
Соңғы жылдары Түркістан облысында демографиялық саясатқа мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп, көпбалалы отбасыларға қолдау, жас отбасыларға тұрғын үй беру, әйелдер мен жастардың әлеуметтік белсенділігін арттыру сияқты бағыттар жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Демографиялық саясат тек сандық көрсеткіштермен шектелмей, халықтың өмір сапасын жақсарту, отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балаларға жағдай жасау сияқты әлеуметтік аспектілерді де қамтиды. Түркістан облысы осы бағытта елімізде үлгі бола алатын өңір болып отыр.
Өңірдегі Сайрам ауданы қарқынды дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Осы орайда, демографиялық саясатты қолдау және халықтың баспанаға деген сұранысын қанағаттандыру мақсатында Сайрам ауданында жаңа шағынаудан салыну жоспарда бар.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров бұл бастаманы қолдай отырып, құрылыстың сапалы әрі жүйелі жүргізілуін тапсырды. Оның айтуынша, жаңа шағынауданның дамуы үшін ең алдымен инфрақұрылымдық жүйелерді тарту маңызды. Сайрам ауданы, Қарасу ауылдық округінің 57 гектар аумағында бой көтеретін шағынауданда заманауи талаптарға сай салынады. Көпбалалы отбасыларға арнап 5 қабатты 47 тұрғын үй (2820 пәтер), тәулігіне 250 адам қабылдайтын емхана, Мәдениет үйі мен Жастар сарайы біріктірілген кешен, сапалы білім үшін 600 орындық мектеп, бүлдіршіндер үшін 280 орындық балабақша, 6 коммерциялық нысан мен саябақ, мешіт салу қарастырылған. Бұл жоба халықтың өмір сүру сапасын арттырып, көпбалалы отбасылардың тұрғын үйге мұқтаждығын азайтуға бағытталған. Аудан әкімдігі тарапынан құрылыс нысандарын инженерлік-коммуникациялық жүйелермен қамтамасыз ету үшін жобалау-сметалық құжаттары дайындалған. Жаңа шағынаудан Сайрам ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, өңір тұрғындарына қолайлы өмір сүру жағдайын жасайды.
Атап өтейік, халық санының өсуін қолдау мақсатында ауданда көпбалалы отбасыларға арналған арнайы әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылып келеді.
Ауданда көпбалалы отбасыларға қолдау көрсетілуде. Нақты айтқанда, бала тууға байланысты біржолғы әлеуметтік төлемдер, тұрғын үй салуға және жалға алуға жеңілдіктер, балалардың білім алуына және денсаулығын қорғауға арналған гранттар, медициналық қызметтерге жеңілдік беру секілді жұмыстар жүргізілуде. Сондай-ақ көпбалалы аналарға арналған арнайы тренингтер мен кәсіпкерлік курстар жүргізіліп, әйелдердің экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік жасалып келеді.













