Ұстаздық жолдағы адал азамат

Адалдық пен жауапкершілік – кез келген маманның ғана емес, бүкіл қоғамның тірегі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» тұжырымдамасы осы құндылықтарды ұлықтап, елдің болашағын әділдікке, еңбексүйгіштікке және ізгілікке негіздеуді көздейді. Осындай қасиеттерді өмірлік ұстанымына айналдырған жандардың бірі – ұзақ жылдар бойы жас ұрпаққа сапалы білім беріп келе жатқан тәжірибелі ұстаз, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Смадиярова Ләззат Түймебайқызы.
Ләззат Түймебайқызы 1973 жылы дүниеге келіп, жастайынан ғылым мен білімге құштар болып өсті. 1991-1993 жылдары «Домалақ Ана» атындағы араб тілі колледжін тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Шымкент қаласындағы №24 Д.Қонаев атындағы мектептен бастады. Бұл кезеңде жас маманның бойындағы еңбекқорлық, шәкірт тәрбиелеуге деген құштарлық анық байқалды. Кейінгі жылдары ол Жетісай ауданындағы №42 мектепте жиырма жылға жуық уақыт араб тілі мұғалімі болып қызмет етіп, кейін орыс тілі мен әдебиетін оқытуға ден қойды. Ал 2018 жылдан бері Шымкент қаласындағы №89 IT мектеп-лицейінде ұстаздық етіп келеді.
Осы жылдар ішінде ол мыңдаған шәкірт тәрбиелеп, олардың білімге деген қызығушылығын оятып қана қоймай, өмірлік құндылықтарды бойына сіңіруге бар күш-жігерін арнады. Мұғалімнің адал қызметі, оқу-ағарту ісіндегі табандылығы түрлі марапаттар мен алғыс хаттарға ие болуына себеп болды. 1997 жылы «Оқу-ағарту үздігі» дипломын иеленсе, кейінгі жылдары аудан, қала әкімдерінің және салалық ұйымдардың құрмет грамоталарымен марапатталды. 2021 жылы «Эстафета лучших педагогов страны» дипломын алып, «Өрлеу» орталығы ұйымдастырған үздік педагогтар эстафетасында кәсіби шеберлігін дәлелдеді. Ал 2022 жылы «Тәуелсіз елдің – Үздік педагогы» атағын жеңіп алуы оның ұстаздық жолдағы зор еңбегінің нақты айғағы.
Ләззат Түймебайқызы әрқашан шәкірттің жетістігін өзінің жеңісі санайды. Оның дайындаған оқушылары ғылыми жобаларда, әдеби байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Мұндай жетістік – ұстаз еңбегінің, адалдығының және әділ көзқарасының нәтижесі. Бүгінде ол білім берумен қатар, жас мұғалімдерге үлгі болып, кәсіби тәжірибесімен бөлісуде.
«Адал азамат» тұжырымдамасы еліміздің әрбір азаматына адал еңбек етіп, қоғамға пайдасын тигізуді міндеттейді. Осы тұрғыдан алғанда, Смадиярова Ләззат Түймебайқызының өмір жолы мен ұстаздық қызметі тұжырымдама талаптарына толық сәйкес келеді. Ол – тек өз кәсібінің шебері ғана емес, елдің болашағы саналатын жас ұрпаққа адалдықты, еңбексүйгіштікті, әділдікті үйретіп жүрген нағыз өнегелі тұлға.













