ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУШЫЛАР САНЫ БОЙЫНША ЕЛ КӨЛЕМІНДЕ КӨШБАСШЫЛАРЫНЫҢ ҚАТАРЫНДА

0
30

Қазақстан Республикасының қорғаныс әлеуетін арттыруда әскерге шақыру науқанын тиімді ұйымдастыру мен жастарды әскери қызметке сапалы даярлау ерекше маңызға ие. Осы бағытта Түркістан облысында кешенді жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Халық саны ең көп өңір ретінде облыс жыл сайын Қарулы Күштердің, Ұлттық ұланның, Мемлекеттік күзет қызметінің және басқа да әскери құрылымдардың қатарын толықтыруға елеулі үлес қосып отыр. Әскерге шақыру науқанын сапалы ұйымдастыру, жастардың әскери борышқа деген жауапкершілігін қалыптастыру және әскери-патриоттық тәрбиені күшейту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде Түркістан облысы әскерге шақырылушылар саны бойынша республикадағы жетекші өңірлердің қатарынан тұрақты орын алып келеді.

Бүгінде өңірде әскерге шақыру жұмыстарын жетілдіру, жастардың әскери қызметке даярлығын арттыру және патриоттық тәрбиені нығайту бағытындағы кешенді іс-шаралар жалғасуда. Бұл жұмыстар елдің қорғаныс қабілетін күшейтуге, жауапты әрі отаншыл жас ұрпақ тәрбиелеуге және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің кадрлық әлеуетін нығайтуға маңызды үлес қосып отыр.

Сонымен қатар облыста жыл сайын көктемгі және күзгі әскерге шақыру науқандары Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына және қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес ұйымдастырылады. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент, аудандық және қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармалар мен бөлімдер, жергілікті атқарушы органдар, денсаулық сақтау мекемелері және құқық қорғау органдары өзара үйлесімді жұмыс жүргізіп, шақыру науқанының сапалы әрі ашық өтуін қамтамасыз етеді.

Оған қоса өңірде әскерге шақыру жұмыстарын ұйымдастыру барысында цифрлық технологиялар мен ақпараттық жүйелердің мүмкіндіктері кеңінен қолданылуда. Азаматтарды шақыру, медициналық тексерулерден өткізу, құжаттарды рәсімдеу және есепке алу процестері кезең-кезеңімен жетілдіріліп келеді. Бұл шақыру жұмыстарының тиімділігін арттырып, уақытты үнемдеуге және ұйымдастыру сапасын жақсартуға мүмкіндік беруде.

Түркістан облысында жастардың әскери қызметке деген қызығушылығын арттыру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары үздіксіз жүргізілуде. Жалпы білім беретін мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында әскери қызметтің маңызы, әскери борышты өтеудің азаматтық жауапкершілігі және әскери мамандықтардың артықшылықтары жөнінде кездесулер ұйымдастырылады. Бұл кездесулерге әскери қызметшілер, әскери қызмет ардагерлері, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің мамандары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, жастардың сұрақтарына жан-жақты жауап береді.

Алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәні де жастарды әскери қызметке дайындаудың маңызды буыны саналады. Түркістан облысының мектептерінде бұл пән аясында саптық дайындық, азаматтық қорғаныс, алғашқы медициналық көмек көрсету, әскери топография және әскери жарғылардың негіздері оқытылады. Сонымен қатар оқу-дала жиындары ұйымдастырылып, оқушылар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырады.

Облыс көлемінде әскери-патриоттық тәрбие жұмыстары «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы, әскери-патриоттық клубтар және жастар ұйымдарының қатысуымен белсенді жүзеге асырылуда. Жастар әскери-қолданбалы спорт түрлерінен жарыстарға, әскери-спорттық эстафеталарға, патриоттық форумдарға және әскери бөлімдердегі «Ашық есік күндеріне» қатысып, әскери өмірмен жақын танысады. Мұндай іс-шаралар олардың бойында тәртіптілік, жауапкершілік және Отанға деген сүйіспеншілік сезімін қалыптастырады.

Әскерге шақыру науқаны аясында медициналық тексерулердің сапасына ерекше назар аударылады. Әскерге шақырылушылар жан-жақты медициналық тексеруден өтіп, олардың денсаулық жағдайы заңнама талаптарына сәйкес бағаланады. Сонымен қатар жастарға әлеуметтік және құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беріліп, әскери қызметтің тәртібі мен әлеуметтік кепілдіктері түсіндіріледі.

Түркістан облысында әскери бөлімдермен тығыз байланыс орнатылған. Әскерге шақырылатын жастар үшін әскери бөлімдерге танымдық экскурсиялар, әскери техника көрмелері, әскери мамандармен кездесулер және «Ашық есік күндері» ұйымдастырылады. Қатысушылар сарбаздардың тұрмысымен, әскери инфрақұрылыммен және жауынгерлік даярлықтың негізгі бағыттарымен танысады. Бұл әскери қызмет туралы дұрыс түсінік қалыптастырып, жастардың әскери мамандықтарға қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Облыста бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы әскери қызметтің беделін көтеруге бағытталған кең көлемді ақпараттық жұмыстар жүргізілуде. Телевизиялық бағдарламалар, арнайы репортаждар, әскери қызметшілермен сұхбаттар, әлеуметтік желілердегі бейнематериалдар және ақпараттық жобалар арқылы әскери қызметтің артықшылықтары, әскери мамандықтардың ерекшеліктері және әскери қызметтің қоғамдағы маңызы кеңінен насихатталуда.

Сонымен қатар өңірде әскери қызметке шақырылатын азаматтарды салтанатты шығарып салу рәсімдері дәстүрлі түрде өткізіледі. Бұл шараларға әскерге шақырылушылардың ата-аналары, ардагерлер, қоғам қайраткерлері, жастар ұйымдарының өкілдері және мемлекеттік органдардың қызметкерлері қатысып, жас сарбаздарға ақ жол тілейді. Мұндай рәсімдер жастардың әскери борышты мақтанышпен атқаруына рухани қолдау көрсетеді.

Түркістан облысының әскерге шақырылушылар саны бойынша республикадағы алдыңғы қатарлы өңір болуы – халық санының артуымен ғана емес, әскери есепті ұйымдастырудың тиімділігімен, жастар саясатының нәтижелілігімен және әскери-патриоттық тәрбиенің жүйелі жүргізілуімен тығыз байланысты. Мемлекеттік органдардың, қорғаныс істері жөніндегі департаменттің, білім беру ұйымдарының, әскери бөлімдердің және қоғамдық ұйымдардың үйлесімді жұмысы нәтижесінде өңірде әскери қызметке деген оң көзқарас қалыптасып келеді.

Айта кетейік, осы мақсатта ҚР Қорғаныс министрлігі әскерге қызмет етуге қызығушылықты арттыру үшін бірқатар шаралар қабылдауда. Олардың арасында «Несиелік демалыс» бағдарламасы, бұл қызметке шақырылған азаматтарға қызмет мерзімінде несиелер мен қарыздарды төлеуден босату мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, мерзімді әскери қызметті абыроймен атқарып шыққан азаматтарға «Срочник 2.0» жобасы аясында университеттерге қабылдау емтихансыз түсу мүмкіндігін ұсынады.

Leave a reply