ЖОЛДАУДЫ ҚОЛДАУ ӘР АЗАМАТТЫҢ МІНДЕТІ

0
43

Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың  «ӘДІЛЕТТІ МЕМЛЕКЕТ. БІРТҰТАС ҰЛТ. БЕРЕКЕЛІ ҚОҒАМ» атты халыққа Жолдауы еліміздің болашақ дамуы мен ертеңін айқындады. Алдағы кезеңде елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары белгіленді. Жалпы, әрбір азаматтың көкейінде жүрген мәселені шешуге арналған жаңа Жолдау – ел дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы, олардың өміріндегі жаңашылдықты көрсетті.

Президент жолдауының бастамасы — саяси мағынасының басым болуымен ерекшеленді. «Саяси жаңғыру экономикалық өзгерістерге ұласуы тиіс» деген мемлекет басшысы әлеуметтік тұрғыдан мүлдем аз қамтылған осал топтарға қолдау көрсету өте өзекті екендігін баса айтты. Шағын және орта бизнестің дұрыс бағытта дамуы қажет екендігін мәлімдеді. Президент жолдауының бірінші бағытында шикізатқа тәуелділіктен мүлдем арылу, цифрландыру ісін кедергісіз жолға қоя отырып дамыта түсу және адам капиталына баса мән беріп, ерекше көңіл бөлу айрықша аталды. Мемлекет басшысы бұл жолдауда «Қарапайым еңбек адамына құрмет көрсету» атты ерекше қағидаға екпін берді. 2023 жылы салық кодексі жаңаратыны жайында жолдауда айтыла отырып, бюджет кодексінде шекті нормативтер бекітілетіні белгілі болды. Бюджет үдерістері жеңілдетіледі және кәсіпкерлікті қолдау жалғасын табады. «Самұрық-Қазына ұлттық әл-ауқат қоры» таза табысының жеті пайызы «Қазақстан халқына» қорына аударылатындығы туралы шешім де көптің көңілінен шықты. «Өнім өндіру үшін жер керек» деген Президент бос жатқан жерлерді қайтару арқылы тиімді пайдалану жұмыстары жалғасатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығы саласы, азық-түлік қауіпсіздігі, субсидияның ұзақ мерзімді жүйесін жасау, шаруа қожалықтарын ірілендіру ісі секілді ірі мәселелер бұл жолдаудда баса айтылды. Стратегиялық инвестицияларға басымдық берілген үшінші бағдарда ұлт болашағы, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру және міндетті медициналық сақтандыру жүйесінде атап өтті.

Сонымен қоса, жолдауында жалпыұлттық референдумда қабылданған Конституцияға сай Президент  «Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады» — деді. Сонымен қатар,  мемлекет басшысы Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауын заңнамалық өзгерістер қабылданғаннан кейін 2023 жылдың бірінші жартысында өткізуді ұсынды. «Біз көпшіліктің мүддесімен депутаттардың жаңа құрамын жасақтаймыз»,- деді.    Жолдауда «Ұлттық қор – балаларға» атты мүлде жаңа бағдарлама қолға алынады. Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық табысының 50 пайызы балалардың арнаулы жинақтаушы есепшотына аударылады. Қаржы әр бала 18 жасқа толғанға дейін аударылып тұрады, оны мерзімінен бұрын есепшоттан шығарып алуға болмайды. Жинақталған қаржы балалар кәмелет жасына толғаннан кейін олардың баспана немесе білім алуына жұмсалатын болады. Елге автокөлікті заңсыз кіргізетін арналарды жабу үшін тиісті шараларды да атап өтті. «Биылғы 1 қыркүйекке дейін кіргізілген осындай автокөліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет. Оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын сомада кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынамын. Бұл шаралар іздеуде тұрмаған және кедендік «тазартудан» өткен автомобильдерге қатысты болуы тиіс» — деді Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жалпы, әрбір азаматтың көкейінде жүрген мәселені шешуге арналған жаңа Жолдау – ел дамуы, халықтың әл-ауқатының артуы, олардың өміріндегі жаңашылдықты көрсетті.

Жолдау соңында сөзін түйіндеген Мемлекет басшысы «Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз. Ендеше, Әділетті Қазақстанды бірге құрайық!»,- деп, барша отандастарымызды бірлікке шақырды.  Келешек үшін, ұрпағымыздың ертеңі үшін бірлікті сақтап, аянбай қызмет етейік.

Мақсат ТАҢҒАТАРОВ,

Түркістан қалалық мәслихатының хатшысы.

 

Leave a reply