомақты қаржы бөлінді. Қазіргі таңда аудан елді мекендерінің 92,8 пайызы табиғи газбен қамтылған, ал биыл бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізу жоспарлануда. Жол жөндеу және жаңа көпірлер салу арқылы көлік қатынасы жақсарды.
Әлеуметтік салада да бірқатар жұмыстар атқарылды. Тұрғын үй кезегіндегі мәселені шешу үшін Қарасу ауылында жаңа шағынауданның құрылысы басталды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында жаңа нысандар пайдалануға беріліп, қолданыстағылары жаңғыртылуда.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік қолдау шаралары нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрады. Мыңдаған азамат тұрақты жұмыспен қамтылып, атаулы әлеуметтік көмек пен мемлекеттік гранттарға қол жеткізді.
Аудан әкімі брифинг барысында алдағы жылдары да Сайрам ауданында экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, инфрақұрылымды жаңарту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру басты басымдық болатынын атап өтті.
Ерболат Айнабеков.













