КЕНТАУ: 25 ЖЫЛДЫҚ БЕЙНЕТТІҢ ЗЕЙНЕТІН КӨРУДЕ

0
20

Божакаева Мария Шәкірқызы 1947 жылғы 8 тамызда Кентау қаласында дүниеге келген. Ыбырай Алтынсарин атындағы мектепті бітіргеннен соң, Мария Шәкірқызы азық-түлікпен қамтамасыз ету дүкенінде 6 ай істеп, кейіннен Кентау экскаватор зауытына оператор қызметіне ауысады. Зауытта экскаватор бөлшектерін балқытатын цехтарға мазут беретін насосты станоктың қысымын бақылаған. Бір мекемеде 25 жыл бойы қызмет еткен Мария апай сол жерден құрметті демалысқа шығып, бейнетінің зейнетін көруде. Қазіргі таңда 2 қыз, 2 ұлдан 11 немере, 2 шөбере сүйіп отыр.
Әкесі Қарақұлов Шәкір де бір мекемеде яғни, Өрт сөндіру бөлімінде 40 жылдан аса қызмет етіп, кейіннен кен байыту фабрикасына ауысып, зейнеткерлікке шыққан. Ал анасы Уәлиханқызы Қатира соғыс уақытында жас болса да үлкен кісілермен бірдей мөлшерде мақта теріп, еңбек еткен.
Мария Шәкірқызы зауыттағы ерен еңбегінің арқасында бірнеше рет алғыс хатпен және ақшалай сыйлықтармен марапатталып, «Құрмет» тақтасына ілінген. Жұмысқа қойылған қатаң тәртіптің арқасында жақсы нәтижелерге жетіп, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласа бастаған. Қазіргі таңда Соғыс ардагерлері хорының белсенді мүшесі.
“Біздің кезімізде тәртіп қатал еді. Жұмыстан 1-2 минут кешігу деген болмайтын. Кешіксек премиямызды кесіп, жиналысқа салатын. Сыйақы үшін талаптанып, тырысатынбыз. Ал «Ардагерлер хорына» Зоя Сергеевна Хитрик басқарған кезде келіп, хормен ән айта бастадым. Бұрынғы кезде хорда 35-40 адамдай болатын, ал қазір 27 адам бар. Ең үлкеніміз қазір сексеннен асқан. Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында аптасына 2 рет дайындыққа барып, ән айтып, қаламызға кішкентай да болса өзүлесімізді қосып жүрген жайымыз бар”,-дейді Мария апай.
Ардагерлер хоры Кентау қаласында және оған қарасты ауылдарға барып, өз концерттерін қойып, мерекелерде ән айтып, өз үлестерін қосуда. Жуырда Ащысай ауылына барып, концерт өткізуді де жоспарлап отыр. Ардагерлер хорының ішінен құрылған «Асыл ана» ұлттық хоры өткен жылы Шымкенттегі Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда өткен облыстық байқауға қатысып, І-орынды иеленіп, қала мәртебесін бір асқақтатқан болатын.
Мария Шәкірқызы Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалімен, «За помощь и поддержку ветеранскому движению» төсбелгісімен және қала әкімі мен мәслихат хатшысының Алғыс хаттарымен марапатталған. Міне осындай өз жұмысына махаббатпен қарап, сүйіспеншілікпен адал еңбек еткен алдынғы буын өкілдерін көріп қызығатынымыз жалған емес. Десекте, қазіргі таңда осындай өз жұмысына деген адалдықты жалау еткен қызметкерлер де жоқ дей алмаймыз. Ендіше, «адалдық» деген сөздің тек адамға ғана емес, қызметке де керектігі туралы оқи отырыңыз. Сонымен… 1.«Адал азамат» ұғымын қалай түсінесіз? 2. «Әр азамат жұмысын адал және әділетті атқарса, қоғамда жемқорлық орын алмайды» деген пікірмен келісесіз бе? 3. Сіз қарамағыңыздағы жұмысшыларыңызға қаншалықты құрметпен қарайсыз? 4. Сіз өз қызметкерлеріңіз үшін не істей алдыңыз?
