ТҮРКІСТАН: ЗЕРТТЕУШІСІН КҮТІП ЖАТҚАН ҚАЙРАТКЕР

0
38

ХVІІ-ХVІІІ ғасырларда қазақтан талай-талай аузы дуалы ақылман билер шыққан. Олар елдің ел болып қалыптасуы үшін мемлекеттің рухани-идеологиялық саясатын жүзеге асырды. Сондай тұлғалардың бірі – хан кеңесінде төрелік айтқан аузы дуалы тұлға, ерен дипломат Әлібек би еді. Қазақ тарихшылары Әлібек бидің ғұмырына байланысты бір тоқтамға келе қойған жоқ. Оның туып-өскен жері, туған, қаза болған жылдары туралы нақты жазба мәліметтердің болмауы себепті ауызша тарихнаманың жетегінде келеміз.
Қарадан шығып-ақ елге сөзін өткізген әулеттердің бірі – Құдайберді ұрпақтары. Бұл әулеттің тектілік тамыры тым әріден басталады, үзілмей жалғасқан желісі бар. Құдайберді би – Әлібек би – Төле би – Жолан батыр – Шойбек би – Момынбек датқа – Қасымбек болыс, тағы басқа болып өріле береді.
Бұл текті әулетті танып-білу үшін оның түбіне тереңірек үңілуіміз керек. Қазақтың Дулат ұлысының Жаныс руынан өрбіп шығатын атақты Құдайберді би Еңсегей бойлы ер Есім ханның жолдасы, сырласы болды. Оның сарбаздарының сапында жауға жасындай тиді. «Қожамберді Ұлы жүзге би еді. Ол өлген соң орнына Құдайберді деген баласы би болды. Оның тоғыз ұлы бар еді. Құдайберді өлген соң оның орнына баласы Әлібек би болды. Ол кезде Есім ханның баласы Салқам Жәңгір еді» деп жазады шежіреші Зайыр Сәдібеков өзінің «Қазақ шежіресі» деген Ташкентте баспадан шыққан кітабында.
«Құдайбердінің тоғыз ұлы атқа мінгенде бір қосын әскер еді» деген сөздің мәнісі де тереңде. Оның Түгелбай, Данай атты ұлдары мен Сарыбатыр есімді немересі де Есім хан мен Жәңгір ханның қалмақтар мен қатағандарға қарсы жорықтарының сапында болып, ерен ерлік көрсеткен. Қатаған қырғынындағы жаужүректігі үшін Есім хан Түгелбай батырға қатағанның қызын атастырған екен. Бұрынғы аталарымыз төрелермен құдандалығымыз бар, олардан кейін біз сөйлейміз деп арқаланып отыратын. Жаныстардың жауға шапқанда «Арқарлап» ұрандайтыны да бекер емес.
Құдайберді ұлдарының ішінде әке жолын ұстағаны кенже ұлы Әлібек болды. Ол, ақындар айтқандай, жұлдыздай ағады, жай отындай қақ жарады. Айтпайды, айтса қайтпайды, орынсыз іске кіріспейді. Оның қаруы – шындық, азаматтық. Әлібек Жәңгір ханның кеңесшісі, ақылгөйі еді. Профессор Сәрсенбі Дәуітовтің жазбасы бойынша Әлібек Тәуке ханның тұсында ордадағы белді би, батагөй ақсақалдардың бірі болған.
Тарихи мәліметтерге ден қойсақ, Абылай ханның Ташкенттегі билігі кезінде Әлібек бидің оның жанынан табылып отырғанын аңлауға болады.
Ташкентте өзін-өзі билеу дәстүрі бар. Хандар қашан да жергілікті қала дахаларын (бөліктерін) басқаратын би, бектер, қазылармен кеңесіп отыратын. Сыртқы қатынастарда қазақтардың рөлі зор болатын. Сырт елдермен сауда жүргізу, елшіліктер алмасу мәселесінде Салқам Жәңгір мен Тәуке хандардың кезінде Әлібек би көптеген мәселелердің оң шешілуіне ықпал еткен. Оны мынадай мағлұматтан аңлаймыз: «Субанхули ханның 1678 жылы өзінің елшісі Көшекей биді Ташкентке Тәуке ханға жібергені баяндалады. Осында сарабдал саясат ұстанып, Көшекеймен келісім жасаудың ортасында Әлібек би болған».
