ТҮРКІСТАНДА «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» АКЦИЯСЫ АЯСЫНДАҒЫ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АКЦИЯҒА МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ ҚАТЫСТЫ

0
65

Бүгін Түркістанда «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық шарасы өтті. Қоршаған ортаны қорғауға үндейтін «Қала тазалығы – перзенттік парызым» экологиялық акциясы қаланың 10 аумағында ұйымдастырылды. Атап айтсақ, Қ.А.Ясауи кесенесі мен «Ханшайым плаза» кешені, Күлтөбе қалашығы аумақтарында, «Жеңіс» саябағы мен «Отырар» мөлтек ауданындағы 36, 37, 38, 39, 40 көпқабатты тұрғын үй аулаларында, сондай-ақ Әлқожа ата, Алшын, Дастанов, Нахипов, Әйтеке би, Ғ.Мүсірепов көшелерінде өтті.
Кезекті тазалық күніне 1000-ға жуық азамат қатысты. 30-ға жуық техника жұмылдырылып, 18 мекеме қызметкерлері мен қала тұрғындары атсалысты. Белгіленген аумақтар тазаланып, ағаштарды күтіп-баптау жұмыстары жүргізілді. Сенбілік нәтижесінде қала көшелерінен 300 тоннаға жуық қоқыс шығарылды.

Тазалық акциясы аясында әр апта сайын қала әкімдігіне қарасты мекеме қызметкерлері өз ғимараттары мен көшелеріне сенбілік өткізіп, экологиялық акцияға белсенділік танытып отыр. Сондай-ақ әр апта сайын тазалық күндеріне байланысты санитарлық тазалау жұмыстары жүргізіледі.

Түркістанның күре тамыры – орталық базар. Таңның атысымен таласа келген саудагерлер мұнда қас қарайғанша отырады. Барлығына ортақ мүдде – отбасының ризық-несібесін табу. Жалпы базарда 1580 жеке кәсіпкер бар. Базардан азық-түліктің барлық түрлері, киім-кешек, тұрмыстық техника сияқты жанға қажеттінің бәрі табылады.

Базардың тазалығы да басты орында болуы керек. Қала әкімдігі тарапынан сауда орындарының тазалығына зерделеу жұмыстары жүргізіліп, тиісті ескертулер жолданған. Нәтижесінде қосымша қоқыс жәшіктері қойылды. Арнайы техника мен сұйық қалдықтарға арналған ассенизаторлық көліктің күнделікті жұмыс істеуі қадағаланып отыр. Тазалықты қамтамасыз етуге бекітілген 22 адам екі ауысымда жұмыс атқаруда. «Таза Қазақстан» экоакциясы аясында қала әкімінің бекітілген кестесіне сәйкес, шаһардағы барлық кәсіпкерлік нысан әр аптаның дүйсенбісінде өз аумақтарында сенбілік ұйымдастырып отыр.
Базар – шаһардағы адамдардың ең көп шоғырланатын орындарының бірі болғандықтан қауіпсіздік талаптарының орындалуы да назардан тыс қалмады. Орталық базар аумағында 4 дана өрт гидранты, 56 өрт краны, 223 өрт сөндіргіш құралы қойылған. Тілсіз жаудан қорғану үшін 1750 дабыл нүктесі орнатылған. 105 автоматты өрт сөндіру жүйесі іске қосылды.

Leave a reply