ТҮРКІСТАН: ӘЛЕУМЕТТІК ҚОЛДАУ ЖҮЙЕСІ МЕН ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ САЛАСЫ ҰДАЙЫ ДАМУ ҮСТІНДЕ

Түркістан облысында елді мекендер медициналық нысандармен қамтылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жақсартып, қолжетімділікті арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың айтуынша, өңірде тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық нысандар салуға, бейінді мамандар даярлауға басымдық берілуде.
Осыған дейін ҚР Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Түркістан облысының әкімдігімен әріптестікте «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыруға кірісті. Жоба шеңберінде ауылда 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек (МСАК) нысандарының құрылысы көзделген. Бұл нысандар озық медициналық жабдықтармен жарақтандырылып, білікті медициналық персоналмен қамтамасыз етілетін болады, бұл ауылдық аумақтардың тұрғындарына өз елді мекендерінде тікелей қолжетімді және сапалы медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, төрт аудандық ауруханаға: Сарыағаш, Жетісай, Ордабасы және Сайрам ауруханаларына күрделі жөндеу және жаңғырту жүргізу көзделген. Бұл мекемелер ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмек көрсетудің негізі болады.
Бұдан басқа, Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының кешенді жоспарына сәйкес Түркістан қаласында 190 төсектік көпбейінді аурухана мен облыстық балалар ауруханасы, Сарыағаш қаласында — аудандық орталық ауруханада 240 төсектік перинаталдық орталық, сондай-ақ Сарыағаш және Арыс қалаларында екі емхана салынады. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, ауылдық жерлерде кездесетін негізгі проблемалардың бірі – медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі. Бүгінде Түркістан облысында 245 штат бірлігі бос тұр, оның 135-і ауылда.
«Қабылданған заңнамалық түзетулерге сәйкес ауылдық өңірлерге жұмысқа орналастырылған медицина қызметкерлеріне 100 ең төменгі жалақы немесе 8,5 млн. теңге мөлшерінде ақшалай төлем белгіленді. Бұл қадам шалғай аудандардағы медициналық персонал жұмысының маңыздылығын мойындап қана қоймай, олардың кәсіби қызметін ынталандырады», — деп атап өтті министр Ақмарал Әлназарова.
Медициналық кадрлардың тапшылығын жою мақсатында дәрігерлер үшін жыл сайынғы стипендияны 15-20%-ға арттыру жүргізіледі және медициналық білім беруді жас мамандар үшін тартымды ету үшін мемлекеттік білім беру тапсырысының құны қайта қаралады. Бұдан басқа, Министрлік денсаулық сақтау саласындағы кадрларды тиімді жоспарлауға және басқаруға мүмкіндік беретін денсаулық сақтаудағы кадр ресурстарын есепке алудың ұлттық жүйесін (кәсіби тіркелім) құруды жоспарлап отыр. Бұл шаралар ауылдық денсаулық сақтау инфрақұрылымына жоспарланған инвестициялармен бірге Түркістан облысының барлық азаматтарының сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге арналған.
Жалпы, Түркістан облысы халқының медициналық қызметтердің сапасы мен қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі 63,1% деңгейінде бағаланды, бұл ел бойынша орташа көрсеткіштен асады. Жаңадан ашылатын нысандарда санитарлық талаптар, өрт қауіпсіздігі сақталған. Заманауи медициналық құрал-жабдықтармен жабдықталған. Бұл мекемелер ауыл тұрғындарына сапалы алғашқы медициналық-санитариялық көмек түрлерін көрсетеді.
Бүгінгі таңда жалпы 58 медициналық нысанының қажеттілігі анықталып, оның 25 нысанын 2025 жылға іске асыру жоспарлануда.
Облыс тұрғындарын білікті медицина мамандарымен қамту ісі де тұрақты зерделеніп, тиісті жұмыс жүріп жатыр. Өңірде 423 бейінді маман бойынша тапшылық бар екені анықталған. Оның ішінде, 141-і Түркістан қаласындағы салынып жатқан 570 төсек-орындық облыстық көпбейінді ауруханаға тиесілі. Мамандармен қамту үшін 5 жылдық жоспар бойынша резидентураға 639 грант бөлу жоспарлануда. Ал 2023 жылдан бері 176 грант игерілді.
Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарында жалпы 24 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 40 дәрігер Ресейде, 234 орта буын медицина қызметкері Астана қаласындағы ҚР іс басқармасы медициналық ауруханасында біліктілігін арттырған.
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Келес және Сарыағаш аудандарына іссапармен барды. Медицина, білім және әлеуметтік нысандарды аралап, бүгінгі жай-күйін бақылады. Жергілікті тұрғындармен және жауапты сала өкілдерімен кездесіп, өзекті мәселелерді талқылады. Жүзімдік дәрігерлік амбулаториясы мен Бесқұбыр бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымында болды. Құрылыс жұмыстары зерделеніп, тиісті тапсырмалар жүктелді. Бұл нысандар пайдалануға берілген соң ауыл халқына тегін медициналық қызметтер көрсетеді. Облыс басшылығы инвестор Ж.Мелдешовпен пікірлесіп, инвестициялық жобалар жайлы ойлар ортаға салынды.
Мұнан соң Бейсенбай Дәулетұлы «Абай» Келес аудандық ауруханасында болды. Аралауға облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы А.Байдуалиев, облыстық жедел жәрдем станциясының басшысы Б.Мырзагелдиев, аудандық аурухана басшысы С.Исахова және медицина қызметкерлері қатысты. Аурухана мен «Жаңақоныс» фельдшерлік-акушерлік пунктіне қатысты түсіндіру жүргізілді. Халық кез келген медицина ұйымын таңдап, қызмет алуына еркі бар. Б.Тәжібаев заңбұзушылық әрекеттер болмауын қадағалауды ескертті.
Іссапар барысында Сарыағаш ауданы, Ынтымақ елді мекеніндегі №9 Майлықожа мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары тексерілді. Білім ошағы 1986 жылы салынған. Сыйымдылығы — 824 орын. Облыстық бюджет қаражаты есебінен күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Құрылысы 25 мамырда басталды. Биыл тамыз айының соңына дейін аяқталуға тиіс. Облыс әкімінің орынбасары жауапты тұлғалар мен мердігер мекемеге балалардың қауіпсіздігі мен болашағы үшін құрылысты сапалы әрі тиянақты жүргізіп, уақтылы қолданысқа тапсыруды міндеттеді.
Түркістан облысының 17 аудан және қаласында Отбасын қолдау орталықтары ашылған болатын. Б.Дәулетұлы Келес ауданындағы орталыққа арнайы барып, жұмыстарымен танысты. Мекеме консультациялар беру, кешенді сүйемелдеу, әдіснама және ақпараттық-ағарту жұмыстарын атқарып келеді. Мемлекеттік қолдаулардың тиімділігін арттыруға бағытталған.Орталыққа 1 маусымдағы жағдай бойынша 293 адам жүгініп, 481 қызмет түрі ұсынылған. Олардың басым бөлігі аз қамтылған, көпбалалы, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналар.