Созақтық азаматтар жалғыз басты анаға баспана тарту етті
Созақ ауылында 1975 жылы туылған азаматтар игі іске бастамашы болды. 72 жастағы жалғыз басты анаға баспана тарту етіп, қуаныш сыйланды.
Аудан әкімі Мұхит Тұрысбеков игі шараға арнайы қатысты. Баспана иесін қоныс тойымен құттықтап, сый-сияпат табыс етті.
«Бүгін біз өзара көмек пен қолдаудың жарқын үлгісін көріп отырмыз. Әрбір адамға баспана мен жылы орын беру – ең бірінші адамгершілік пен қоғам алдындағы жауапкершілік. Бұл шара біздің өңірімізде ынтымақтастық пен бірліктің нығаюына зор үлес қосатынына сенімдімін», – деді аудан басшысы. Игі іске ұйытқы болған бірқатар азаматтарға алғыс хат табыстап, құрмет көрсетті.
Аудандық мәслихаттың төрағасы Ордабек Жәмиев өз кезегінде жаңа үй иесіне ізгі тілегін арнап, жасалған жақсылықтың тек бір отбасыға емес, барлық аудан тұрғындарына үлгі болатынын айтты.
Сонымен қатар, ауыл қариялары Бейімбет Байғараұлы мен Асылхан Нұрымбетов игі бастамаға қолдау көрсеткен азаматтарға шынайы алғыстарын білдіріп, ұрпақтар сабақтастығы, ынтымақ пен бірліктің маңыздылығы жөнінде сөз қозғады.
«Мен үшін бұл қоныс тойы ерекше күн. Осы қуанышты сәтті бізбен бөлісіп, қолдау көрсеткен барлық азаматтарға алғысым шексіз», – деген баспана иесі өз алғысы мен ризашылығын жеткізді.
Айта кетейік, заман талабына сай жабдықталған жаңа үй 5 бөлмеден тұрады. Үйдің ішкі кеңістігінде жоғары сапалы құрылыс материалдары қолданылған. Ішкі құрылымы толықтай жылу жүйесімен қамтамасыз етіліп, жайлылығы арта түскен. Ауласы қоршалып, қосымша бақша дақылдарын өсіруге мүмкіндік береді.