«ASIA BREND» – АЗИЯ БРЕНДІ

0
90

Соңғы жылдары қаламызда өнеркәсіп саласы қарыштап даму үстінде. Әсіресе, жиһаз өндірісі алдыңғы қатарда тұр десек болады. Оған дәлел Уйғун Абишев басшылық ететін «Аsia Brend» жиһаз фабрикасы. Аталмыш өндіріс орны өткен жылды табысты аяқтады. Атап айтсақ, Нұр-Сұлтан қаласында өткен «Қазақстанның ең үздік тауары» республикалық көрме-байқауында үздік үштіктен көрініп, «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Басқарма Төрағасы А.Мырзахметовтың «Алғыс хаты» және арнайы сыйлығымен марапатталды.

Кәсіпорынның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аталмыш кәсіпорынға табан тіредік. Уйғун Ибраһимұлы басшылық ететін кәсіпорынның тәжірибелі есепшісі Убайдулла Умаров және орынбасары Айбек Абишевтермен бірге қызу еңбек қарқынын қалыптастырып отырған кәсіпорын жұмысшыларымен танысып, цехтарын аралап көрдік. Әрбір цехтың қабырғасына сапалы өнім, еңбек тәртібі, татулық пен бірлікке шақырушы ұрандардың жазылуы ұжым жұмысшыларын ерекше жігерлендіріп, еңбек өнімділігін арттыруына оң әсерін тигізіп отыр.

– Бұдан жеті жыл бұрын өз кәсібімді ашуға бел будым. Әрбір жұмысты бастар алдында ақыл-кеңес сұрайтын орта болады. Сол кезде маған дұрыс бағыт-бағдар берген жақындарыма алғысым шексіз. Міне, бастапқыда кезіккен барлық қиыншылықтарға мойымай бұл күндері ұжым бірлігінің арқасында үлкен жетістікке жетіп отырмыз. Бүгінгі таңда кәсіпорында 100-ден аса өнім түрлері дайындалады. Негізгі ұранымыз – сапа мен тиімділік,-дейді бізбен сұхбатында кәсіпорын басшысы.

Ия, тұрғындар қалтасына қонымды баға мен ең бастысы сапаға көңіл бөлген Уйғун Ибраһимұлының бұл іс-әрекеті оның жоғары ұйымдастырушылық қабілетін аңғартса керек. Ол Шорнақ ауылына қарасты Қос-мезгіл елді мекенінде 1982 жылы туылған. Шымкенттегі М.Өтебаев атындағы жоғары жаңа технологиялар колледжін экономика-есепші мамандығы бойынша тәмамдаған. Бүгінде жұбайы Диера Қадыржан қызымен Чарос, Тимур, Фарангиз, Мұхаммедәлі есімді ұл-қыздарды тәрбиелеуде.

Жоғарыда есімдері аталған қызметкерлер мен қоса Бақтияр Мамаджанов, Мақсуда Абишева, Дилмұрат Ташметов, Жасур Абдезов, Жаһангир Аметов сынды тәжірибелі мамандар жиһаз фабрикасы жұмысының жүйелі жүруіне өз үлестерін қосуда. Германия, Италия, Түркия, Қытай мемлекеттерінен жеткізілген заманауи құрал-жабдықтарды жетік меңгерген, компьютерлік бағдарлама арқылы күрделі станоктарды басқарып отырған білімді, ақылды жастарды көріп Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы негізгі міндеттердің бірі – Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосылатынына бек сеніммен қарайсың. Олармен сұхбат барысында барлығының өз жұмысын адал атқарып, сапалы еңбегінің арқасында нәпақасын тауып отырғандарына риза екендіктерін айтады. Мұнда жұмысшыларға барлық жағдай жасалған. Арнайы киімдер мен дәмді тағамдар кәсіпорын есебінен берілуі қызметкерлер мен жұмысшыларға әлдеқайда қолайлық пен жеңілдік туғызуда.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанға сапары кезінде қасиетті қала тұрғындары тәртіп пен тәрбиесі, мәдениеті, сондай-ақ жаңашылдығымен басқаларға үлгі болуы керек, деген тілектерін аталмыш өндіріс орнында іс жүзінде жүзеге асқандығын көрдік. «Аsia Brend»тің өнімдеріне Қазақстанда сұраныс жоғары. Бұған басты себеп – жиһаз фабрикасының жаңашылдыққа бет бұрып, тұтынушылардың сұранысын қанағаттандыруында. Аталмыш кәсіпорынның қазіргі таңда

Нұр-Сұлтан, Алматы, Көкшетау, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе, Ақтау, Орал қалаларында арнайы өкілдіктері жұмыс жасайды. Тұтынушылар сұранысына қарай қажетті барлық отандық өнім 100 мыңнан 300 мың теңгеге дейін бағада сатылуда. Ал, тұтынушыларға сатып алған жиһаздарын үйлеріне жеткізу мен құрастыру фабрика есебінен атқарылуы да қосымша жеңілдік болып табылады.

 

Leave a reply