Өмірін жол саласына арнаған маман

Жол саласы – төзімділік пен табандылықты талап ететін ерекше мамандық. Қақаған қыста да, аптап ыстықта да дамыл таппай, ел игілігі үшін еңбек ететін жолшылардың еңбегі – ел есінде қалатын баға жетпес еңбек..
Қазан айының соңғы жексенбісі Автожол саласы қызметкерлерінің күні. Біз мереке қарсаңында «ҚР Құрметті жолшысы», «Еңбек ардагері» Құттыбай Оразұлы Жүсіпбековпен сұхбаттасудың сәті түсті.
– Құттыбай аға, сұхбатқа келіскеніңізге рақмет. Алдымен өзіңіз туралы қысқаша айтып өтсеңіз.
– Рақмет. Мен 1944 жылы қазіргі Түркістан облысы, Келес ауданындағы Абай елді мекенінде дүниеге келдім. Балалық шағым соғыс жылдарының ауыр кезеңімен тұспа-тұс келді. Әкем соғысқа аттанып, анам бізді жалғыз өсірді. Жолдың жоқтығынан анам әкемді майданға шығарып сала алмай қалған. Сол сәт менің жадымда мәңгі сақталып қалды. Мүмкін, дәл сол оқиға мені жол саласына жетелеген болар.
– Бұл мамандыққа қалай келдіңіз?
– Мектепті 1963 жылы бітірген соң Алматыға аттанып, Саратов политехникалық институтының жол факультетіне оқуға түстім. Арманым – елге пайдасы тиетін нақты маман иесі болу еді. 1968 жылы оқуымды тәмамдап, еңбек жолымды Ақтөбедегі «Каздорпроект» жобалау институтында инженер ретінде бастадым. Кейін Шымкент филиалына ауысып, мұнда 28 жыл бойы инженер, аға инженер, жоба басшысы, бөлім бастығы, бас инженер қызметтерін атқардым.
– Қай жобалар сіздің есіңізде ерекше сақталды?
– Шымкент – Ташкент, Қызылорда – Шымкент автожолдары, Сырдария, Арыс, Келес өзендеріндегі көпірлер мен ауыл шаруашылығына арналған өткелдер – бәрі де жүрегіме жақын. Жалпы, 200-ге жуық көпір мен өткел жобаларына қатыстым. Солардың ішінде ерекше жоба – Сырдария өзені арқылы салынған көпір. Бұл көпір оңтүстік өңір тұрғындарының Өзбекстан шекарасын айналып өтпей, тікелей қатынауына мүмкіндік берді. Сол кезде құрылыс мерзімін қысқарту үшін трасса бағытын өзгертуді ұсындым. Бұл шешім жобаның уақытын айтарлықтай үнемдеді.
– Еңбек жолыңызда шәкірт тәрбиелеу жағына да көп көңіл бөлгеніңіз байқалады.
– Иә, мен үшін тек өзім жұмыс істеу жеткіліксіз болды. Жас мамандармен тәжірибе бөлісу – басты міндетім деп санадым. Олармен бірге жобалау, нысанды қабылдау, есеп жүргізу секілді барлық процестерге қатыстырдым. Қазір сол шәкірттерімнің бірі – мекеме басшысы, енді бірі – жетекші инженер. Бұл – мен үшін ең үлкен мақтаныш.
– Қажырлы еңбегіңіз қандай марапаттармен бағаланды?
– 1988 жылы Кеңес Одағы кезінде және 1994 жылы Тәуелсіз Қазақстан тұсында екі мәрте «Құрметті жолшы» атағын алдым. Сондай-ақ «Еңбек ардагері» медалімен және сол кездегі Премьер-министрлер – Кәрім Мәсімов, Асқар Мамин, Бердібек Сапарбаевтың алғыс хаттарымен марапатталдым. Бірақ ең үлкен марапат – артта қалған ізім мен жолда қалдырған табым дер едім.
– Қазан айының соңғы жексенбісі Автожол саласы қызметкерлерінің күні. Мереке қарсаңында әріптестеріңізге не айтқыңыз келеді?
– Құрметті жол саласының ардагерлері мен қазіргі еңбек майданында жүрген абзал әріптестер!
Жол – елдің күре тамыры. Біз таңдаған сала – қарапайым еңбек емес, ол – табандылық пен жауапкершілікті талап ететін қасиетті іс.
Бүгінгі жетістіктер – сіздердің маңдай терлеріңіздің, кәсіби шеберліктеріңіздің жемісі.
Жас мамандарға айтарым – мамандығыңызды жүрекпен сүйіп, әр жобада өз атыңызды абыроймен қалдыруға ұмтылыңыздар. Сонда ғана еңбек өз жемісін береді.
Баршаңызға мықты денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбекте табыс тілеймін!
Еңбектеріңіз елене берсін, жолдарыңыз ашық болсын!
Ардагер жолшы Құттыбай Оразұлы Жүсіпбеков – адамгершілік қағидаттарын берік ұстанған, мамандығына адал тұлға. Еңбекке деген ерекше сүйіспеншілігі мен жоғары жауапкершілігі оның басты қасиеті. Өз ісін жетік меңгерген ардагер бүгінде де тәжірибесін жастармен бөлісіп, кәсіби мамандарды тәрбиелеуге үлес қосып келеді.













