Понедельник, 17 марта

ТҮРКІСТАН: ТАРИХИ МҰРАЛАР — ТАҒЫЛЫМ МЕН ТАНЫМ БАСТАУЫ

0
14

Бүгінгі мақаламызды Түркістан облысының тұрғындарының назарына тарихи мұраларды дәріптеу және қорғау тақырыбына арнамақпыз. Өңіріміздегі тарихы бай жерлерге барынша жауапкершілік таныту және қорғау — әрбір азаматтық ортақ парызы.

Тарихи-мә­дени құндылықтарды қорғау және ұқыпты пайдалануға қатысты мем­лекеттік реттеу мәселелері Қа­зақ­стан Республикасындағы ба­­сым­дық берілген міндеттердің бірі еке­ні анық. Материалдық мұра объек­тілерінің сақталуын, ғылыми және мәдени пайдаланылуын қамтама­сыз ету мемлекеттің өзіндік мәде­ни-ұлттық ерекшелі­гін дамытуға жағдай жасайды, қазіргі заманғы жаһандық және интеграциялық үдеріс жағдайын­да қоғамның тұ­рақты дамуын қамтамасыз етеді. Бүгінгі таңда тарихи, археоло­гия­лық, сәулеттік және мәдени ескерт­кіштердің қирауы мен мүлдем жойылып кету қаупі төніп тұрғандық­тан, бұл проблема одан сайын өзекті бола түсуде. Орын алып отыр­ған күр­делі экологиялық, ан­тропогендік факторлар қоршаған табиғи және мәдени ортаның жағ­дайына, оның маңызды құрамы болып табылатын тарихи және мәде­ни ескерткіштердің үгітіліп қирай түсуіне ықпал етуде. Сондай жағ­дайда тұрған ескерткіштерді анық­­­тау және зерттеу арнайы ар­хеоло­гиялық зерттеу әдістерін қол­да­нуды, әртүрлі ғылым мен білім жү­йелерін бір арнаға то­ғыстыратын жаңа бағдарламалар мен жобалар кешенін әзірлеуді талап етеді. Бар­лау-іздестіру жұ­мыстарына нано­тех­нологиялық және инновация­лық әдістер қол­дану көп жағдайда алға қойылған міндеттің нақты маңыздылығына және, әрине, ма­мандардың кә­сі­би­лігіне тікелей байланысты болмақ.

Атап өтілген басым бағыттар отандық археология саласында із­дестіру жұмыстарын одан әрі же­тілдіруді қажет етеді. Біздің мақса­тымыз – археологиялық бі­лім сала­сындағы ұйымдастыру-қоғамдық проблемаларды көрсету және ғы­лыми-зерттеу және гене­зисті, эволюцияны, сондай-ақ ежел­гі және ортағасырлық ке­зеңдегі ескерткіш­тердің функцио­налдық маңызын зерттеудегі бас­қару органдарының әлеуметтік ма­ңызды қызметтерінің нақты жолдарын ұсыну.

Менің ойымша, осы орайда, мұндай мәселелерді қою мен шешуде басқарушылық құрылым­дар­дың рөлі мен орнын анықтау өзекті әрі айқын болып отыр. Өйткені, мемлекеттік биліктің ынталы ор­гандарының (тарихи-мәдени мұра ескерткіштерін қор­ғаудың респуб­ли­калық, облыс­тық, аймақтық органдары, облыс­тық өлкетану мұ­ражайлары және басқа ұйымдар­дың) қатысуынсыз бұл мәселелерді шешу мүмкін емес. Барлық осы мемлекеттік мекемелер және би­ліктің жергі­лікті органдары (об­лыс­тық, аудан­­­­­дық, ауылдық әкім­діктер) кәсіби археологтармен ты­ғыз байланыста қызмет жасауға, ұйым­дастыру жұмыстары барысында оларға көмектесуге, архео­логия­лық ескерткіштерді қорғауды қамтамасыз етуге міндетті.

Дәл осы жергілікті жерде тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғауда және сол өлкенің та­рихи-мәдени мұра ескерткіштерін әйгі­леуде жергілікті билік орган­дары­ның және тарихи-мәдени мекеме­лердің рөлі айрықша.

Өкінішке орай, Қазақстан Рес­публикасының «Тарихи-мәдени мұ­ра объектiлерiн қорғау және пайдалану туралы» қолданыстағы заңына қарамастан, басым бөлігі әлі ашыла қоймаған, терең зерттелмеген тарихтың ежелгі және ортағасырлық ескерткіштері жер­ді шаруашылық және өнеркә­сіптік мақсатта игеру барысында, сондай-ақ, қоршаған ортаның ықпалына байланысты және қа­зына із­деу­шілердің заңсыз іс-әрекеттерінен үнемі қиратылуға және жойылуға ұшырайды. Тарихи және мәдени ескерткіштерді қорғау – мәдени және тарихи құн­дылыққа ие объек­тілерді сақтауға және қорғауға бағытталған іс-шаралар кешені. Ескерткіштерді зерттеу, олардың тарихи және функционалдық ма­ңызын бағалау, ресми мәртебе беру, қалпына кел­тіру және сақтау осы іс-шара­лардың құрамына енген.

Тарихи мұрамызды сақтауға жауапсыз қарауымыздың мысалы ретінде «Есімхан ордасы» аума­ғын айтуға болады. Ол өзі қорға­латын аумақ, Оңтүстік Қазақстан облысы, Төле би ауданындағы Кеңесарық ауылына таяу орна­лас­­қан тарихи орын. Өкінішке орай, бүгінгі таңда осы тарихи жерде мұражай емес, әртүрлі құ­рылыс­тар мен ауыл­шаруа­шылық жұ­мыстары жүргі­зілуде.

Адамдардың тарихи құнды­лық­тарға жауапсыз қарайтын­ды­ғының белгісі Алматы облысын­дағы ежелгі Жетісу қорғандары аудандарында байқала бастады. Қырық жыл бұрын дәл осы жерден ең бағалы археологиялық олжа – «Алтын Адам» табылғаны белгілі. Әрине, жағымсыз әрекет­тер өте белең алып кете қойған жоқ, бірақ жергілікті билік органдары қор­ғалатын аумақтың жерін заңсыз пайдаланғысы келетін­дерге жіті көз салуы керек деп ойлаймын. Егер кеңестік ке­зең­дегі «Тарих және мәдениет ес­керткіш­терін қор­ғау қоғамының» сансыз өкілдері болса, жоғарыда келті­рілген деректер бойынша баяғы­да-ақ дабыл қағар еді! Ал бүгінгі таңда біздің мәдени құн­дылық­тарымызды қор­ғау ісі кәсі­би археологтардан басқа ешкімге қажет емес сияқты кө­рінеді.

«Жергілікті жерде», яғни облыстарда тарихи-мәдени мұраны қорғау орталықтары бар, бірқатар өңірлерде мемлекеттік инспекция жұмыс істейді. Бірақ олардың жұмысы қалай жолға қойылған? Олардың құрамында мамандар бар ма? Ал жалпы, сондай «ор­та­лықтар» мен «мемлекеттік инс­пекцияларда» ескерткіштерді қор­­ғау қызметінің өзі қалай жүр­гізіледі? Ойландыратын деректер бар, ол, әсіресе, археолог мамандарды қатты толғандырып отыр. Атап айтсақ, жоғарыда атал­­ған көптеген өңірлердегі ес­керткіш­терді қорғау «орталық­тары» қор­ғандарды, қорымдарды, ескі ме­кендерді, қалашықтарды қорғауға тиісті өздерінің негізгі кәсіби жұмыстарымен емес, неше түрлі қызметтермен айналысатыны туралы деректер бар. Оның қарапайым екі-ақ себебі бар. Біріншіден, көп жағдайда ондай «орталықтардың» қызметкер­ле­рінде ежелгі қорған деген не және оны қалай танып-білуге болатыны туралы аздап болса да түсінік жоқ. Екінші себебін ашып айтсақ, ондай «орталық­тарда» «ескерт­кіштерді қорғау» деген не, ол жұмысты қалай жүргізу керек, ол қандай тетіктерден тұ­ратыны жө­нінде ұғым қалып­таспаған.

