Кентауда кеншілер еңбегі бағаланды
Металлургтер күніне орай, Кентау қаласындағы Абай даңғылындағы «Кеншілер» ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. «Кеншілер» ескерткіші қосымша тағы бір тақтайшамен толықты. Іс-шараға Кентау қаласының әкімі Ж.Тасов, Кентау қалалық мәслихатының төрағасы Қ.Елеусізов, Кентау қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары М.Юлдашев, «Ащысайтүстіметалл» комбинаты ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Аққұлов мырзалар және зиялы қауым өкілдері қатысты.
Қаланың бірқатар мекеме басшылары да ескерткішке гүл шоқтарын қойып, еңбек ерлеріне тағзым етті. Осы күні кезінде әлемдік рекорд жасап, Кентаудың даңқын аспандатқан еңбек ерлеріне мемориалды тақтайша қойылды. Мерекелік іс шара әрі қарай «Таңшолпан» мейрамханасында кеншілерге және еңбек ардагерлеріне арнайы жайылған дастарқанға ұласты. Мерекелік дастарқан басында еңбек ардагерлерінің кеудесіне Кентау қаласының әкімі мен мәслихат төрағасы «Құрметті кенші», I, III дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілері мен «Еңбек ардагері» медальдерін тағып, Түркістан облыстық мәслихатының Алғыс хатымен, Кентау қалалық мәслихат төрағасының арнайы «Алғыс хатымен» марапаттады.
Жиында ардагер кеншілер жұртшылықты айтулы мерекемен құттықтап, естеліктер айтып, жиналған көпке ғибратты сөздерін арнады. Салтанатты шарада Шәмші Қалдаяқов атындағы Мәдениет сарайының өнерпаздары ән мен жырдан шашу шашты.
– Құрметті кентаулықтар, ардақты ардагерлер баршаңызды мерекемен құттықтаймын. Иә, бүгін осында қаланың іргетасын өз қолымен қалаған ардақты ардагерлеріміз отыр. Бүгінгі жайнаған, өсіп-өркендеген шаһарымыздың жарқын келбетіне сіздердің ерен, еселі еңбектеріңіздің арқасында жетіп отырмыз. Сіздер ғибратты да берекелі еңбек жолымен, биік тұлғаларыңызбен жас ұрпаққа үлгісіздер. Сондықтан да бүгінгі ұрпақ аға буын ардагерлердің еңбегіне бас иіп, тағзым етеміз. Құрметтейміз! Мереке құтты болсын, баршаңызға! – деді, өз құттықтауында қала әкімі Жандос Тасов.
Мерекелік іс-шарадан кейін салтанатты ұйымдастырушылармен һәм ардагерлермен аз-кем тілдесіп, пікірлескен едік.
