Сапалы білім — кәсіби маман

0
39

Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі – өңірдегі техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға айрықша үлес қосып келе жатқан жетекші оқу орындарының бірі. Бүгінгі таңда колледжде 12 түрлі мамандық бойынша студенттер кәсіби білім алуда. Еңбек нарығындағы сұранысқа сай маман даярлауды басты мақсат еткен білім ордасы заманауи өндіріс талаптарына бейімделген жаңа бағдарламаларды енгізіп, жастардың кәсіби мүмкіндігін кеңейту бағытында тұрақты жұмыс жүргізуде. Автомеханика, дизайн, техника және қызмет көрсету салалары сияқты маңызды бағыттар бойынша маман даярлау колледждің негізгі басымдықтарының біріне айналған.

Студенттердің тәжірибелік білімін күшейту мақсатында оқу орны дуалды оқыту жүйесін тиімді енгізген. Қазіргі таңда 319 студент осы жүйе аясында білім алуда. Оның 40 пайызы теориялық сабақтар болса, 60 пайызы нақты өндіріс орындарындағы практикалық оқытуды қамтиды. Бұл – болашақ маманның кәсіби тұрғыдан шыңдалуына, жұмыс процесін терең меңгеруіне жол ашатын тиімді тәсіл. Әсіресе техникалық мамандықтарда нақты өндірістегі тәжірибенің маңызы жоғары екені белгілі. Сондықтан да колледж көптеген кәсіпорындармен өзара әріптестік байланыс орнатып, студенттердің кәсіби дағдысын жетілдіруге ерекше көңіл бөлуде.

Колледж директоры Сәтжан Баймұратов оқу орнының бүгінгі жұмысына тоқтала отырып: «Қазіргі таңда колледжде 12 мамандық бойынша студенттер білім алуда. Жыл сайын мемлекеттік тапсырыс аясында 959 студент білім алып келеді. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында биыл алғаш рет автомеханик мамандығы бойынша талапкерлер қабылдадық. Сонымен қатар дизайн мамандығы бойынша да гранттар бөлініп отыр. Біз өңірдегі көптеген жұмыс орындарымен тығыз байланыстамыз, бұл студенттердің тәжірибесін күшейтуге зор мүмкіндік береді», – деп атап өтті. Оның айтуынша, колледждің басты мақсаты – елге қажет еңбек адамының жаңа буынын дайындау.

Ел Президентінің биылғы жолдауында еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтарын дамыту және техникалық білім сапасын арттыру ерекше назарға алынды. Президент «Ел дамуындағы шешуші рөл – білікті жұмысшының қолында» екенін атап өтіп, кәсіби-техникалық білімнің маңызын нақты көрсетті. Өндіріс, құрылыс, көлік, қызмет көрсету салалары бүгінде білікті маманға зәру. Демек, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының рөлі бұрынғыдан да арта түсті.

Осы тұрғыдан алғанда Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі өңірдегі еңбек ресурстарын дайындауға ерекше үлес қосып отыр. Мұнда оқитын жастар тек теориялық біліммен шектелмей, өндіріс орындарында нақты жұмыс тәжірибесін жинақтайды. Бұл олардың болашақта еңбек нарығында сұранысқа ие болуына үлкен мүмкіндік береді. Еңбек адамына деген құрметті арттыру – қоғам дамуының маңызды көрсеткіші. Техникалық білім алған жастар ел экономикасын нығайтуға, өндірісті жандандыруға, жаңа технологияларды енгізуге тікелей араласады.

Сондықтан да колледждің бүгінгі жұмысы – тек білім беру ғана емес, елдің болашақ өркендеуіне салынған берік негіз. Білікті маман даярлау арқылы Кентау жоғары гуманитарлық-техникалық колледжі өңірдің ғана емес, бүкіл елдің өндірістік әлеуетін күшейтуге өз үлесін қосып келеді.

Leave a reply