Кентауда жұмыссыздықпен күрес жүйелі түрде жүргізілуде

Кентау қаласында еңбек нарығын дамыту және жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы шаралар «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында жүзеге асуда.
Аталған тұжырымдамаға сәйкес, 2024 жылы Кентау қаласында 6186 жұмыссыз азаматты жұмыспен қамту жоспары бекітілген. Жыл басынан бері Кентау қалалық мансап орталығының үйлестіруімен 8 ай ішінде 4378 жұмыссыз азамат уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 1327 адам жолданды
Жоспар бойынша 1585 азаматты субсидияланатын жұмыс орындарына тарту көзделген болса, нақты 1327 адам түрлі бағыттар бойынша жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде:
-
Қоғамдық жұмыс орындарына 697 азаматты жолдау жоспарланып, 792 адам жұмысқа жіберілді. Бұл жоспардың артығымен орындалғанын көрсетеді.
-
Алғашқы жұмыс орындарына 20 жас маман жолданды.
-
Жастар практикасына 474 адамды тарту жоспарланып, бүгінге дейін 251 жас жұмыспен қамтылды.
-
Әлеуметтік жұмыс орындарына 217 адамды жіберу көзделген, оның ішінде 193 азамат жұмысқа орналастырылды.
-
«Күміс жас» жобасы аясында 128 азаматты қамту көзделіп, 71 зейнеталды жастағы адам уақытша жұмыспен қамтылды.
Кәсіпкерлікке бет бұрғандар қолдаусыз қалмайды
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «Бастау-Бизнес» жобасы аясында 160 азамат кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Сонымен қатар, мемлекет тарапынан берілетін гранттарды иелену үшін екі кезеңнен тұратын байқау ұйымдастырылып, нәтижесінде 89 азаматтың бизнес-жобасы арнайы комиссия шешімімен мақұлданды.
Тұрақты жұмысқа орналастыруда да ілгерілеу бар
2024 жылы 2000-нан астам азаматты тұрақты жұмыс орындарына орналастыру жоспары бекітілсе, бүгінгі таңда 1057 адам тұрақты жұмысқа тұрды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға – 100 жаңа жұмыс орны» қағидасына сәйкес, Кентау қаласында жеке бастамалар аясында 1270 жаңа жұмыс орны құрылды.
Әлеуметтік осал топтарға да ерекше назар аударылуда
Түркістан облысы әкімдігінің қаулысы негізінде мүгедектігі бар азаматтар үшін 15 квоталық жұмыс орны бөлініп, бүгінгі күні 8 азамат жұмысқа орналастырылды. Жалпы, жыл басынан бері 190 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына тартылды.
Сондай-ақ, пробация есебінде тұрған азаматтарға арналған 7 жұмыс орнының 4-іне азаматтар орналасып, қосымша 13 адам тұрақты жұмысқа, 1 адам мемлекеттік грантқа ие болды, ал 4 адам қоғамдық жұмысқа тартылды.
Қорытындылай келе, Кентау қаласында еңбек нарығын дамыту және халықты жұмыспен қамту бағытындағы шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Қала тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер мен жұмыс көздерін ашу жұмыстары алдағы уақытта да қарқынды жалғасатын болады.













