Еңбек жолын қарапайым мемлекеттік қызметтен бастап, саты-сатымен өсіп әкім орынбасары, әкім қызметтеріне дейін көтеріліп, соның ішінде Түркістан қаласы әкімінің орынбасарлығын жеті жылдан астам уақыт абыроймен атқарып, орынбасар қалпында зейнетке шығып, бүгінде Түркістан қалалық мәслихат депутаты Тәжібек Қалманұлы Мұсаевтың өнегелі өмір келбеті хақында азды-кем әңгімелескен едік.
– Өмір жолы дейтін ұлы жол бар. Әр адамның маңдайына жазылған бағы мен бабы болады. Осы тұрғыдан сіздің өмір жолыңыздың өзіне тән өрнегі қандай болғанын айта кетсеңіз.
– Шынында «Бақ шабады ма, әлде бап шабады ма?» дейтін аталы сөз бар. Көп сырды аңғартып тұрғандай сезіледі. Мен ойлаймын, ең әуелі Алла қолдап, сосын бағым мен бабым қатар шапқан шығар деп. Олай болатынын өмір жолым мейілінше жетістіктерге толы болды. Ел мен жерге қызмет ету бағы бұйырды. Арыдан тарқатып айтар болсам Кентау шаһарына қарасты Ащысай поселкесінде, яғни Қаратаудың құйқалы мекенінің бір пұшпағында жатқан өте көркем жерде өмір есігін аштым. «Балалы үй базар» дегендей отбасында он бір бала болдық. Бәрімізді ел қатарлы өсіріп, алаңсыз өмір сүруімізге жағдай жасау үшін әкеміз кен орнында табан ет, маңдай терін төкті. Таза еңбекпен мал табуды, оны адал табуды жастайымыздан құлағымызға құйып, өмір жолы арқылы өнеге етіп көрсетті. Ал, балдай тәтті балалық шағым сол ауылда өтті. Максим Горький атындағы жалпы орта мектепте білім нәрін алып үлкен өмірге қадам бастым. Ары қарай білімімді шыңдап Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының «Ауыл шаруашылығы өндірісін механикаландыру» факультетін ойдағыдай бітіріп шықтым. Осылайша өмірімнің жаңа келбетін, жемісті парағын бастап кеттім.
– Тәжібек Қалманұлы хақында сөз болса, орынбасар, әкім ретінде жұрт жақсы таниды. Ондағы басты себеп ұзақ жылғы осы саладағы еңбегіңіздің нәтижелі болғанынан болса керек.
– Енді халықпен жұмыс істеу оңай дүние емес. Бірде кей істерің ұнайды. Келесі де енді бір істерің жақпай қалады. Екіншісі қасықтап жиған беделің мен еңбегіңді шелектеп төге салу дегенге алып барады. Содан да қашан болмасын үлкен жауапкершілікпен жұмыстар жүргізуге тура келеді. Алғашқы еңбек жолымды оқу бітірген жылы Жамбыл облысынан бастадым. Кейін туған өлкемнің дәмі тартып қайтып оралдым. Нақтылап айтсам, Кентау қаласындағы автобус паркінде үш жылға жуық механик, жанар-жағармай инженері болып қызмет еттім. Кейін өз мамандығым бойынша Түркістан аудандық ауыл шаруашылығы басқармасына бардым. Онда ауыл шаруашылығы бөлімінде бас маман, аға маман, бас инженер лауазымдарын атқардым. Сөйтіп жүргенде мен қызмет ететін аудандық басқарма қалаға қосылды. Ол жерде де ауыл шарауашылық бөлімі ашылды. Осы кездері қаладан шағын аудандар ашыла бастады. Ал мен сол аудандардың біріне сектор меңгерушісі болып қызметке кірістім. Кейін Иассы ауылдық округінің әкімі болдым. Содан кейінгі жылдарда еңбегім жемісін беріп Түркістан қалалық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы болып төрт жылға жуық тер төктім. Қала әкімінің орынбасары болуды ұсынды. Мен бұрынғы жұмысыма үйреніп қалған адаммын, сондай-ақ ол жұмысты алып жүре алам ба, қиын болып кетеді ме деген екі ойлы сұрақтар туындап одан бас тарттым. Қарсы болғанымның нәтижесі болмады. Ақыры қала әкімінің орынбасары болдым. Бұл қызметті төрт жыл бойы, қала әкімі болған 2017 жылдың желтоқсан айына дейін ойдағыдай алып жүрдім. Жаңа облыс орталығы болып құрылған Түркістан шаһарының тарихи бет бұрысынан кейін өзіме әбден таныс бұрынғы жұмысыма қайтып оралдым. Бұл қызметті үш жылдай өз деңгейінде алып жүріп, атаулы орынды күні кеше қалалық мәслихатқа дептутат болып сайланғаннан кейін босаттым. Еңбек жолымның соңғы жеті жылдан астам уақытын қала әкімінің орынбасары қызметіне арнап, сол жолда тер төгіп орынбасар қалпымда зейнетке шықтым. Қарап отырсам екінің біріне бұйыра бермейтін бақ екен. Бұл да болса халқымның, ел-жұртымның еңбегімді таудай етіп бағалағаны, көрсеткен биік құрметі деп түсіндім.