Жолшыбек Аққұлов,комбинаттың ардагерлер кеңесінің төрағасы:
– Кентаудың тарихын «Ащысайтүстіметалл» комбинатының тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Кентаудың бағын жандырып, бақытын тасытқан осы өндіріс орны еді. Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда азаматтардың барлығы ел қорғауға аттанып, комбинаттың жұмысын жүргізу, жоспарды орындау өте қиынға соқты. Сол уақытта Тәттігүл Досжанова апамыз елді бастап, үндеу жариялап, 500-дей адам комбинатқа жұмысқа келген екен. Оның 400-і әйел, 100-і кәмелетке толмаған жеткіншектер еді. Нәтижесінде көп кешікпей комбинат аяғынан тік тұрды. Жауға қарсы атылған әрбір 10 оқтың 7-еуі «Ащысайтүстіметалл» комбинатының қорғасынынан құйылып жатты. Оны тарихтан білесіздер. Міне, мына жерде ескерткіші тұрған Тәттігүл апамызға сол үшін Еңбек Ері атағы берілген еді. «Ащысайтүстіметалл» комбинатынан 7 Социалистік Еңбек Ері, 12 Лениндік сыйлықтың лауреаты, 5 КСРО, 11 Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты шықты. Олардың барлығына міне осы алаңқайда ескерткіш және мемориалды тақта орнатылған. Осы қатарға бүгін тағы да бір мемориалды тақта қосылды. 1984 жылы «Ащысайтүстіметалл» комбинатының бір топ инженерлері тау-кен қысымын өлшейтін құрылғы ойлап тауып оны өндіріске енгізді. Осылайша біздің кеншілер кен қазбасынан шапшаң кен өндіру бойынша дүниежүзілік рекорд жасаған болатын. Содан бері бұл рекордты әлі күнге ешқандай кен орны жаңарта алған жоқ. Шапшаң бұрғылаудан жасалған рекорд Одақтық, тіпті әлемдік деңгейдегі ірі жаңалық болды. Оларға Қазақстан Ленин комсомолының ғылым және техника саласындағы сыйлығы берілген болатын. Кенші-металлургтердің сол жетістіктері кейінгі ұрпаққа өнеге болып қалу керек. Міне, сол айтулы оқиғаға биыл – 40 жыл. Кентау жылу энерго орталығы (ЖЭО) мен Кентау–Түркістан арасын жалғаған теміржолға да биыл 90 жыл толып отыр. Жалпы, металлургтер күні кентаулықтар үшін ерекше мереке. Себебі, бұл аз ғана топтың не белгілі бір кәсіп иелерінің ғана мерекесі емес, бұл тағдыр-тарихы кен орнымен қатар өрілген тұтас қаланың төл мерекесі. Бұл мерекені атап өту дәстүрге айналған. Тек былтыр ғана мереке елеусіздеу өтті. Өйткені, дәл сол күндері Абай облысын қалың өрт шалып, онда қыршын жастарымыздың өмірі қиылып, аза тұтып жатқан кезге тұспа тұс келген еді. Биыл міне, біздің ұйым біраз жыл бұрын «Ащысайтүстіметалдан» енші алып шыққан, ізашар ретінде жұмыс істеп тұрған «Эластополимет» ЖШС кәсіподақ ұйымы, қалалық ардагерлер ұйымымен бірлесіп осы іс шараны өткізіп отырмыз. Кәсіби мерекеге орай 50-ге жуық азамат марапатталды, оның ішінде 5-еуі бүгінгі жас металлургтер болса, қалғандары комбинаттың, Кентау ЖЭО-ның еңбек ардагерлері. Осы шараны ұйымдастыруда ұсынысымызды қолдаған қала әкімдігіне, мәслихатқа барша ардагерлер атынан алғысымды білдіремін.
Рашида Асанбекова, еңбек ардагері:
– Мен «Ащысайтүстіметалл» комбинатының еңбекті ұйымдастыру бөлімінде инженері, жолдасым Мұрат Асанбеков ғылыми-зерттеу өндірістік базасының бас инженері болып қызмет атқардық. Біз жоғарыда айтылған шапшаң кен өндіру бойынша жаңа рекордтың жасалуына жол ашқан өнертабысқа, сол жобаға қатысқанбыз. Біздің комбинат ол тұста Одақ көлемінде прогрессивті өндіріс орны еді. Шапшаң кен өндіру бойынша бізде үлкен мектеп қалыптасты. Бүкіл КСРО-ның түкпір-түкпірінен біздің «Шапшаң кен өндіру» мектебінен оқып-үйренуге, тәжірибе алуға мамандар келетін. Олар бізден көп нәрсе үйреніп қайтушы еді. Иә, «Ащысайтүстіметалл» комбинатының «кадрлар ұстаханасы» деп аталуы тегін емес-ті. Марқұм жолдасым талантты инженер-зерттеуші Мұрат Асанбековті Мәскеуге кеншілерге семинар өткізуге жиі шақыртатын. Бізді Моңғолияның кен орындарын игеруге де шақыртты, біраз жыл сонда жұмыс істеп келдік. Тек біз ғана емес, комбинаттан біраз инженер, маркшейдер, бұрғылаушы жігіттер Моңғолиядағы, Алжирдегі рудниктерді ашып, кен игеруді жолға қойып, төрт-бес жылдай жұмыс істеп келген еді. Мына бүгінгі іс-шара баршамызға мерекелік көңіл-күй сыйлап, мерейімізді тасытты. Еңбек адамына көрсетілген құрмет, өткендердің өнегелі өмір жолын жастарға үлгі ету мені қатты қуантты, толқытты, Рахмет баршаңызға!