Әлібек би есімі тарихымыздың ескерілмей, қалтарыста елеусіз жатқан беттерінің бірі десек болады. Кейбір халықтық жырларда аракідік аты аталғанымен, күні бүгінге дейін бұл дана бабамыз жөнінде жазылған бірде-бір зерттеу еңбектің болмауы өкінішті-ақ. Елім деп еңіреп, туған жерім деп аласұрған, ақылдың кеніндей аяулы Әлібек бабаның қай жерде, қай жылы туғаны жөнінде әзірше хатталған дерек жоқ. Бірақ, бізге жеткен жырлар мен ауызша тарихтың сүрлеуіне түсіп салыстыра зерделегенде оның шамамен 1624 жылы Жетісу өңірінде дүниеге келіп, ХVІІ ғасырдың соңында дүниеден озғаны мәлім болады. Ат жалын тартып мінгеннен, қолы қорамсақтан кетпеген, аузынан шыққан сөзі бірден ел жүрегіне жол тартқан Әлібектей әулиені танып білмей, жұртшылыққа таныта алмай жүргеніміз өкінішті. Әлібек заманында Жәңгір, Тәуке, Абылай, Әбілқайыр хандармен бірге «Жеті жарғыны» жазысқан, Мұхаммед, Жайман, Мүсірәлі сияқты тарландардың қатарында ел тізгінін ұстаған. Әлібек би туралы қолға түскен жазба деректер жұтаң десек болады. Оның себебі би ғұмырбаянына байланысты зерттеулер бүгінге дейін толыққанды қолға алынған емес. Екіншіден, би өміріне, оның қызметіне терең бойлау үшін, әсіресе, Ташкент, Қоқан, Бішкек, Орынбор, Мәскеу мұрағаттары мен кітапханаларындағы сирек қолжазбаларға үңілу керек. Ал, онда сақталған том-том құндылықтардың негізгі бөлігі араб, парсы, шағатай, көне славян әріптерімен хатталған. Кез келген адамның оны оқуы, түсініп, аударма жасауы екіталай. Тілді білген күнде де апталап, айлап мұрағаттың көнерген қағаздарын аударыстырып, көз майын тауысып отыруға әркімнің ерік-жігері жете бермейтіні тағы бар.
Әлібек бидің күрес жолының алғашқы кезеңі әз Тәукемен бірлесе дала демократиясының орнығуына бел шеше атсалысуында болатын. «Жеті жарғы» ережесін қалыптастыруға белсене атсалысқан Әлібек би қазақтың үш ордасы да танып, мойындаған тұлға ретінде танылды. Мәселе осы жолдағы Әлібек қайрат етіп атсалысқан шындықты ғылыми негізде танып-біліп, оны жас ұрпаққа ұлттық тәрбие негізінде үлгі-өнеге ретінде ұсынып, санасына сіңіріп, ұлттық мақтанышқа айналдыру – басты парызымызға айналса, ғанибет болар еді.
Тарих ғылымдарының докторы, марқұм Манаш Қозыбаев ағамыз жазғандай, Әлібек бидің «қарашоғыр» емес текті әулеттен, қазақ мемлекетінің нығаюы мен ұлт тұтастығының сақталуына ерекше үлес қосқан билер әулетінен шыққанын халықтың ауызша тарихнамасы арқылы танып білеміз. Оған тереңірек ой жіберсек – елінің қол бастаған батыры, сөз бастаған шешені, ақылгөй данасы, көреген көсемі болғанын танимыз.
