ТҮРКІСТАН: ӨҢІРДІҢ ЭКСПОРТ КӨЛЕМІН ҰЛҒАЙТУ ЖҰМЫСТАРЫ ЖАЛҒАСАДЫ

Облыс әкімі ет комбинатының ішкі құрылымымен танысып, цехтарда жүргізілетін процестерді бақылап көрді. Мамандар дайын өнімнің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін арнайы зертханалық тексерістер мен санитарлық талаптар қатаң сақталатынын жеткізді. Комбинатта арнайы тоңазытқыш камералар, вакуумдаушы құрылғылар және өнімді ұзақ уақыт сақтауға мүмкіндік беретін арнайы қаптамалау технологиялары қолданылуда. Бұл сапалы етті ішкі нарықпен қатар сыртқы нарыққа да сенімді ұсынуға жағдай жасайды. Әкім өндіріс өкілдеріне экспорт көлемін арттыру, халал стандарттарына бейімдеу және бәсекеге қабілеттілікті жоғарылату бағытында нақты тапсырмалар берді. Кәсіпорынның экспорттық әлеуеті Түркістан облысының макроэкономикалық көрсеткіштеріне де оң әсерін тигізетіні сөзсіз.
«KAZ ECO MEAT» ЖШС-нің өндірістік кешені 13 гектар аумақты алып жатыр. Қазіргі таңда онда 100 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріске қажетті технологиялық құрал-жабдықтар Беларусь, Қытай және Түркиядан жеткізілген. Мұндағы ерекшелік — өндірістің толық автоматтандырылғаны. Атап айтқанда, бордақылау алаңында сиырларға жем беру жүйесі толық цифрландырылған, бұл адам факторын азайтып, өнімділік пен тиімділікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, кешенде қанды жинау, өңдеу, сүйек пен өзге де қалдықтарды тиімді пайдалану арқылы қалдықсыз өндіріс жүйесі қалыптасқан. Бұл — халықаралық стандарттарға сай кәсіпорын екенін көрсетеді. Ет өнімдері ішкі нарықпен қатар, шетелге экспорттауға да бағытталған, бұл өз кезегінде өңірлік сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға жол ашады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімінің көлемін 2 есеге ұлғайту жөнінде тапсырма берген болатын. Бұл бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс жүруде. Өңірде жалпы өнім көлемінің өсімі 107,1 % құрап (216,9 млрд. теңге), республикада бірінші орынға шықты. Түркістан облысында Үкіметтің инвестициялық жобалардың тізімін жасақтау жөніндегі тапсырмасы бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Облыс әкімінің қадағалауымен елге кіріп жатқан импорт тауарларына талдау жүргізіліп, импортты азайтып, экспортты ұлғайту жұмыстары жандана түсті. Аталған мәселе Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттың апталық мәжілісінде талқыланды. Өңір басшысы өндіріс орындарын ашып, ауыл шаруашылығында терең өңдеуге басымдық беріп, отандық нарықты қамту керектігін айтты.
Ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі былтыр 847,9 мың гектар аумақты құраған. Ал жылыжайлар 131,6 гектарға салынып, жалпы көлемі — 1 246 гектарды құрады.
Жылыжайлардың негізгі бөлігі Сарыағаш, Келес, Ордабасы, Қазығұрт аудандарының үлесінде. Республикада жылыжайлардың 67 пайызы облыстың еншісінде. Тамшылатып суғару технологиясы — 21,9 мың гектарды, жаңбырлатып суғару технологиясы — 2,2 мың гектарды құрады. Агроөнеркәсіп кешенінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру мақсатында «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» бағытында 2 мыңға жуық жоба жүзеге асырылып, 262,5 мың тонна өнім өндірілді.