КЕНТАУ: Еңбек нарығын дамыту басты назарда

0
34

Кентау қаласында «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» бойынша нақты әрі жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Биылғы он ай ішінде 5001 жұмыссыз азамат уақытша және тұрақты жұмысқа орналастырылып, қаланың еңбек нарығындағы оң өзгерістердің негізін қалады. Бұл – өңірде жоспарлы түрде атқарылып жатқан ауқымды шаралардың нәтижесі.

Еңбек нарығын дамыту жұмыстары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау мақсатында қолға алынған болатын. Осыған сәйкес әзірленген тұжырымдама 2030 жылға дейін еңбек нарығын жүйелі түрде жаңғыртуды көздейді. Бағдарлама аясында республика бойынша 3,6 миллион сапалы жұмыс орнын құру жоспарланған. Құжат ұлттық басымдықтар мен халықаралық талаптарды ескере отырып жасалған.

Кентауда осы бағыттағы жұмыстар жоспарға сай орындалып келеді. Мәселен, биыл субсидияланатын жұмыс орындарына 1 585 адам тарту көзделсе, есепті кезеңде 1 483 азамат еңбекке орналасқан. Қоғамдық жұмыстар бойынша да нәтиже жоғары — 697 орын жоспарланып, нақты 792 тұрғын жұмысқа жолданған.

Жастарды жұмыспен қамту бағытындағы шаралар да қарқын алған. Алғашқы жұмыс орындарына 25 жас маман жіберілді. Жастар практикасы бойынша да жоғары нәтижелерге қол жеткізілуде. Қала бойынша биыл 369 жас түлек кәсіби тәжірибесін жинақтау мақсатында осы бағдарламаға қатысып, алғашқы жұмыс орнына орналасты.

Әлеуметтік қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Әлеуметтік жұмыс орындарына 210 азамат қабылданды. «Күміс жас» жобасы аясында 87 зейнеталды жастағы тұрғын жұмысқа жолданды. Сонымен қатар «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы 160 адам кәсіпкерлік негіздері бойынша оқытылып, мемлекеттік грантқа ұсынылған 89 жоба мақұлданып, қаржыландырылды.

Қалада тұрақты жұмыс орындары да қарқынды ашылып келеді. 2 мыңнан аса адамды тұрақты жұмыспен қамту жоспарланған болса, қазіргі таңда 1 057 тұрғын тұрақты қызметке орналасқан. Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашу» тапсырмасы бойынша Кентауда 1 000 орын құру көзделген еді, алайда нақты 1 270 жаңа жұмыс орны ашылып, жоспар артығымен орындалды.

Жақында Кентау арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын жаңа зауыт іске қосылды. «TURAN Shenhua» ЖШС 2,4 млрд теңге инвестиция құйып, жылына 30 мың дана газ қазандықтарын өндіретін кәсіпорын ашты. Қазіргі таңда зауыт 40 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отыр.

Қаладағы өндірістік аймақтар да дамып келеді. Арнайы экономикалық аймақтың аумағы 35 гектарды құрайды. Мұнда екі жоба толық іске қосылған: «KentauRedStar» ЖШС кірпіш зауыты және «Темір бетон» ЖШС темір-бетон бұйымдары өндірісі. Биыл тағы бес жоба іске қосылып, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Индустриалды аймақтың жалпы көлемі 43 гектарды қамтиды. Мұнда он жоба жүзеге асырылып, нәтижесінде 309 жаңа тұрақты жұмыс орны құрылмақ. Сонымен қатар «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркінің құрылысына 9,3 гектар жер бөлінген.

Әлеуметтік осал топтарды жұмыспен қамту жұмыстары да назардан тыс қалған жоқ. Мүгедектігі бар жандарға арналған 15 жұмыс орны бөлініп, оның 8-іне қала тұрғындары орналасты. Жыл басталғалы бері 190 мүмкіндігі шектеулі азамат жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Пробация есебіндегі тұлғаларға да квота бөлініп, 4 адам тұрақты жұмысқа орналасты, ал жалпы есепте тұрған 18 азамат еңбекке тартылды.

Қорыта айтқанда, Кентау қаласында атқарылып жатқан кешенді шаралар «Еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасының» нәтижелі іске асып жатқанын көрсетеді. Жаңа өнеркәсіп орындарының ашылуы, жастарды қолдау, әлеуметтік топтарға мүмкіндік беру, кәсіпкерлікке серпін беру — қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда. Еңбек нарығындағы оң өзгерістер алдағы уақытта да жалғасын табары анық.

Leave a reply