Saturday, November 23

Сауранның экономикасына серпін берген ауыл

0
115

Қазіргі таңда Облыс орталығы һәм түркі дүниесінің төріне айналған киелі Түркістанның іргесіндегі осы Ибадулла ата мешіті мен қорымын көкжелектендіріп, абаттандырып, басына түнейтін, демалатын орын мен асхана жайын әзірлесе, өңір тарихын баяндайтын, саяхатшыларды алып жүретін гид – жол көрсетушілер шықса, алыс-жақын шетелдерден зиярат етушілер көбейер еді. Бұл өз кезегінде Жаңа Иқан ауылдық округінің қоржынына түсер пайданы молайтар еді.

Түркістаннан елу шақырымдай жерде орналасқан Ибата қазіргі аты Жаңа Иқан ауылына ат басын тіредік. Бірден көзге түскені үлкені де, кішісі танымайтын адам кездессе де, «Ассалаумалейкум» яғни «Алланың нұры жаусын!» деп қолын көкірегіне қойып, басын иіп амандасады. Бір қызығы күндіз ауылдан адам сирек кездеседі. Бәрі бау-бақшаның басында.

АУЫЛ НЕГЕ ИБАТА АТАНҒАН?

Алдымен ауыл неге Ибата атанған деген сұрақ алдыңыздан шығады. Бұған жергілікті тұрғындар «Ибаддулла деген әулие атамыз болған» деседі. Әрі қарай көне тарихтан сөз қозғасақ. Көне Түркістан қаласының күншығыс жағындағы 50 шақырым қашықтықта Қаратау етегіне орналасқан бұрынғы «ІІІ Интерноционал» ұжымдық шаруашылығында 1980 жылдары егіс алқабын кеңейту үшін жер тегістеу кезінде бір төбешіктің етегінен 1,5 метр тереңдікке үй қабырғаларының жерге сызылған «Сызба кесек» және қабырғалар қалдықтарының ортасынан ыдыстардың сынықтары мен бір дана қол диірменнің тасы табылды. Сонымен бірге, бір әйелді жерлеуде бір қол диірмен тас, Ибадулла ақсақалды жерлеу рәсімінде мазар астынан қауын тұқымы табылған еді.

М.Ғ.Исақова мен В.А.Костетскийдің «Өзбекстан халықтарының тарихы» мен Ө.Әлиевтің «Қазақстан тарихы» кітаптарында бұрынғы адамдардың өмір сүруіне қолайлы мекендердің бірі Ташкент қаласының солтүстік жағында, Оңтүстік Қазақстанның Қаратау баурайында сол дәуірге қатысты мекен-жай болғандығы айтылады. Демек, Ибадулла ата қыстағының өткен тарихы да осыған байланысты. ХІІІ-ХІҮ ғасырларда жаугершілік ұрыстардың болып өткені тарихи құжаттардан мәлім. Соның ішінде осы қыстаққа да қалмақтар жиі – жиі шабуылдап және қатар өмір сүріп келген. Басып алынған қауым немесе әулет мал немесе диқаншылықпен шұғылданып келген момын жандар.

Марқұм Абдиазим Саидикрамұлының айтуынша ауыл Ибадулла Ата, Көкқия, Ойсылқара, Қарауылтөбе, Данайташ, Тоқтыбас, Ақтөбе, Көктөбе сынды талай әулет пен қауымдарға бөлінген. Бір кездері ауыл аймақтар пайда болған.

Аңыздарда шайқастардың бірінде жергілікті жігіттердің бірі Ибадулла атты жігіт аса үлкен ерлікпен қаза тапқан. Әйтсе де ерлігі жайлы да аты жөні жайлы да ешқандай жазба құжаттар бізге мәлім емес. Кей бір кездері жергілікті тілде «Қарсақбайлар» делінеді.

Ибадулланың тарихта болғандығын растайтын нәрсе ол — Ибадулланың мүрдесі ауылдың ортасын қақ бөліп өтетін Иқан су өзенінің батысындағы қырға жерленгендігі. Бұл оқиғаның аяғы ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басына дейін жеткен. Бабаларымыз ол кісінің есімін мәңгілікке қалдыру үшін «Әулие» деп атай бастады. Құрметі үшін жанына мешіт тұрғызды. Сөйтіп, ауыл Ибадулла ата атанды. Қазір оның сағанасын Нұрмухаммет Якубовтың басшылығымен ауылдың ішкерісіне көшіріп, жаңа мешіт салынды. Тағы бір аңызда осы жерге демалуға аялдаған саудагерлердің керуен басы Ибадулла түрлі себеппен қаза тауып, осы жерге жерленген делінеді.

ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ АҚ ТАҢЫ –ДИҚАНШЫЛЫҚТЫҢ ДАҢҚЫН АСЫРДЫ

Таң құланиектене жылы орнын тастап, бақшалыққа асығатын немесе соның басында түнеп қалатын диқандар қауымына Тәуелсіздіктің ақ таңы — барлық мүмкіншілігін толығынан пайдалануына мүмкіндік әперді. Қазақстан егемендігін алған соң, бұрынғы жүйе келмеске кетіп экономиканы реформалау басталды. Осының негізінде «ІІІ Интернационал» ұжымшары таратылып, жер, су, мал мүліктер топтарға және жеке адамдарға бөліп беріле бастады. Өндірістік кооперативтер құрылды. Кейбіреулер отбасылық шаруашылықтарға бөлінді.

Ауылда сол кезде мыңнан астам отбасында 6778 халық тұрды. Отбасылық қожалықтар қатары көбейді. Әрбір отбасына жер, мүлік үлестері бөлінді. Егер қаласа, олардың әлдебір ұжымға өз еркімен бірігуге ықтияры болды. Өндірістік кооператив өз өнімдерін келісім шарт негізінде фирмаларға, концерн сынды ұйымдарға сатады. Түскен қаржы немесе тауарларға жанар-жағармай, қосалқы бөлшектер минералды тыңайтқыштар сатып алынады. Немесе айырбас жасалады. Ауыл шаруашылығында реформаға сай өндірілген өнімдер базарға шығарылды. Өнімді мемлекетке сату, сатпау өз еріктерінде болды. Базарға мал шығару да тең құқыққа ие. Кооператив басшылығы ішкі демократияға негізделген. Оның мүшелерінің жалпы жиналысында түзелген жарғыға сәйкес сайланады. Демек, әрбір гектар жер мен мүлік иесі осы Жарғыға сәйкес шаруашылық басшылығы мен келісім-шартқа отырған соң басшының ықтиярына беріледі. Келісім-шарт орындау екі жаққа бірдей. Иқандықтарға жаңалық болғаны әлемдік деңгейде әлде қашан жүзеге асырылып келе жатқан реформаның Қазақстан жағдайына, жергілікті жағдайға қарай бейімделуінде еді.

 

ӘКІМДІ САЙЛАУ — ТЫҢ ЖОБАЛАРҒА ЖОЛ АШТЫ

Өткен жылы Жаңа Иқан ауылдық округінде өткізілген әкімді сайлау кезінде бұрын 2011-2013 жылдары әкім қызметін атқарған Тахир Абдаев баламалы негізде ауыл әкімі болып сайланды. Бұған дейін ауыл әкімі қызметін атқарған Серік Садибаев жаңадан ашылған Сауран ауданы әкімінің орынбасарлығына көтерілді. Бұл оның елге еткен қызметінің есесінің қайтқаны. Ауылды 2013 жылдан бастап басқарған Серік Садибаев орталық стадионды күрделі жөндеуден өткізіп, спорт кешенін салды. Заманауи үлгідегі монша, 2016 жылы Ардагерлер аллеясы ашылды. 2017 жылы бірқатар жол жөнделіп, көшелерге жарық шамдар қойылды. Серік Садибаевтың көп жыл орынбасары болған Тахир Абдаевтың алдында үлкен жобалар мен іргелі істер күтіп тұр. Өзбек халқында «істің өзін таппа, көзін тап» деген тәмсіл бар. Тахир үлкенмен де, кішімен де тіл табыса алатын, байсалды азамат. «Менің әкім болғаныма жылға жете қойған жоқ. Балапанды күзде санайды дейді.

Сондықтан жасаған жұмысымыздың қорытындысы шыға бастағанда ғана өзім айтайын. Әзірге қоя тұрыңыз», — дейді Тахир Абдаев.

Жаңа Иқан ауылдық округінің әкімі Тахир Абдаевтың баяндауын-ша Сауран ауданы орталығынан 75 шақырым қашықтықта орналасқан. Екі елді-мекеннен құрылған. Ибата және Ойық елді-мекендері. Ойық ауылы орталықтан 20 шақырым қашықтықта орналасқан. Одан басқа, Қызыл-Ту, Ақтөбе, Нұра учаскелері бар. Оларда малшылар, маусымдық жұмысшылар қоныс-танған. Нұра учаскесінде суармалы егістік жерлердің 62 пайызы, яғни 2600 гектар жер бар. Ол орталықтан 45 шақырым қашықтықта орналасқан.

