
Сайлауалды науқанның соңғы аптасында «Әділет» партиясының Түркістан облыстық филиалы үгіт-насихат жұмыстарын күшейтіп, өңір тұрғындарымен бірнеше кездесулер өткізді. Партия өкілдері ауыл халқы, жастар, спортшылар және өндіріс орындарының еңбек ұжымдарымен жүздесіп, 2026–2031 жылдарға арналған «Әділетті болашақ үшін» сайлауалды бағдарламасының негізгі бағыттарын таныстырды.
Бәйдібек. Апта аясында Бәйдібек ауданында жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Оған партияның облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Алмас Салимов, сайлауалды штаб мүшелері және облыстық, аудандық мәслихат депутаттығына кандидаттар қатысты.
Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, су ресурстарын тиімді пайдалану, инвестиция тарту және шағын кәсіпкерлікті қолдау мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ аудан жастары, спортшылар және спорт саласының қызметкерлерімен арнайы кездесу ұйымдастырылды. Басқосуда бұқаралық спортты дамыту, спорттық инфрақұрылымды жетілдіру, жас спортшыларға қолдау көрсету және жастардың қоғамдық өмірге белсенді араласуына мүмкіндік жасау мәселелері қозғалды.
Шардара. Шардара ауданында сайлауалды штаб мүшелері «Казкрахмал» жүгеріні терең өңдеу кәсіпорнының еңбек ұжымымен кездесті. Жиында партияның сайлауалды бағдарламасындағы отандық өндірісті қолдау, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және еңбек адамдарының мүддесін қорғау бағыттары таныстырылды.
Кәсіпорын жұмысшыларымен пікір алмасу барысында өндірісті өркендетудің өңір экономикасы үшін маңызы, тұрақты жұмыспен қамту және еңбек адамының әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері сөз болды.
Осылайша, сайлауалды науқанның соңғы аптасында өткен кездесулер партия бағдарламасының негізгі басымдықтарын тұрғындарға кеңінен таныстыруға мүмкіндік берді. Басқосулар барысында партияның бағдарламасына қызығушылық танытып, оның негізгі бағыттарын қолдайтын азаматтар көп болды. Тұрғындар өз пікірлерін білдіріп, ұсыныстарын ортаға салды. Бұл кездесулер партия мен халық арасындағы ашық диалогты нығайтып, «Әділетті болашақ үшін» бағдарламасының өңір тұрғындарына кеңінен таныстырылуына мүмкіндік берді.













