
Кентау қаласы арнаулы кәсіптік колледжі – ерекше білім беруді қажет ететін жастарды кәсіби даярлаудың жаңа моделін ұсынып отырған республикадағы бірегей оқу орны. Мұнда білім беру жүйесі тек мемлекеттік стандарттарға ғана емес, ерекше қажеттіліктері бар жастардың мүмкіндігі мен әлеуетін ашуға бағытталған бағдарламаларға негізделген. Колледжде тігінші, бухгалтер және компьютерлік бағдарламамен қамтамасыз ету мамандықтары бойынша сабақтар жүргізіледі. Бұл мамандықтар еңбек нарығында сұранысқа ие әрі болашақта өз ісін ашуға немесе тұрақты жұмыспен қамтылуға мүмкіндік беретін бағыттар саналады.
Оқу процесі толықтай лицензияға сай ұйымдастырылып, теориялық білім практикалық тәжірибемен ұштасады. Студенттер мамандығының қыр-сырын меңгеріп қана қоймай, өмірлік дағдыларды дамытуға, әлеуметтік бейімделуге арналған қолдауға ие болады. Сонымен бірге колледжде студенттерге цифрлық сауаттылық пен жасанды интеллект негіздері бойынша тереңінен түсіндіріп, заманауи технологияларды игеруге жол ашып отыр. Бұл – ерекше білімді қажет ететін жастарды жаңа деңгейдегі кәсіби ортаға бейімдеудің маңызды қадамы.
«Мүгедектігі бар, ерекше білім беруді қажет ететін 15-29 жас аралығындағы жастарға кәсіби және техникалық білім беретін республикадағы жалғыз колледж болып есептелеміз. Бүгінде 80 студент күндізгі оқу бөлімінде білім алуда. Оқу мерзімі – екі жыл он ай. Үш мамандық бойынша оқытамыз. Қазіргі таңда цифрлық сауаттандыру және жасанды интеллект бағытында да білім берудеміз. Нәтижесінде облыстық және республикалық жарыстарда топ жарып келеміз. Мысалы, республикалық «Мен кәсіпкермін» жобасына жыл сайын өтінім беріп, үш жобамыз іріктеуден өтті. Студенттер келген сәттен бастап бейімделу бағытында жұмыс жүргіземіз. Колледждің ерекшелігі – білім алушыларға әлеуметтік-құқықтық, әлеуметтік-психологиялық, әлеуметтік-медициналық, әлеуметтік-педагогикалық сынды сегіз түрлі қызмет көрсету. Негізгі мақсатымыз – әлеуметтік және медициналық қолдау көрсете отырып, сапалы кәсіби білім беру», – дейді. Арнаулы кәсіптік колледж директорының оқу-өндірісі ісі жөніндегі орынбасары Айнагүл Сейтжанова.
Ел Президентінің жолдауында ерекше білім беруді қажет ететін жастарды қолдау, оларды еңбекке бейімдеу және жұмысшы мамандықтарының маңызын арттыру ерекше атап өтілген. Президент еңбек адамының ел дамуы үшін шешуші рөл атқаратынын, әрбір азаматтың кәсіби білім алып, қоғам өміріне толыққанды араласуына жағдай жасалу керектігін баса айтты. Бұл міндетті жүзеге асыруда Кентау қаласы арнаулы кәсіптік колледжінің атқарып отырған жұмысы айрықша маңызға ие. Ерекше қажеттілігі бар жастарды қолдап, оларды еңбекке баулу – қоғамның әлеуметтік жауапкершілігін арттырып қана қоймай, олардың өмір сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Кентау қаласы арнаулы кәсіптік колледжі – әлеуметтік қолдау мен кәсіптік білімді үйлестіре отырып, жастардың өз мамандығын игеріп, қоғамда өз орнын табуына бағытталған ерекше білім беру орталығы. Білім ордасы болашақ мамандардың сенімді қалыптасуына жол ашып, олардың өмірге деген құлшынысын, кәсібилікке деген ұмтылысын қолдап келеді.