 

РЕФЕРЕНДУМДА АУДАННЫҢ АТЫ ОЗДЫ

«Күні кешегі өткен референдумға Жаңа Иқан ауылдық округіндегі №101, №102 референдум округтерінде 3965 сайлаушы тіркелсе, олардың 3339-ы дауыс берді. Бұл 84,21 пайызды құрады. Бұл Сауран ауданы бойынша ең жоғары көрсеткіш болып табылады», — дейді Тахир Абдаев.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Жаңа Иқан ауылдық округінде 7810 адам тұрып жатыр. Ибата ауылында -1054 отбасында 7596 адам болса, Ойықта 39 отбасында 214 адам тұрады. Жаңа Иқан ауылдық округі бойынша жұмысқа қабілетті 2958 адамнан 1722 адам ауыл шаруашылығында жұмыс істейді. Ауылдық округі әкімі аппаратында 22, білім беру саласында 352, денсаулық саласында 37, бала бақшада 34, тағы басқа салаларда 780 адам жұмыс атқаруда.

Ауылдық округ бойынша 24 жеке кәсіпкерлер мемлекеттік кірістер басқармасына тіркеліп жұмыс атқаруда. Кәсіптерінің басты бағыты азық-түлік дүкендері, наубайхана, дәріханалар, компьютерлік қызметтер, жанар-жағар май құю бекеттері, көлік жөндеу, желімдеу және көлік жуу орталықтары, монша, құрылыс заттары дүкені және тағы басқа да кәсіптің түрлерімен айналысады. Жаппай кәсіпкерлікті қолдау барысында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бойынша онлайн режимде 4 азамат оқып, «Бастау Бизнес» сертификатын алды. Аталған бағдарлама бойынша 4 азамат қайтарымсыз «Бастау Бизнес» грантына ие болып, өз кәсіптерін бастады.

 

АУЫЛДАР АБАТТАНДЫРЫЛУДА

Алдағы уақытта Жаңа Иқан ауылдық округі Ибата елді-мекені Ибадулла ата, Т.Ахмедов, С.Болыс көшелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары, яғни асфальттау жүргізілгелі отыр. Жобаның жалпы құны 60753,75 теңге. Қазіргі сәтте жұмыстың алғашқы кезеңі бойынша шағылтас төсеу, тегістеу жұмыстары атқарылып болды. Биылғы жылдың тамыз айына дейін асфальттау жұмыстары толық аяқталады. Жұмысты АДТ-сервис ЖШС атқарып жатыр. Әл-Фараби, Шахайдар көшелерін асфальттау бойынша жобалық сметалық жұмыстары жасалып, жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жүргізілгелі отыр. Қосымша 12 көшеге жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін сметалық құжаттар дайындалуда.

Жаңа Иқан ауылдық округі, Ибата елді-мекеніне 2012 жылғы «Ақбұлақ» бағдарламасымен, ауыл тұрғындарын таза ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында, 950 үйге су құбыры жүргізілген. Жұмыстарды «Варат» ЖШС атқарған. Одан бөлек, кейінгі жылдары жаңадан салынған 400 үйді таза ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу үшін Сауран ауданы әкімі аппаратына арнайы ұсыныс хат жолданды.

 

КӨГІЛДІР ОТЫНҒА КӨШІРІЛУДЕ

Жаңа Иқан ауылдық округі бойынша, Ибата, Ойық елді-мекендеріне 2020 жылы газ құбырларын «KUMBEZ CONSTRUCTION» ЖШС мердігер ретінде жүргізіп, әр отбасыға арналған абонент орнатылған. Атап айтқанда Ойық елді-мекеніне 39 абонент, Ибата елді-мекенінде тұратын 1015 отбасыға абонент орнатылған. 200 отбасыға абоненттен үйге қарай газ құбырын тарту жұмыстары жүргізілді. Үйге қарай газ құбырларын «Стройпроектлидер» ЖШС, «КАЗМонтажком» ЖШС, «Омар Шерхан» ЖШС жүргізуде. Бір қолайлысы осы компания ауыл орталығынан дүкен ашып, жер үйлерге қолайлы «ARIDEYA», «Амулет», «Очаг» пештерін сатуға шығарып отыр. Дүкенші Венера Такеннің айтуынша ибаталықтарға барынша қолайлы бағада ұсынып, кейбірі алты айға дейін несиеге де ала алатын жағдай жасалған. Ендігі жерде үй маңына жеткізілген табиғи газды үйге кіргізіп алуға 80 мың теңге жұмсалса, сапалы пештерді орнату шамамен 350 мың теңгеге түскелі тұр.

