Ақ орамал, ақ ниет, адал еңбек

Кентау қаласының тындырымды тұрғындарының бірі, еңбек жолынан жаңылмай, бүгінде өз ісінің шеберіне айналған Мамадалиева Дилфуза «Күміс жас» жобасының қатысушысы ретінде қоғам өміріне белсенді араласуда. Қазіргі таңда ол «Магнат» жеке кәсіпкерлігінде аспаз болып жұмыс істеп жүр.
Дилфуза апайдың өз қолымен дайындайтын жартылай дайын тағамдары, түрлі тоқаштар мен нан өнімдері, тәтті нандар мен пісірмелер күнделікті қала дүкендерінің сөрелерінен орын тауып, халықтың ыстық ықыласына ие болуда. Тұтынушылар арасында ерекше сұранысқа ие бұл өнімдер сапасы мен дәмі жағынан жоғары бағалануда.
«Қолыңнан іс келсе — халқыңа бол қызмет» демекші, Дилфуза апай өзінің көпжылдық тәжірибесін қазіргі күннің талабына сай үйлестіріп, еңбек етіп жүр. Оның жұмысқа деген ынтасы мен адалдығы, тағам әзірлеудегі жауапкершілігі жас буынға үлгі боларлық.
«Күміс жас» жобасы деген не?
«Күміс жас» — зейнеталды жастағы азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған мемлекеттік жоба. Жобаның басты мақсаты — еңбекке қабілетті, бірақ зейнетке таяп қалған азаматтарға уақытша жұмыс орындары ұсынып, олардың әлеуетін тиімді пайдалану.
Бұл бағдарламаға:
- 50 жастан асқан, бірақ зейнеткерлік жасына жетпеген,
- Жұмыссыз ретінде тіркелген,
- Денсаулығы еңбекке жарамды,
- Қоғам өміріне белсенді араласқысы келетін азаматтар қатыса алады.
Жоба шеңберінде қатысушылар жалақысы мемлекет тарапынан субсидияланатын жұмыс орындарына уақытша орналастырылады. Бұл — әрі табыс көзі, әрі тәжірибемен бөлісу мүмкіндігі, әрі қоғамға пайдалы еңбек ету жолы.
Құрмет пен қолдауға лайық бастама
Бүгінгі қоғамда жасы ұлғайған азаматтардың да өз орнын табуы — маңызды. Мемлекет тарапынан қолдауға ие осындай бағдарламалар арқылы еңбек жолы тоқтамайды, тәжірибе ұмытылмайды, ұрпақ сабақтастығы сақталады.
Мамадалиева Дилфуза сынды жандардың табанды еңбегі мен шеберлігі — Кентаудың еңбекке құрметпен қарайтын қасиетті мекен екенінің айғағы. «Күміс жас» жобасы арқылы қаншама білікті азамат қоғамнан өз орнын тауып, ел игілігіне қызмет етуде.













