Воскресенье, 15 июня

ТҮРКІСТАН: ЖЕТІСАЙ АУДАНЫНДА АГРАРЛЫҚ САЛАДА ЖАҢА ЖОБАЛАР ҚОЛДАНЫЛУДА

0
26

Жетісай ауданы Түркістан облысының оңтүстігінде орналасқан аграрлық аймақ. Ауданның ауыл шаруашылығы саласы маңызды рөл атқарады және соңғы жылдары айтарлықтай даму көрсеткіштеріне ие. Жетісай ауданының ауыл шаруашылығына жарамды жерінің аумағы 86 337 гектарды құрайды. Оның ішінде 77 045 гектар жер егістікке, оның ішінде 77 045 гектар жер суармалы егістікке арналған. Ауданның суармалы жерлері Сырдария өзенінен бастау алатын Тәуелсіздік каналы мен басқа да ірі каналдар арқылы сумен қамтамасыз етіледі. Жетісай ауданында өсімдік шаруашылығының негізгі дақылдары мақта, бақша, көкөніс және мал азықтық дақылдар болып табылады. 2023 жылы аудан бойынша 78,5 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде 44 мың гектардан астам жерге мақта, 21 мың гектарға бақша, 10,1 мың гектарға мал азықтық дақылдар, 3 мың гектарға көкөніс және басқа да дақылдар егілді.

Жуықта ғана Жетісайдың алғашқы қауындары ресейге жөнелтілді. Жетісайлық шаруалар биылғы жылы 79,3 мың гектар суармалы жердің 43 мың гектарына мақта шитін сепсе, 16,7 мың гектар жерге бақша, 7,5 мың жерге дәндік жүгері, 3,6 мың га жерге көкөніс пен 6,7 мың гектар алқапқа мал азықтық дақылдарын еккен. Бүгінгі күнде көкөніс дақылдарынан 36 мың тонна өнім жиналған. Одан бөлек, егістік алқаптарда егілген қауын дақылдарының алғашқы өнімі пісіп те үлгерген. Соңғы 15 жылдан бері диханшылықпен айналысып келе жатқан жетісайлық шаруа Әл-Фараби Күзенбаев Ж.Ералиев ауылдық округіндегі 50 гектар жеріне қауынның «Нұр-Бакинка» және «Дампера» сорттарын ексе, 250 гектарына мақта шитін сепкен. Жылдағы әдеті бойынша биыл да бақша өнімдерін өзгелерден ерте нарыққа шығарып отыр.

Қожалық төрағасының ерте көктемде отырғызған көшеттері жоспардағы 65 күнде емес, 70 күнде дайын болып отыр. Енді сұранысқа сәйкес Ресей Федерациясына 100 тонна қауынды экспорттап жатыр. Баға да жаман емес, келісі 400 теңге. «Биыл қауынымыз жылдағыдан сәл ертелеу пісті. Сұраныс та жақсы. Ағын судан қиыншылықтар болғанымен, тапшылық сезілмеді. Алғашқы өнімдерімізді Ресейге экспорттап жатырмыз. Біз егістік басынан келісін 400 теңгеден саудалап жатырмыз, көрші елде бізден де қымбат. Ешқандай делдалсыз өнімді егістік басынан өзіміз көліктерге тиеп, жіберіп жатырмыз» дейді «Әл-Фараби» шаруа қожалығының төрағасы Әл-Фараби Күзенбаев.

Бүгінде 30-ға тарта жергілікті тұрғынды жалдап, күніне 8 – 12 мың теңге аралығында ақы төлеп отырған Әл-Фараби Анарбайұлы орта есеппен гектарынан 400 центнерден өнім алуды жоспарлауда. Айта кетейік, өткен жылы 79,3 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген ауданда 110 мың тонна мақта, 549 мың тонна бақша, 88,8 мың тонна көкөніс, 46,1 мың тонна дәнді және бұршақты, 67,7 мың тонна мал азықтық дақылдар жиналған. Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 747,3 млрд теңгені немесе өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 107,6%-ды құрады. Оның ішінде өсімдік шаруашылығы – 482,9 млрд теңгені (НКИ – 108,6%), мал шаруашылығы 257,2 млрд теңгені құрады (НКИ – 105,9%).

Оған қоса, облыстың барлық шаруашылық санаттарында 153,2 мың тонна – ет (тірідей салмақта), 354,7 мың тонна – сүт, 190,2 млн дана – жұмыртқа өндірілді. 2024 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша, Түркістан облысындағы шаруашылықтардың барлық санатындағы ірі қара мал саны – 1 078 мың басты немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда – 124,4%, қой саны – 4 708 мың басты немесе өткен жылдың сәйкес кезеңіне – 102,2%, жылқы – 464,9 мың басты немесе 104,8%, түйе – 43,4 мың басты немесе 109,6%-ды құрады.

Сонымен қатар Түркістан облысы – жеміс-жидек, көкөніс өсіруде көш бастап тұрған өңірлердің бірі.  2024 жылдың III тоқсанының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 747,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 76,7 млрд теңгеге артты. Өңірлер арасында облыс республика бойынша 1-орынға шықты. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортында да жақсы көрсеткіштер тіркелді. Мәселен, $230,1 млн-ға 680 мың тонна өнім экспортталып, тиісті кезеңнен 103,1%-ға ұлғайды.

Жетісай ауданының ауыл шаруашылығы саласы жоғары әлеуетке ие және дамудың тұрақты жолында. Өсімдік және мал шаруашылығының үйлесімді дамуы, шағын және орта бизнестің қолдауы, сондай-ақ инфрақұрылымның жақсаруы аудан экономикасының нығаюына ықпал етуде. Бұл факторлар ауданның ауыл шаруашылығы саласының болашақта одан әрі дамуына негіз қалайды. Ауданға соңғы 5 жылда 90,2 млрд. тенге инвестиция тартылса, 2024-2030 жылдар аралығында құны 115,2 млрд. теңге болатын 69 жобаны іске асырып, 4 683 адамды жұмыспен қамтамасыз ету жоспарлануда. Нәтижесінде салық түсімі артып қана қоймай, негізгі капиталға тартылатын инвестиция көлемі 3,8 есе өседі. Өнеркәсіп саласында құны 63,2 млрд. теңге болатын 20 жоба іске асып, 2706 адам жұмыспен қамтамасыз етіліп, бюджетке 1 млрд. 260 млн. теңге салықтық түсімдер түседі деп межеленген. Ауданда 50 гектар жер аумағына «Жетісай» индустриалды аймағын ашу жоспарлануда. Қазіргі таңда жер телімдерін мемлекеттің меншігіне қайтару жұмыстары жүріп жатыр.

Leave a reply