– Ұзақ жыл мемлекеттік қызметте болып ел үдесінен шығу шынында оңай емес. Осы жолда өз көңіл түкпіріңізде қалған нәтижелі жұмыстар жайлы айта кетсеңіз. Сонымен қатар, халық қалаулысы ретінде алда қандай жоспарларыңыз бар?
– Әрине, қай салада болсын әр істің өз салмағы, дара қиындығы болады. Қыр-сырын, ойлы-шұңқырын білетін сала болғаннан кейін көп қателікке, сәтсіздік атаулыға жол бермеуге барыңды саласың. Бұл менің қызметтік жолдағы иуі қанған тәжірибем. Өмір болған соң, қызмет болған соң әттеген-айы мен өкініші, тіпті артық немесе кем пікірлер болып тұрады. Десе де осы күнге дейін елдің игілігі жолында бірқатар қызметтер атқардық. Жоғарыда айтқанымдай Иассы ауылы қазіргі «Sembol construction» түрік компаниясы салып жатқан «Керуен-сарай» көпфункционалды туристік кешені орналасқан төңіректі алып жататын қаланың ішіне орын тепкен болатын. 2008 жылы Сырдария тасып су тасқыны болды. Осы қиындықтан тез құтылып, үлкен шығынға ұшырамас үшін барымызды салдық. Дария жағасындағы малшыларды арнаулы қырға көшіріп орналастыру жұмыстарын уақытында жүргіздік. Су барлық жерге жайылып басып қалған. Осыған қарамай етігімізбен су кешіп, малшылардың малын аман алып шығу, тұрғын-дарды біржақтылы ету мәселелерін сәтті жүр-гіздік. Сол қиындықтан бірліктің, ынтымақтың арқасында аман-сау өттік десек болады.
Ауыл шаруашылық бөлімін басқарып тұрған кезде шаруалар мәселесіне, соның ішінде суармалы жерлерді көбейтуге көп қарекет жасадым. Мәселен, Жаңа Иқан ауылында сыйымдылығы 7.5 млн текшеметр болатын, 1,5 мың гектар жерді суаруға қауқарлы «Иқан су» қоймасының қажетті жоба-сметалық құжаттарын жасап, осы мәселені арнаулы қозғадық. Бұл жобаны қалалық әкімдік, соның ішінде біздің ауыл шаруашылық бөлімі мұрындық болып айналыстық. Сол кезде жоба салынады деген аймақта қоныстанған отбасылар бар болатын. Солардың барлығын мемлекеттік мұқтаждыққа байланысты жер телімін алу аясында қалалық бюджет есебінен қаржы беріп жаңа орынға қоныстандырып дайындап қойғанбыз. Қазір осы жобаның бас жоспары дайын болды. Енді тек қаржы бөлу мәселесі қалды. Енді біз бас болып көтерген мәселе соңына шығуға жақын. Ал, сол бөлімдегі кезде қолға алған енді бір жоба Сырдариядан «Арыс-Түркістан» каналына су әкелуді жүзеге асыратын «Машинный» канал салу мәселесі болатын. Ұзындығы 41 шақырым болатын «Машинный» каналы екі жерден қойылған насостың көмегі арқылы су құяды. Бұны арнаулы, қыр-сырын білетін мамандар көмегімен жоспарлап, сол тұстағы облыс әкіміне қайта-қайта ұсындық. Жазып та, барып та айттық. Ауыл ақсақалдары арқылы да жеткіздік. Ондағы ойымыз келешекте Шорнақ ауылдық округіне су өте қажет. «Арыс-Түркістан» каналының соңы болғандықтан су жетпей де қалады. Ал дариядан су алынса атаулы ауылға еркін жетумен бірге, қосымша көптеген жерлер игерілетін еді деп ойладық. Қазір бұл жобада қолдау тауып жоспары жасалынып жатыр. Бұл көптеген ауылдық округтерді суландыру мақсатының құлшынысы еді. Енді бір жоба Қарашық өзенінің төменгі сағасынан жалпы сыйымдылығы 1,7 млн текшеметр су жинайтын суқоймасын салған болатынбыз. Осының арқасында бүгінде 300-400 гектар суармалы жер шаруалардың игілігі-не жарап жатыр. Осының барлығы шаруаларға деген айрықша қолдау, ерекше көмектің бір парасы болса деген ниеттің іске асуы болатын. Бұл дегеніміз қаншама жұмыс орнының ашылуына оң әсерін тигізіп, 1,5 мың гектар аумақтың игерілуіне мүмкіндік береді. Тіпті мемлекет салығына кіріс те кіргізеді.
