Шөп тиеп теңге табады

0
107
Қазір ауылда да нан табудың түрлі жолдары бар. Тек ерінбесеңіз болғаны.  Мәселен, биыл Шардара ауданында шөп ырғын шықты. Көпшілік шөптің мол қорын жасақтап алу жолында әлі де жиын-терім басында жүр. Ал, енді солардың бір тобы дала шөбін орып, оны тайлап, сатылымға шығару әлегінде. Әйтеуір, қарап отырған бір адам көрмейсіз.
Алатау батыр ауылдық әкімдігіне  қарасты елді мекендердің жастары осы бір қарбалас сәтті тиімді пайдаланып қалуды естен шығармапты. Олар таңертең «КаМАЗ» жүк көлігіне тайланған (престелген) шөп артады. Осы қарқынмен олар күніне 5 «КаМАЗ» жүк көлігін тіркемесімен бірге  жолға шығарады. Бұл көлікке тіркемесімен қосқанда мың орам тайланған шөп тиеледі деген сөз. Жомарт Мамадияров, Сабыржан Жиенбаев, Әбдімүтәліп Әшімов сынды білекті жігіттер күн сайын таңертең осы жұмыспен айналысады. Бұл бір жағынан – спорт, екінші жағынан – табыс көзі. Үшіншіден, әке-шешелеріне көмектеседі.
Олар бір дана тайланған шөпті тиегені үшін 70 теңге алады екен.
5 «КаМАЗ» дегеніңіз 5000 тайланған шөп. Енді есептей беріңіз. Осы қаржыны жүк тиеген үш не төрт жігіт теңдей бөлісіп алады.
– Әрине, бұл науқандық жұмыс. Бірақ, күнделікті түсіп тұрған табыс болғандықтан бізді қызықтырады. Арамызда студенттер де бар. Олар ата-аналарына салмақ салмай-ақ керекті қаржысын тауып алды. Жалпы, еңбек етемін деген адамға жұмыс табылады екен. Жүк тиеу  әуелгіде ауырлау болды, келе-келе үйреніп алдық.  Қазір білектерім шынықты. Тайланған шөпті оңай лақтырамын, – дейді Жомарт.
Шындығында, бұл да еңбек. Адал еңбек.  Базбіреулер «жұмыс жоқ» деген желеу айтады. Қазір жалқаудың күні атпайды. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да атап өтті. Бостан-босқа сандалмай, теңгені күреп тауып жүрген жастарға қалай сүйсінбейсіз?
Сабырбек Олжабай, «Ońtústik Qazaqstan».

Leave a reply