
Қазақ халқы ежелден қыз баланың тәрбиесіне қатты мән берген. «Қызға қырық үйден тыйым», «Ұлтыңды тәрбиелеймін десең, ұлыңа, халқыңды тәрбиелеймін десең, қызыңа тәлім бер» деген сөз бекер айтылмаған. Бұл сөздің астарында үлкен мәселе жатыр. Өйткені қыз – болашақ ұрпақтың анасы.
Бала тәрбиесi – игiлiктi iс. Халықта «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтылмаған. Бүгінгі ұл – ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Бүгінгі қыз – ертеңгі ана, ол шешеге қарап өсіп, бой түзейді. Балаға білім, тәрбие беруде басты тұлға ұстаз болса, оны жалғастырушы, демеуші – ата – ана және қоғам. Осы ұстанымды берік ұстанған сайрамдық ұстаздар Е.Сарманов атындағы Гуманитарлық Агроэкономикалық колледжінде «Бүгінгі ана – кешегі бойжеткен қыз – ертеңгі асыл әже» тақырыбында кездесу өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты –келеңсіз жағдайлардың алдын алу, қыз балалар арасында кездесетін ерте жүктіліктің денсаулыққа және болашаққа тигізер зияны туралы түсіндіру, сондай-ақ қыз бала тәрбиесіне ерекше назар аудару болды.
Кездесу барысында мамандар мен ұстаздар тарапынан қыз балаларға тәрбиелік мәні зор ақыл-кеңестер беріліп, олардың қоғамдағы орны мен болашағына қатысты маңызды мәселелер талқыланды. Зорлық-зомбылықтың алдын алу, қажет жағдайда әр азаматша өз құқығын білуі туралы да нәзік жандыларға түсіндірілді.
Шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, студенттер өз ойларын ортаға салып, пікір алмасты.
Аталған іс-шара қыз балалардың бойында жауапкершілік сезімін арттыруға, дұрыс өмірлік ұстаным қалыптастыруға және олардың болашағына оң ықпал етуге бағытталды.
Айта кетейік, Сайрам ауданы «Отбасын қолдау орталығы» аталған бағытта кездесулерді жиі өткізіп, студенттер арасында тұрақты түсіндірме жұмыстарын жүргізуде.