–Адалдық ұғымының мағынасы кең. Адал жұмыс істеу адамның өзіне тікелей байланысты. Адалдық шындық ұғымымен астасып жатыр. Адам болғасын мінез де әртүрлі. Рас, адам мінезді болуы керек. Негізі көркем мінез ғана адамның парасаттылығын айқындайды. Өзімшілдік – адамды бұзатын пиғыл. «Менікі ғана дұрыс» деп, өктем пиғылдық мінез көрсеткен басшының әрекеті жақсылыққа апармайды. Қоғаммен санасу керек. Санасқан басшы ғана саналы, шешімі дұрыс әрекетке барады. Көптің пікірін, қоғамның талқысы мен көзқарасын да ескеріп отыру керек. Сонда ғана адалдық, әділдік, әділеттілік салтанат құрады. Отбасы – шағын мемлекет дейміз. Мекеме, ұжым да сондай. Мұнда әртүрлі мінез, кереғар пікір де кездесіп жатады. Бірақ талап ортақ: бірлік бар жерде тірлік бар. Ортақ жұмыс пен түсіністік қана нәтижеге қол жеткізеді. «Ең әуелі өз-өзіңе адал бол.Өзіңді өзгерте алмасаң, ешқашан қоғамға әсер ете алмайсың. Ұлы бітімгердің бәрі білікті, адал, сыпайы адамдар болған», деген екен Нельсон Мандела. Дұрыс сөз. Бірақ өмір болғасын адам баласы­ның бойынан адалдыққа тән емес әрекеттер де байқалып жатады. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ жұмысын кәсіби тұрғыдан істеген адал азаматтың жүзі жарқын, көңілі шат болады. Ол дәлелдеуді қажет етпейтін аксиома. Адал өмір сүрген өзіңе де жақсы. Мұны әркім түсіне білге тиіс.
2. Жалпы менің жұмысым, яғни бар кәсібім бір көшенің бойында орналасқан. Сондықтан ең алдымен көшенің тазалығына көп көңіл бөлемін. Таң атқаннан көлігіме тіркемемді тіркеп алып, қоқыс немесе қағаз қалдықтары жатса, ерінбей бастан-аяқ өзім жинап шығамын. Мұндағы айтпағым не? Тазалық алдымен адамның өзінен басталуға тиіс. Қызметкер де, жұмысшы да басшыға қарап өседі. Мекеменің жетекшісі адал азамат болса, қарамағындағылар да соған қарап бой түзейді. Әр азамат жұмысын адал және әділетті атқарса, қоғамда жемқорлық орын алмайды. Қазақ «дәніккеннен құныққан жаман» деп бекер айтпаған. Бір рет жемқорлыққа жол берген адам «ішсем, жесем, алсам» деп құныға түседі. Сөйтіп, айналасындағы адамдарды бұзады. Жемқорлық деген – жегі құрт. Адам пара алмаса немесе бермесе сонда ғана қоғамда әділеттілік орнайды. Таза жүрген адамның соңынан сөз ермейді. Өйткені оның жан дүниесі таза. Ал жемқорлық жайлаған қоғам дамымайды, ілгері баспайды. Мемлекеттік қызметте де солай. Мәселені телефон немесе тамыр-таныс арқылы шешудің аяғы жақ­сылыққа апармайды. Испан жазушысы Сервантестің «Қызмет, лауазым адамгершілікті жиі өзгертеді» деген сөзі бар. Ал Алаш қайраткері Әлихан Бөкей­хан «Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» дейді. Мәңгілік ешнәрсе жоқ. Қызмет – қолдың кірі. Лауазым да уақытша. Халықпен қарапайым, мәдениетті сөйлескеннен шенеунік еш ұтылмайды. Қайта абыройы артады. Сондықтан қай жерде, қай қызметте жүрсе де, адамның адал болғаны жақсы. Кәсібі