САЙРАМ: «БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ АТА-АНА РӨЛІ: ТҮСІНІСТІК ПЕН ҚОЛДАУ» КЕЗДЕСУІ ӨТТІ

0
22

Мемлекеттің тірегі, ұлт болашағы – отбасы. Отбасындағы әлеуметтік-психологиялық ахуал, сыйластық, өзара түсіністік – ана мен баланың, әке мен ананың арасындағы сау қарым-қатынас – мемлекеттік отбасылық саясаттың жемісі болып есептеледі.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Ұлт болашағы ұрпақ тәрбиесінен басталады» деген сөзін негізге ала отырып, мемлекет үшін әр отбасының үлкен маңызға ие екенін айта аламыз.

Отбасының құндылығын арттыру, ұрпақтар сабақтастығын үзбеу, ата-ана мен бала арасындағы өзара сыйластықты насихаттау – тұтас еліміздің, түрлі ұйымдардың, мемлекеттік органдардың тікелей міндеті болып табылады. Бұл бағытта Сайрам ауданының «Отбасы қолдау орталығы» жемісті еңбек етіп келеді.

Мамандар Манкент ауылындағы  А.Яссауи атындағы орта мектебінің жоғарғы сынып оқушылары және олардың ата-аналарымен отбасындағы құндылықтарды насихаттауға бағытталған «Бала тәрбиесінде ата-ананың рөлі: түсіністік пен қолдау» атты кездесу өткізіп, ата-аналар мен балалар арасына көпір орната білді. .

Кездесу барысында мамандар, ата-ананың басты міндеті – балаға жақсы тәрбие беру ғана емес, оны жақсы көріп, әрқашан жанында болып, баланы қолдау керектігін түсіндірді.

«Бүгінгі бала – ертеңгі ел болашағы. Ал саналы ұрпақ тәрбиелеу – әрбір ата-ананың қасиетті борышы және балаға қолдау көрсету – тек мақтау емес, ол баланың арманына, қызығушылығына, сезіміне құрметпен қарау. Қолдау көрген бала қиындықтарға төтеп беруді үйренеді, өз күшіне сенеді.  Сонымен қатар, бала өз ата-анасын құрметтеп, оларды өмірлік үлгі тұтса, ол тәрбиелі, жауапты, ізетті азамат болып өседі». Ал ата-ана өз беделін сақтау үшін баламен ашық, сыйластыққа толы қарым-қатынас орнатуы қажеттілігі айтылды.

Атап өтейік, «Отбасы қолдау орталығының» мамандары аудандағы әр мектептің оқушылары, ата-аналары, ұстаздарымен жекелей кездесу өткізіп, апта сайын түсіндірме жұмыстарын жүйелі жүргізуде.

Leave a reply