 

ИБАТАЛЫҚТАРДЫҢ ТЫҢ ЖОБАЛАРЫ

«Жаңа Иқан» ауылдық округіндегі Ибата елді-мекеніндегі «Зарина» шаруа қожалығының жетекшісі Әлішер Мырзаханов өндірістік балықтарды тоғандап өсіре бастады. Ол 2016 жылы бастаған шаруашылығына 10 гектар жер иемденсе, оның сегіз гектарына тоғандау арқылы жіберген дөңмаңдай, сазан, карп, ақамур, форель өндірістік балықтарының шабақтары енді жетіліп, келесі жылы нарыққа шығарылмақ.

Әлішер болашақта Түркістанның облыс мәртебесін алуына орай, бастаған балық өсіру кәсібін одан әрі жалғастырып, алдағы жылдары тоған маңына арнайы өңдеу цехтарын орнатып, табиғатты тамашалаушыларға арналған шағын демалыс жайларын жасап, балық аулаудан қызықты жарыстар өткізіп, көпшіліктің демалысын сәтті өткізуіне мүмкіндік жасамақ.

Жаңа Иқан ауылдық округіндегі Ибата елді-мекенінде «Әлинұр» шаруа қожалығы жұмысын 2019 жылы бастады. Шаруашылықтан үш гектар жер алып, ондаған жылыжайларды жасақтады. «Қазагро» қорынан 730 миллион теңге көмекке 126 миллион теңге қосымша шығын шығарып, жылыту орталығын, түрлі қондырғыларды Ресейден жеткізді. Қазіргі кезде қызанақты нарыққа тонналап шығаруда.

Қазіргі таңда жылыжайдағы күтіп-баптауға жиырмаға жуық жергілікті тұрғындар қамтылса, маусымдық кезеңде елуге жуық қыз-келіншектер жұмыс істейді. «Әлинұр» шаруа қожалығының басшылығы алдағы жылдары қызанақ пен қиярды қатар өсіріп, оны қалдықсыз өңдеуді жоспарлап отыр.

Ибата елді-мекеніндегі фермер Бабыр Мәуленовті жақын маңдағы тұрғындар жақсы біледі. Ол бастапқыда Таулы Алтайдан, Ресейден етті бағыттағы асыл тұқымды жылқыларды әкеліп бордақыда ұстайтын болса, тәжтажал індетіне байланысты алысқа шыға алмай, әзірге Ақтөбе және Батыс облыстармен шектелуде. Қазіргі таңда 70-ке жуық тайларының өзі 300 келіден асуда. Бабыр Мәуленов алдағы уақытта мал бордақылаумен қатар, оны соятын цехты кеңейтіп, барынша өңдеп, қалдықсыз өнім шығарудың жолдарын ойластыруда. «Істің өзін таппа, көзін тап» деген мәтелге сәйкес, ибаталықтардың жаңашылдық бастамаларын жергілікті әкімдік өкілдері ғана емес, ауыл шаруашылығын қолдау қорлары да қуана құптауда. Бұл бастамашылықтар алдымен жергілікті тұрғындарды еңбекпен қамтамасыз етіп қана қоймай, ел дәулетін тасытудың тың жолдары саналады.

 

НАМЫСТЫ ЕКІ КӘСІПКЕР ӨЗ ҚАРЖЫСЫНА МЕКТЕП САЛДЫ

Жаңа Иқан ауылдық округінің орталығы Ибата ауылындағы әлемге әйгілі ғалым Ұлықбек атындағы тозығы жеткен орта мектебінде балалар үш ауысыммен сабақ оқуда. Мектептің сыйымдылығы 1200 оқушы болса да, биылғы оқу жылында 2033 бала оқыды. Бұған қатты қапа болған жергілікті екі кәсіпкер мемлекеттік-жеке серіктестік аясында өз қаражаттары есебінен заманауи мектеп тұрғызды.