бар адамға қазір мемлекет қамқорлық жасап жатыр. Оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ әкімшіліктегі кейбір шолақбелсенділер бизнестің өркендеуіне кедергі жасайды. Ондайлар бар. Ақша алғысы келеді. Пара алумен, пара берумен түйін шешілмейді. Біз негізі парасыз қоғам құрып, әділетті мемлекет орнатуымыз қажет. Әкімдер күнбе-күн аймақты аралап, халықтың мұң-мұқтажын біліп, оны жедел шешуге тырысуы қажет. Шындықты айтқаннан қоғам кері кетпейді, керісінше, алға дамиды. Бұл – «Әділетті Қазақстан» құрудың алғышартының бірі. Демек, қоғамда адал азаматтың көп болғаны тиімді. Сонда ғана ұтамыз, ел дамиды, әділеттілік орнайды. Заң үстемдік құрады. Ақиқаты, әділеттілік дегеніміз сол – заңның үстем болуы. Қарапайым тілмен айтқанда, ел заңға бағынуы керек. Хан да, қара да…
3. Жалпы басшының қарамағындағы қызметкерлеріне құрметпен қарағаны абзал. Қазіргі нарық креативті ойлауды, мықты, шебер менеджер болуды қажет етеді. Сонда ғана ортақ түсіністік орнайды. Негізі жұмысқа адалдық болған жерде ешкімге қиянат жасалынбайды. Өзім де қарамағымдағы қызметкерлерге және серіктес мекемелерге құрметпен қараймын. Ал адалдық болған жерде өзара сенім қалыптасады. Бір ғана мысал, өткенде шаруашы­лықтағы электрикке мотоцикл алып бердім. Жарық сөніп қалса, жаяу немесе велосипедпен аралайды. Уақыты кетеді. Енді алғысын айтып, ризашылығын білдіріп жатыр. Шамам келгенше жұмысшыларымның жағдайын жасауға тырысамын. Тіпті менің қарамағымда істеп үйреніп, тәжірибе жинап, ары қарай өз кәсібін бастап кеткендер де көп. Оларға әрқашан сәттілік тілеймін. Қазақ баласының дәулетті тұрғаны жақсы. Бірақ олардың тірлігінің көркеюіне ешкім кедергі жасамауға тиіс.
4. Несін жасырамыз, қазір жұ­мыссыз жүргендер баршылық. Алдыма келгендерге ақыл-кеңесімді айтып отырамын. Қолғабысымды беремін. Қарамағымда жұмыс істейтін 7-8 отбасы бар. Бәріне жатын орын салып бергенмін. Тек жарық, коммуналдық қызметтің ғана ақысын төлейді. Қашан үй немесе жер алып өздері баспана салғанша осы жерде тұрады. Бәрі тегін. Жатақ орны мен жұмысы жанында. Бұдан артық адам баласына қандай қамқорлық керек?! Адал азамат қалай қалыптасады?! Алдымен – отбасыдан. Бәрі де жас­тайынан берілген тәрбиеге байланыс-ты. Классик жазушы Мұхтар Әуезов «тәрбие көзі – талбесіктен» деп бекер айтпаған. Атақты ойшыл Әбу Насыр әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген. Рас, баланы орта да тәрбиелейді. Десек те, әр адам адалдықты өзінен бастауға тиіс. Елді осыған баулу қажет. Адалдық, әділеттілік, рухани тұрғыдан баю мұның бәрі ұлттық идеологияның жемісіне айналғаны дұрыс. Сонда ғана біз қоғамда адал азамат идеясын қалыптастыра аламыз. Негізінде мемлекет басшысының адал азамат пен «Әділетті Қазақстан» құру идеясының түп негізі бір. Біз осыны терең түсінуіміз керек.
Жадыра ТӨЛЕБАЕВА

Leave a reply