Мықты білім үздік маман негізі

Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі – өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға айрықша үлес қосып келе жатқан жетекші оқу орындарының бірі. Бүгінде колледжде 12 түрлі мамандық бойынша студенттер кәсіби білім алуда. Еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман даярлауды басты мақсат еткен оқу орны заман талабына бейімделген жаңа бағдарламаларды енгізіп, жастардың кәсіби мүмкіндігін арттыру бағытында жүйелі түрде жұмыс жүргізуде. Автомеханика, дизайн, техника және қызмет көрсету салалары бойынша маман даярлау – колледждің негізгі басымдығы.
Студенттердің тәжірибелік білімін күшейту үшін оқу орны дуалды оқыту жүйесін енгізіп отыр. Қазіргі таңда 319 студент осы жүйе бойынша білім алуда, оның 40 пайызы теориялық білімге, ал 60 пайызы нақты өндірістік ортада тәжірибеден өтуге бағытталған. Мұндай мүмкіндік жас мамандардың кәсіби тұрғыдан шыңдалып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуына жол ашады. Әсіресе техникалық мамандықтарда өндірістік тәжірибенің маңызы зор екені белгілі. Сол себепті колледж аймақтағы көптеген кәсіпорындармен әріптестік байланыс орнатып, студенттердің кәсіби дағдысын жетілдіруге ерекше назар аударуда.
Ел Президентінің биылғы жолдауында еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтарын дамыту және техникалық білім беру сапасын арттыру мәселелері ерекше аталды. Президент өз сөзінде ел экономикасының негізін құрайтын білікті жұмысшы мамандардың тапшылығын атап өтіп, техникалық және кәсіптік білімге басымдық беру қажет екенін айтты. «Ел дамуының шешуші күші – білікті еңбек адамы» деген Президент Жолдауындағы тұжырым қазіргі қоғамның басты бағытын айқындап берді. Бүгінгі таңда өндіріс саласы, қызмет көрсету, көлік және құрылыс бағыттары сапалы кадрларға мұқтаж.
Осы тұрғыдан алғанда Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжінің атқарып отырған жұмысы аймақ үшін ғана емес, ел экономикасы үшін де маңызды. Колледж студенттері тек теорияны меңгеріп қана қоймай, нақты өндірісте еңбек етіп, болашақ мамандығының қыр-сырын үйренеді. Бұл олардың кәсіби деңгейін арттырып, еңбек нарығында сұранысқа ие маман ретінде қалыптасуына жол ашады. Еңбек адамының маңызын арттыру – қоғам дамуының көрсеткіші. Техникалық білім алған жастар жаңа технологияларды меңгеріп, ел экономикасының дамуына тікелей үлес қосады.
Сол себепті колледждің әр түлегі – елдің болашағына салынған инвестиция. Осы мамандықты таңдаған студенттердің бірі Айдос Шынахметов өз әсерімен бөлісіп: «Мен бұл мамандыққа түскеніме өкінбеймін. Бала кезден көлік жөндеуге қызығатынмын. Осы саланы толық меңгеріп, болашақта жеке шеберханамды ашқым келеді», – дейді. Оның арманы – техникалық мамандықтың жастар үшін қаншалықты маңызды екенін көрсететін жарқын мысал.
Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі осындай мақсатты жастардың кәсіби шыңдалуына жағдай жасап, еңбек нарығына қажетті мамандарды даярлауды жалғастырып келеді.