Жеке кәсіпкер Арапхан Мирзаханов Әлішер Науаи атындағы көше бойынан бір ауысымда 250-300 орындық «Дарын» мектебін өз қаражатына салды. Оған 800 миллион теңге жұмсады. Жеке кәсіпкер Дилмухаммад Ирисбаев Ибадулла ата көшесіндегі мектеп құрылысын аяқтады. Оны Сауран ауданы әкімі Ғани Рысбеков пен адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Ақмарал Батырбекова бастаған топ тамашалап, әсіресе, спорт залының құрылысына таң қалыстарын жасырмады. Бұл ғажайып мектепте екі ауысымда алты жүзге жуық оқушы дәріс ала алады. Бұған кәсіпкер Дилмухаммад Ирисбаев мемлекеттік-жеке серіктестік аясында бір миллиард теңге өз қаражатын құйды.

— Аталған құрылыс нысандары аяқталып, қолданысқа берілсе, ауылдық округ бойынша мектеп мәселесі шешіледі деп күтілуде. Шындығында Жаңа Иқан ауылындағы үш ауысымдағы мектептің жайы қабырғама аяздай батып жүр еді. Мәселенің бұл оңай шешілгендігіне өте ризамын. Әрбір ауылдан осындай намысты да, бақуатты кәсіпкерлер шығып, өздері білім алған алтын ұясының алдындағы азаматтық борыштарын осылай атқарса, бұл аудан ғана емес, республикаға ғажайып үлгі-тәжірибе, азаматтықтың жоғары көрсеткіші болар еді», — дейді Ақмарал Батырбекқызы толқынысын жасыра алмай.

 

ҚОҒАМДАСТЫҚ МҮШЕЛЕРІ ҚҰЛШЫНА ІСКЕ КІРІСТІ

Жаңа Иқан ауылдық округі тұрғындарымен өткізілген жергілікті қоғамдастық жиынының негізінде Жаңа Иқан ауылдық округі бойынша қоғамдастық кеңес мүшелері сайланып жұмысын бастады. Қоғамдастық мүшелеріне ауыл тұрғындарының арасында белсенді, өз салаларында үздік азаматтар сайланды. Ауылдық округі аумағындағы мыңнан бір адам таңдалды. Олар Хасанов Мирзабай, Сатибалдиев Илхам, Тажиметов Дадаш, Хакимов Аарпхан, Ирисбаев Дилмухаммад, Бейсенбаев Турманбай, Бабаев Рахмаджан, Шайманов Адетхан. Қоғамдастық мүшелері бірлесе отырып ауылдық округтегі шешілуді талап ететін мәселелерге ат салысып, нәтижелі жұмыстар атқаруда.

Мәселен, жақында ғана бой көтерген 13 көшенің аты жоқ болғандықтан келген қонақтар жиі адасады. Осыған орай, қоғамдастық мүшелері, Түркістан облыстық ономастика комиссиясының 2021 жылғы 28 желтоқсандағы қорытындысы негізінде және Жаңа Иқан ауылдық округі тұрғындарының пікірін ескере отырып, ол көшелерге Айбын, Аламан, Алтай, Жайық, Жалын, Дінмұхамед Қонаев, Тұран, Сауран, Шұғыла, Мерей, Көктем, Жайсаң, Самал көшелері деп атауды ұйғарды.

Қоғамдастық төрағасы Мирзабай Хасановтың айтуынша бұрын жер алып, оны көп уақыттан бері пайдаланбай келген фермерлер мен кәсіпкерлермен меморандум жасасып, ортақ жайылым ретінде пайдалану жолдары заңдастырылуда екен.

— Ұлытауда өткен тұңғыш Ұлттық құрылтайды теледидардан бастан аяқ көрдім. Біз шын мәніндегі «Жаңа Қазақстанды» құруға бел шеше кіріскенімізді көріп, қатты қуандым. Бізді ауылдық округтегі Қоғамдастықтың барлық мүшелері өз ойларын қай ортада болмасын жасырмай айта алатын, белсенді ғана емес, өздері де басқаға үлгі боларлық іс атқарып отырғандар. Мына екі кәсіпкеріміздің тұрғызған мектептерінің қасынан өтіп бара жатқанымда кеудемді кәдімгідей мақтаныш кернейді. Алдағы атқаратын жұмыстарымыз берекелі де жемісті болсын! «Бақ қайда барасың, ынтымаққа барамын» дегендей, елдің тыныштығы мен еңбекке деген құлшынысы болса, алмайтын асуымыз жоқ, — дейді қоғамдастық төрағасы Мирзабай Хасанов.

Біз де ынтымағы мен бірлігі жарасқан, ұлы иманды, қызы ибалы ибаталықтарға барша жақсылықтарды тілеп, жолға шықтық.

 

Leave a reply