Тарих және мәдениет ескерт­кіштеріне археологиялық қыз­метті іске асыру үшін лицензия алу және рұқсат беру жүйесін жетілдіру мәселесінде үнемі өзге­рістер мен толықтырулар болып жататыны қазақстандық маман­дардың алаң­дау­шылығын тудырып отыр.

Ескерткіштерді анықтап және оларды зерттеп, сараптамадан өткізу ісімен тек кәсіби археологтар, біліктілігі жоғары және мол тәжірибе жинақтаған, кәсіби та­ғылымы зор еңбек өтілі бар мамандар ғана айналысуы тиіс екен­дігіне сенімдіміз. Олардың жұ­мысы артефактардың мәдени те­рең қабат­тарын табумен шектел­мейді, ең бастысы, мәдени мұра объек­тілері ретінде ескерткіш­тер­ді сақ­тау мен дұрыс пайдалану болып табылады. Бүгінгі таңда зерт­теуші-археологтар Отырар, Қой­лық, Талғар, Ақыртас қала­шық­­тарында, Беғазы, Есік, Берел қо­рым­дарында іздестіру және қайта қалпына келтіру жұмыс­тарын жүргізуде. Олар ескерт­кіштердің сақталуы мен «өмір сүруін» ұзарту, мұра­жайландыру, яғни мұражайлық және күзе­тілетін ны­санға айналдыру (Әзі­рет Сұлтан, Есік, Берел, Мерке-Жайсаң, Там­ғалы петро­глифтері тарихи-мәде­ни қорықта­ры) мәсе­лелерімен айналысуда; тарих жә­не мәдениет­тің ғажайып ескерт­кіштерін (Бесшатыр, Есік, Берел, Боралдай мен Шілікті қор­ған­дарын және еліміз­дің түкпір-түкпірінде орналасқан көптеген тау-тасқа салынған су­реттерді) қи­рап жойылудан құт­қарады, Май­бұлақ тұрағы мен Сарайшық қалашығының сақта­луы жолында еңбек етуде. Осы тұста атап айтар болсақ, орта­ғасырлық кезеңде үлкен әкім­шілік округтің орта­лығы болған, аумағы Шаштан Қашғарға дейін созылып жатқан Испид­жабтың археологиялық ес­керт­кіштерін зерттеуде археолог­тар­дың қосқан үлесі зор.

Бір алаңдатарлық жәйт, бү­гінде көптеген адамдар археологиямен айналысуға әуестеніп жүр. Мә­селен, қажетті біліктілігі жоқ түрлі мамандықтың өкілдері, мұражай қызметкерлері, университет ұстаз­дары және кәсіби археологиялық қызметке тікелей қатысы жоқ адамдар археология­лық іздеу жұмыс­тарымен айналысады. Олардың көпшілігі архео­логиялық зерт­теудің әдістеме­сінен бейхабар, соның нәтиже­сінде археологиялық объектіні далалық зерттеу про­цесінде ес­керткіштің мәдени қабаттарының қирауы, оның құ­рылымдық бір­тұтастығының бұ­зылуы жиі орын алып жатады, сондай-ақ және басқа да маңызды бөліктері жойылып кетеді. Бұл жерде құры­лыстар жүргізу, жолдар салу жұ­мыстары барысында ескерткіш­тердің бульдозерлермен қираты­луы, бүтіндей тарихи археоло­гиялық құндылықтардың қабат­тары жойылып кетіп жатқаны туралы не айтуға болады?! Ондай еленбей жатқан ескерткіштердің ежелгі және ортағасырлық тарихты зерттеуде маңыздылығы өте зор екеніне ешкім де терең мән беріп жатпайтыны қынжылтады.

Leave a reply