Әлібек би – ең алдымен саяси тұлға. ХVІІ ғасырдың екінші жартысындағы аласапыран оқиғалар, әсіресе, жоңғарларға қарсы күрес, қазақтың ұлт ретінде жойылып кету қаупімен бетпе-бет келуі елдің ішкі саяси бірлігін, тұтастығын талап етті. Көршілермен арақатынасты, басқа да толып жатқан түрлі мәселелерді жылдам және әділ шешіп отыру – бұл ел басқарушы топқа үлкен сын еді. Осындай ауыр жағдайда ел басқару, оның күнделікті тіршілігін ұйымдастыру ісінде билер институты мен батырлар қызметі өздерінің өміршеңдігін анық байқатты. Осынау тар заманда Әлібек би Жәңгір мен әз Тәуке хандарға серік болып, билер институтының қалыптасуына өзгелермен бірге ерекше үлес қосты. Билер институтының ең үлкен маңызды жұмысы – «Жеті жарғыны» өмірге әкелуі болды. Міне, осынау заңдар жинағын алғаш рет түзгендер қатарында Әлібек би, Қатаған Жайма би, Құрама Мұхаммед би, Керейіт қожа Мүсірәлі пір қостаған заманынан озып туған тұлғалар болды.
Бізге жеткен деректер бойынша айналасы Әлібек бимен әрқашан кеңесіп отырған. Әлібектің ұлт руханиятында алатын орны ерекше. Даналығымен, алыстан болжайтын көрегендігімен, қара қылды қақ жарған әділдігімен, биік парасат-пайымымен үш орда ғана емес, өзбек, қырғыз, қарақалпаққа да қадірлі болды.
Есім хан Шығыс Түркістанның біраз жеріне иелік еткен Әбдірақым ханның қызы Айғанымды алған. Жәңгір хан осы Айғанымнан туған. Сол себепті де Жәңгір балаларын нағашы жұртына жиі жіберіп тұрған. Жәңгір хан Шығыс Түркістан әкімдерімен жақсы қарым-қатынаста болған. Шығыс Түркістанда хан болған Абдоллаға Жәңгірдің балалары – Абақ пен Тәуке қонаққа келіп-кетіп жүреді. Сондай-ақ, Абдолланың баласы Жолбарыс Жәңгірдің қызына үйленеді. Міне, сол кездерде Әлібек би Абақ пен Тәукенің жанынан табылып отырған. 1670 жылы Қарғалы маңындағы жоңғарлармен соғыста Әлібек би Жолбарыс пен Исмаил ханға бағыт-бағдар беріп, кеңесшілік қызмет атқарған. Әкесі мен өзге де аузы дуалы билердің тәрбие-тәлімін көріп өскен Тәуке өзі хан болып сайланған соң ең алдымен ел қорғанын күшейтуге, халық ынтымағын нығайтуға ерекше күш салған. Тәукені сол заманда қалың ел «Әз» деп атаған. Бұл «Әзиз» – әулие, әділ, ақиқатшыл деген мағынада айтылған. Қазақта «Әз» деген атақ Жәнібек, Тәуке хандарға және Төле биге ғана берілген. Бидің тағы бір тағлымды ісі әз Тәукемен бірлесіп елге: «Көшетін жеріңді белгіле» деді. «Малыңды араластырып алып жанжал туғыза бермес үшін оны таңбала» деді. Жыл сайын күзде бас қосып, Құрылтай өткізу де хан мен билердің үлгі тұтарлық игі істерінің сүбелісі. Қазақтың «Жеті жарғысының» негізі Мәртөбеде (Нартөбе) алғаш ауызға алынып, қайнар бұлақтың көзі осында ашылуында да Әлібек бидің үлесі болуы мүмкін.
Әлібек ғұмырында сан түрлі ардақты тұлғалармен қатар жүрді. Есім хан, Жәңгір хан, Тәуке хан, Әбілқайыр хан, Қайып хан, Иман хан, Ғанишер Абылай сұлтан, тағы басқа да көптеген батырларды көзі көрді, сырлас болды.
Жаhангер мен Тәуке ханның беделінің биіктеп, ықпалының пәрменді болуына хандықтарының қуаттанып, нығаюына көрегендігімен, даналығымен, абыздығымен Әлібек би ересен еңбек сіңірді. Әлібек бабамыздың есімі мен ерлігі тарих қатпарларынан толық аршылып алынды деуге әлі ерте.
Мұхитхан МИРАЗОВ,
«Алтын Орда-Капитал» қоғамдық қорының атқарушы директоры,
тарихшы-этнолог.

Leave a reply