Мал баққанға бітеді

Отырар ауданында орналасқан «Нұрислам-Айшуақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұхамеддәуіт Қосаев – өз ісіне адал, еңбекқор әрі мал шаруашылығы саласында мол тәжірибе жинақтаған білікті маман.
Ол мүйізді ірі қара мен ұсақ мал өсіру бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп, шаруашылықты ғылыми негізде ұйымдастыруға басымдық беруде. Төрт түлікті күтіп-бағу, асылдандыру, жем-шөп қорын жеткілікті жасақтау, төл алу, бордақылау жұмыстарын талапқа сай сапалы атқарып жүр. Бүгінде шаруашылықта 200 сиыр және 700 ұсақ мал бар.
Тәжірибелі шаруа 100 сиырдан орта есеппен 70 бұзау алғанын айтады. Нәтижелі жұмыстардың арқасында ол басшылық ететін «Нұрислам-Айшуақ» ЖШС Отырар ауданында өткен «Алтын
күз – 2025» мерекелік іс-шарасында озат ірі қара мал өсіруші агроқұрылым ретінде танылды.
Мұхамеддәуіт алдағы уақытта шаруашылықты бұдан да кеңейтіп, дамытуды жоспарлап отыр. Жоспары жүзеге асса, ауылдың ғана емес, тұтас ауданның бұл бағыттағы мүмкіндігі еселене
түспек.
Адал еңбек, нақты нәтиже және туған жерге деген жанашырлық – «Нұрислам-Айшуақ» серіктестігі ұжымының алға қойған мақсаты осы. Осындай өз шаруасына мығым жандар барда ауыл тіршілігі жанданып, ел экономикасы нығая беретіні сөзсіз.
Шапағат ҒАЙБҰЛЛА,
журналист.













