Отырар ауданы әкімінің сапары Балтакөл ауылында бастау алып, жеке кәсіпкер Бөкейхан Нурдаулет Жантөреұлының иелігіндегі «Бөкейхан» шаруақожалығында болды. 20 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкер бүгінде Ресей еліне қауын сатумен қатар қауыннан қақ, қауын құрт өндірісін қолға алған.
Одан кейін ауыл округтегі тары өндіру ісін аралады. Аталған кәсіппен айналысатын Сабыржан Досжанов қуаттылығы сағатына 700 кг тары, 1 тонна талқан, 1 тонна жем өндіретін диірмен ашқан. Қазір екі адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкердің кәсібін дөңгелетіп отырғанына көзін жеткізген аудан басшысы:«Кәсіпкерлік саласы, оның ішінде шағын және орта бизнесті дамыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы мақсатта мемлекет тарапынан қолдау да көп. Жеке бизнестің жілігін шағып, жемісін көргісі келгенге таза ниет болса болғаны. Ол үшін түрлі бағдарламалар қабылданып, қоғам үшін еңбектенемін дегенге мол мүмкіндік берілуде. Шағын бизнесін шарықтатып отырған аудан кәсіпкерлерінің саны күн санап көбеюде. Бұл қуанарлық жайт. Себебі жұмыссыздар саны азайып, жұмыс көзі ашылуда»-деген С.Сұлтанханұлы кәсіпкерлерге алдағы жұмыстарына сәттілік тіледі.
Аудан әкімінің сапары Маяқұм ауылында жалғасын тапты. Ауылда «Туған жерге – тағзым» акциясы аясында мектеп түлектерінің жыл сайын игілікті істер ұйымдастырып, демеушілік жасауы дәстүрге айналған. Бугін Ш.Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінің 2002 жылғы бітіруші түлектері ауылдың кіреберісіне көркем безендірілген қақпа орнатты. Қақпаның ашылу салтанатына арнайы келген аудан әкімі С.Сұлтанханов түлектерге алғысын білдіріп, істеріне береке тіледі. Мұнан соң аудан басшысы Ш.Уәлиханов атындағы мектепке атбасын бұрып, ондағы білім ұясының жай күйімен танысты. «Мектеп – жастардың талантын шыңдап, даналардың түлеп ұшар тұғыры. Ұлттың рухани байлығы – білімінде болса, ұстанар бағыты — тәрбиесінде. Ал, білімнің сарқылмас көзі мектепте. Сіздерге білім беру жолында еткен еңбектеріңіз елене берсін!» – деген аудан басшысы мектептегі ұстаздарға жұмыстарына сәттілік тіледі.
Киелі Отырар өңірінде орналасқан Балтакөл, Маяқұм ауылдарын ел-жұрт қай кезде де бірлігі тарқамаған берекелі ауыл ретінде таныған. Қос ауылдың тұрғындарының еңбекқорлығына, ұйымшылдықтарына қарап сүйсінбеске амалыңыз қалмайды. «Ауылына қарап азаматын таны» демекші өзінің туып-өскен ауылын өз баспанасын қамдағандай кем-кетігін түгендеп, жыртығын жамап, тұрмысын базарлы етуге бар күшін жұмсайтын азаматтар жетерлік.