
Елімізде жасы 50-ден асқан азаматтардың тұрақты жұмыс табуы кей жағдайда қиындық тудыратыны белгілі. Еңбек нарығындағы бәсекенің күшеюі, жаңа технологиялардың енгізілуі, жұмыс берушілердің жас кадрларға басымдық беруі — егде жастағы жандардың мүмкіндігін шектеп жатады. Осындай мәселені шешу мақсатында мемлекет «Күміс жас» жобасын іске қосып, елдегі тәжірибесі мол, еңбекке қабілетті азаматтарды қолдау бағытында маңызды қадам жасады. Бағдарлама қысқа мерзім ішінде көптеген адамға жаңа мүмкіндік сыйлап, олардың қоғам өміріне қайта белсене араласуына жол ашты. Бұл жоба — өмірлік тәжірибесі мен кәсібилігі жоғары аға буын өкілдерін еңбекке тартудың тиімді тетігі болып отыр.
Осы жобаның игілігін көріп отырған жергілікті тұрғындардың бірі – Идирисова Дилдор. Ол «Күміс жас» бағдарламасының арқасында «Разанова» кәсіпкерлігіне жұмысқа орналасты. Бүгінде Дилдор апай ұжымдағы ең жауапты, еңбекқор, айналасына сыйлы қызметкерлердің бірі ретінде танылып үлгерді. Жұмысқа деген ынтасы мен жауапкершілігі оның кәсібіне деген құрметін айқын көрсетіп тұрады.
Дилдор апайдың күнделікті жұмысы дүкенге келген әрбір адамға жылы шәй ұсынудан басталады. Бұл — оның адамдармен қарым-қатынастағы мейірімділігі мен кішіпейілділігін көрсететін қарапайым, бірақ өте маңызды міндет. Сонымен қатар жаңа піскен, хош иісті ыстық бәліштерді әзірлеп сату, жеткізілген өнімдердің сапасын тексеріп, оларды реттеп орналастыру, дүкендегі сатушылық қызметті мінсіз атқару — барлығы да оның күн сайын атқарып жүрген жауапкершілігі жоғары жұмыстары. Жұмысындағы ұқыптылық, уақытты тиімді ұйымдастыру қабілеті мен жан-жақтылығы оның кәсібилігін көрсетеді.
«Күміс жас» жобасының басты мақсаты — егде жастағы азаматтарды қоғамнан шеттетіп қоймай, қайтадан еңбекке бейімдеу, олардың әлеуетін тиімді пайдалану. Жобаға қатысушылар өздерін қоғамға қажет сезініп, өмірге деген көзқарасы мен белсенділігі арта түседі. Бұл — тек материалдық жағынан емес, моральдық тұрғыдан да үлкен қолдау. Осындай бастамалар арқылы мемлекет аға буынның тәжірибесін жоғалтпай, оны қоғам игілігіне қолдануға мүмкіндік береді.
Ел Президенті соңғы Жолдауында еңбек адамының қоғамдағы рөліне ерекше тоқталып, жұмысшы мамандықтарын қолдаудың маңызын атап өтті. Президенттің айтуынша, еліміздің дамуы ең алдымен табанды, еңбекқор азаматтардың қолында. Сондықтан мемлекет түрлі әлеуметтік жобалар мен гранттар арқылы халықтың жұмыспен қамтылуына барынша қолдау көрсетуді жалғастыруда. «Күміс жас» жобасы — осы бағыттағы ең тиімді бастамалардың бірі.
Дилдор Идирисованың еңбегі — осы мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесі. Ол өзінің жауапкершілігімен, адалдығымен, еңбекке деген құрметімен айналасына үлгі болып жүр. Адамдармен тіл табыса білетіндігі, жұмыстың қай түрін де ықыласпен атқаруы — оның кәсібіне деген шынайы сүйіспеншілігін көрсетеді. Мұндай азаматтардың еңбекке қайта араласуы — қоғам үшін де, мемлекеттік саясат үшін де маңызды.
«Күміс жас» жобасы арқылы көптеген тұрғын жаңа өмірге қадам басып, өз мүмкіндігін қайта ашып жатыр. Бұл бағдарлама — аға буынға деген қамқорлықтың, еңбек адамына көрсетілген құрметтің шынайы көрінісі. Дилдор апайдың табысты еңбек жолы — осы жобаның өміршеңдігін дәлелдей түсетін жарқын мысал.