Төрехан Дәулетбаев, комбинаттың бас маркшейдері, еңбек ардагері:
–Мен 1971 жылы Алматыдағы политехникалық институтты бітіріп, «Ащысайтүстіметалл» комбинатына учаскелік маркшейдер болып орналасып, еңбек жолымды бастадым. Содан сатылап комбинаттың бас инженер-маркшейдер қызметіне дейін көтерілдім. Комбинатымыз кезінде даңқы алысқа жайылған өндіріс орны болды. 1998 жылы комбинат жабылып қалғанша осында еңбек еттім. 90-жылдардың тоқырауында комбинат тоқтады, Кентау да біраз уақыт тозды,тоқырады. Көптеген әріптестер тарихи отандарына – Ресейге, Грекияға, Израильге көшіп кетті. Біз де Алматыға қоныс аудардық. Ол жақта да тау-кен саласы компанияларында жұмыс істедім, қазір зейнеткерлік демалыстамын. Әлгі бір әнде айтылғандай: «ауылдан қазақ көшкенмен, қазақтан ауыл көшпейді» деген жайт бізге арналғандай. Туып-өскен, жастық шағымыз, ғұмырымыздың сәулелі кезеңдері өткен туған Кентауымыз біз үшін қашан да ыстық. Бүгінгі мерекелік іс-шараға арнайы келіп отырмыз. «Құрметті кенші» медалімен марапаттап, сыйлап-құрметтеп жатыр. Әкімдікке, жалпы ұйымдастырушыларға рахмет айтамын. Сейітжан Қамбаров, еңбек ардагері, Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының иегері, Кентау қаласының құрметті азаматы: Иә, біздер көп жыл «Ащысайтүстіметалл» комбинатында жемісті еңбек еттік. Мен комбинаттың кен-байыту фабрикасында диірмен машинисі болып жұмысымды бастап, фабрика басшысына дейінгі еңбек жолынан өттім. Абыройлы болдық. Бүкіл саналы ғұмырымызды кен байыту саласына арнадық десем артық айтқандық емес. 1978 жылы бізге бірқатар әріптестермен бірге кен өндірудегі рекордты жаңартқанымыз үшін Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы берілді. Бұл бүкіл ұжымның қажырлы еңбегінің жемісі еді. Бүгін міне, Металлургтер күні қарсаңында кәсіби мерекемен құттықтап «Құрметті кенші» медалімен марапаттап, сыйлап, құрметтеп жатыр. Әкімдікке, жалпы ұйымдастырушыларға рахмет айтамын.
Сәрсенбек Қайдаров, еңбек ардагері:
– Мен 1968 жылы 17 жасымда комбинаттың теміржол тасымалы бөліміне жұмысқа кіріп, 1998 жылға дейін табан аудармай 30 жыл еңбек еттім. Кейін Шымкент теміржолы бөлімінде 15 жылдай қызмет атқардым. Бүгін міне, қала әкімі «Еңбек ардагері» төлбелгісін кеудемізге тағып, сөз беріп, қошеметтеп жатыр. Көп жылғы бейнетіміздің зейнетін көріп, кәсіби мерекемізде көңіліміз көтеріліп, марқайып қалдық. Бүгінгі мереке құтты болсын, Алла баршаңыздың мерейлеріңізді үстем етсін деймін.