Мемлекеттік қолдау – кәсіпке жол

0
28

Кентау қаласының тұрғыны, көпбалалы әке Жанболат Үтепбаев мемлекеттік қайтарымсыз грант бағдарламасының мүмкіндігін тиімді пайдаланып, өз кәсібін өркендетіп отырған еңбекқор азаматтардың бірі. Ол «Жиһаз өндірісі» жобасын комиссия алдында жан-жақты таныстырып, кәсібінің болашағын нақты дәлелдеп шыққан. Нәтижесінде оның жобасы оң бағаланып, грант иегері атанып, кәсіпкерлік жолындағы жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізді. Алынған қаражатқа қажетті құрал-жабдықтарды сатып алып, көп жылдан бері жинаған тәжірибесін кәсіби деңгейде жүзеге асыра бастады.

Жанболаттың айтуынша, жиһаз өндірісі — ұқыптылықты, шеберлікті және үлкен жауапкершілікті талап ететін сала. «Жиһаз жасау саласында жүргеніме 15 жылдан асты. Әр бұйымның өз ерекшелігі бар, әрқайсысы кәсіби шеберлікті қажет етеді. Мемлекеттік грант маған жаңа мүмкіндік сыйлады. Енді кәсібімді кеңейтіп, халыққа сапалы өнім ұсынуды жалғастырып келемін», – дейді кәсіпкер. Бүгінде ол тұрғындарға заманауи әрі сапалы жиһаз түрлерін ұсынып қана қоймай, өз еңбегімен табысқа жетудің жарқын үлгісін көрсетіп жүр. Оның ашқан өндірісі отбасына тұрақты табыс көзі болып, қала экономикасына да белгілі бір үлес қосуда.

Ел Президентінің соңғы жолдауында еңбек адамының мәртебесін көтеру, жұмысшы мамандықтарын ынталандыру және шағын кәсіпкерлікті қолдау — экономикалық дамудың негізгі бағыты ретінде аталды. Президент еңбек етіп, кәсіп ашып, өз ісін дөңгелеткен азаматтарды қолдаудың маңызын ерекше атап өтті. «Ел экономикасының негізі — еңбекқор адам және нақты іс өндіретін жұмысшы қауым» деген Президент сөздері жұмыс істеп, кәсіп ашуға ниетті азаматтарға жігер береді. Мемлекеттік гранттар мен жеңілдетілген бағдарламалардың басты мақсаты да — еңбектенуге ынталы жандарға қолдау көрсету, олардың табысты кәсіпкер атануына мүмкіндік ашу.

Жанболат Үтепбаевтың табысты жобасы — осы мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі. Ол өзінің еңбегімен және табандылығымен көпшілікке үлгі болып отыр. Жиһаз өндірісі — жұмысшы мамандықтарының бірі ретінде қоғамда жоғары сұранысқа ие сала, әрі нақты еңбекке негізделген кәсіп. Мұндай мамандық иелері күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдарды сапалы дайындап, халыққа қызмет көрсетеді. Сондықтан бұл жұмыс қоғамға аса қажет әрі қадірлі. Президенттің жұмысшы мамандықтарының беделін арттыру туралы бастамалары осындай азаматтардың еңбегін бағалауға жол ашады.

Көпбалалы әкенің еңбегі — отбасының тірегі ғана емес, өңірдің дамуына қосылған үлес. Мемлекеттен қолдау алып, оны мақсатты пайдалану — еңбек адамының жауапкершілігін, алға ұмтылысын көрсетеді. Жанболаттың өзі секілді кәсіп ашып, отбасын қамтамасыз етіп, елге пайдасын тигізетін азаматтардың көбеюі — қоғамның тұрақты дамуының кепілі. Оның кәсібі — еңбек адамын қолдау бағытындағы мемлекеттік саясаттың өміршеңдігін дәлелдейтін жарқын мысал.

Leave a reply