Қалалық мәслихатқа депутат болып сайланғалы өзім қанық білетін шаһар дамуына, халық мәселесін көтеруге бір кісідей атсалысамын деп жоспарлап отырмын. Содан да жетінші шақырылымдағы қалалық мәслихатының бірінші сессиясының төрағасы болуды сеніп тапсырды. Сонымен бірге, бюджет, экономикалық және әлеуметтік даму, нарықтық қатынастарды жүзеге асыру мәселелері жөнінде комиссияның төрағалығын мойныма жүктеді. Ал, қала тұрғындарына айтарым көптеген мүмкіндіктерді пайдалана білген жөн. Ізденем, мамандық жетілдірем, жеке кәсіп ашам деушілерге мүмкіндік өте көп. Қалалық жұмыспен қамту орталығында қайта даярлау курсына қысқа мерізімде мамандыққа баулитын оқуға жолдама беріледі. Оның үш айлығын, алты айлығын оқуға болады. Соны барып оқысақ, жаңа мамандық алып шықсақ құрылысы қызып тұрған Түркістанда айлығы жақсы жұмыстар істеуге болады. Кірпіш қалауды мысалға алсақ, маманы болсаң қаны жерге тимей тұрған сала. Бастапқыда бір кірпіш 7-8 теңге болса, қазір 16 теңгеден жоғары бағаланып жатыр. Ойлап көр, осы мамандықты мықты меңгерсең жағдайыңды түзеп алуға болады ғой. Бізде көбі мемлекеттік қызмет, болмаса күзет болып жұмыс істегісі келеді. Небір қиындығын айтып жұмыс сұрап келетін әйелдер бар. Мен айтам ғой күйеуіңді, ержеткен ұлыңды жұмысқа тұрғыз, күзет емес, мамандық игеріп жұмыс жасауға жібер деймін. Қолымнан келгенше бағыт-бағдар беріп көмектесем. Бізде қара жұмысты, тіпті қарапайым нанға дейін өзге ел азаматтары істейді. Солардың қолынан келеді. Ертең сол жұмысшылар өз елдері дамып, бұл жаққа келудің қажеттілігі болмай қалатын кез болады. Сонда осы салаларды кім алып жүрмек. Басты мәселе әр жұмыстың маманы болып, тетігін игере білу керек. Біреулер қарапайым санайтын сол саланы экономиканың қайнар көзіне айналдыра алсаң міне бұл жетістік. Бұл ғажап жетістіктің биік тұғырынан көріну тек қана өз қолымызда болмақ.
– «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» дейтін аталы сөз бар. Енді балаларыңыз сіз жүрген жолмен келе ме, әлде басқа салада еңбек етіп жатыр ма? «Адам ұрпағымен мың жасайды» демекші алпыс үш жасыңызда бірнеше немере сүйіп, солардың қызығымен шаршауыңызды басып жүрген боларсыз?
– Өз басым жас кезімнен мемлекеттік қызметтің отымен кіріп, күлімен шыққан адаммын. Аталмыш сала аса жоғары жауапкершілікті, қарапайымдылықты, мінезді, сертте берік болуды қажет етеді. Енді айтылған қасиеттерді сөз жүзінде емес, шынайы қалыптастыруға көп күш салдым. Тіпті бойымда осы дүниелер бар-ау деп те ойлаймын. «Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба солай жүреді» дегендей балаларым мен жүрген сүрлеумен, мен жүрген соқпақпен келеді. Анығы әр істі зерделеп, мұқият бақылап, жауапкершілікпен атқаруды бойларына дарытқан. Бүгінгі таңда үлкен ұлым – жеке кәсіпкер. Мейілінше жеңісті де жемісті еңбек етіп жатыр. Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Экономика» факультетінің түлегі. Қосымша заңгерлік мамандығының иегері атанған. Ал, қызым тұрмысқа шыққан. Күйеу бала екеуінің өздерінің игілігіне жетер кәсіптері бар. Екінші ұлым Кентауда қазақ-түрік лицейінде оқып, Алматыдағы Сүлеймен Демирел атындағы университетті «Халықаралық қатынастар» мамандығы бойынша бітірді. Ары қарай білімін шыңдады. Нақтылап айтқанда КИМЭП университетінде магистратураны бітірді. Енді осы ұлым ізімді жалғайтын болуы керек. Мүмкін мемлекеттік қызметке барар. Қатысты орындарға құжаттарыңды өткізіп қой деп ақыл-кеңесімді бердім. Мүмкіндігі өте жоғары. Оның үстіне қазақ, түрік, ағылшын, француз тілдерін еркін меңгерген. Енді ұрпақ адам өмірінің маңызды бір парасы. Шынында жұмыстан шаршап, қалжыраған сәттеріңде сол немерелерді сүйіп, қызығына тоймай бар дүниені ұмытып кететін сәттер болады. Асыл жарым екеуіміз өміріміздің қуанышы мен бақытына бағалап ұлымыздан бес, қызымыздан төрт жиен сүйіп отырған жайымыз бар. Осының барлығына қанағат, шүкіршілік етемін.