Кентауда бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтті

Қазіргі таңда еңбек нарығындағы басты мәселелердің бірі – білікті мамандар мен тұрақты жұмыс іздеушілер арасындағы байланысты нығайту. Осы мақсатта Кентау қалалық Мансап орталығында жұмыс берушілер мен жұмыс іздеушілерге арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды.
Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – жұмыс беруші мен жұмыс іздеушінің арасындағы тікелей байланысты орнату, сұхбаттасу арқылы нақты жұмысқа орналасу мүмкіндігін жасау. Бұл – уақытты үнемдеудің, әрі еңбек нарығындағы сұраныс пен ұсынысты теңестірудің тиімді жолы.
Аталған шараға 10-ға жуық жұмыс беруші қатысып, түрлі саладағы бос жұмыс орындарын ұсынды. Қатысушы мекемелердің қатарында білім беру, денсаулық сақтау, құрылыс, қызмет көрсету және өндіріс салалары бойынша жұмыс орындарын ұсынған кәсіпорындар болды.
Жәрмеңкеге жалпы 52 адам жұмыс іздеп келіп, өз мүмкіндіктерін қарастырды. Қатысушылардың бір бөлігі тікелей сұхбаттасып, кейбірі сол күні-ақ әңгімелесу нәтижесінде жұмысқа шақырылды.
Мансап орталығының мамандарының айтуынша, мұндай жәрмеңкелер қалада тұрақты түрде ұйымдастырылып тұрады. Бұл – жұмыс іздеуші азаматтарға нақты әрі ашық еңбек нарығы туралы ақпарат алуға, ал жұмыс берушілерге өз саласына қажетті кадрларды табуға зор мүмкіндік береді.
— Бұл тек жұмыс емес, мүмкіндік. Көп адам өзіне лайықты кәсіп таба алмай жүреді. Осындай жәрмеңкелер сол олқылықтың орнын толтырады. Бірі тәжірибе жинақтап, екіншісі жаңа салаға қадам басады, — дейді жәрмеңке ұйымдастырушыларының бірі.
Жәрмеңке соңында Мансап орталығы мамандары азаматтарға жұмыспен қамту бағдарламалары, кәсіптік оқыту мүмкіндіктері, мемлекеттік гранттар мен субсидиялар туралы кеңес беріп, жол сілтеді.













