ТҮРКІСТАН: ҮШ ЖЫЛДА 1760 ҚОНЫС ТОЙЫ

0
50

 

Облыс орталығына айналғаннан бері шаһардың дамуы қарқынды. Өрттей лаулаған тыныс-тіршілігі, жаңа келбеті түрленген үстіне түрлене түсуде. Түлеген өңірге жұмыс бабымен немесе басқа да себептермен қоныстанушылар қосылып тұрғындар саны артып келеді. Ал, жыл сайын ат басын бұратын туристерің көптеп келуі өз алдына. Осы тұрғыдан алып қарағанда баспанаға, сосын қонақ үйлерге сұраныс өте көп.

Біз тұрғындар жайын айтып отырған соң тек баспана жағдайына тоқталғанымыз оң болмақ. Киелі шаһарда соңғы жылдары қоныс тойын тойлаушылар саны едәуір өскен. Көптеп салынып жатқан жаңа құрылыстардың беріп жатқан пайдасының бірі, тиіп жатқан шапағаты деп айту қате болмаса керек.

Мәселен қала бойынша үй кезегінде 2019 жылы он мыңнан асатын азамат бар болса, атаулы сан осы жылы 13500-ге жетіп отыр. Бұл шаһарымыздағы баспанаға зәру осынша отбасы бар деген сөз. Сол үшін мемлекет қазынадан арнайы қаржы бөліп, тұрғынүйге мұқтаж адамдардың мәселесін шешу үшін барын салуда.

Осы жолда жүйелі жұмыстар негізінде жан жадыратар жаңалықтар қатары артып келеді. Атап айтсақ, 2019 жылы 600 отбасы, 2020 жылы 440 отбасы, 2021 жылдың басында 120 отбасы, атаулы жылдың соңына қарай 610 шаңырақ қоныс тойын тойлады. Бұл дегеніміз үш жылда 1760 отбасы баспаналы болды дегенді білдіреді. Енді осылардың ішінде 2021 жылғы табысталған баспана жайына тоқтала кетейік. Бұл жылы Қазақстан Республикасының 30 жылдық мерекесі қарсаңында 40 отбасы баспаналы болыпты. Сонымен қатар, 120 пәтер көпбалалы отбасыларға және әлеуметтік әлсіз топтарға жататын тұрғындарға табысталса, келесі пәтерлер тұрғын үйге мұқтаж отбасылар тізіміне тіркелген көпбалалы және әлеуметтік әлсіз топтағы отбасыларға кезек ретімен берілген екен. Тағы бір айта кететін дүние тұрғын үй кезегінде тұрғандардан бөлек қызметтік пәтерлер, тағы кредиттік жүйемен баспаналар беріліп отыр. Бүгінгі таңда жаңа қала шағын ауданы әкімшілік іскерлік орталығы аумағында 14 көпқабатты тұрғын үйдің 763 пәтері «Отбасы банк» АҚ арқылы және 3 көпқабатты тұрғын үйдің 151 пәтері «7-20-25» бағдарламасы арқылы несиелік жүйемен сатылымға қойылған. Бұл дегеніміз биліктің халық тұрмысын жақсартудағы нақты қадамының көрінісі.

Бүгінде шаһар бойынша әлеуметтік жағынан осал топ 5500, мемлекеттік және бюджеттік қызметкер 4318, тұл жетім 187, көпбалалы аналар 3500, апатты үйлер 1 болып, жалпы 13500 азамат тұрғын үй кезегінде тіркеліп тұр. Мұнда көрсетілген сандық көрсеткіш Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастар туралы» Заңының 68-бабы Халықтың әлеуметтiк жағынан осал топтарына жататын атаулы санаттағы азаматтар болып табылады.

БАРЫС ЖЫЛҒЫ ТҰРҒЫН ҮЙ

КЕЗЕГІНЕ ТҰРУ ТӘРТІБІ ҚАЛАЙ?

Әрине еліміздің әрбір тұрғыны баспана алуға өтініш беруге құқысы бар. Бір сөзбен айтқанда барша азамат мемлекеттен баспана алуға өтініш бере алады. Онда басты шарт ретінде бірнеше критерийлерге сәйкес келу қажет. Осы талаптарға сай келдіңіз болды қимылдай берсеңіз болады. Енді осы мемлекеттік тұрғын үй алуға кімдер өтініш бере алатынын, қандай құжаттар жинау керегін және кезекке тұру үшін қайда жүгіну қажеттігіне тоқталып көрейік.

Бір анық дүние күллі азаматтарға баспаналы болу үшін түрлі бағдарламалар қарастырылған. Нақтылап айтқанда, банк арқылы ипотека рәсімдеу, қызмет бойынша берілетін баспана, сатып алу құқығымен және сатып алу құқығынсыз берілетін жалдамалы пәтерлер, мемлекеттік бағдарламалар немесе әкімдік тарапынан белгілі бір санатқа жататын адамдарды баспанамен қамту жобалары.

Ал, барыс жылғы тұрғын үй кезегіне тұрудың жолдары әдеттегідей. Кәдімгі жылдағыдан бөлекше де емес десек болатындай. Дегенмен тұрғындардың қажетін ескере отырып рет тәртібімен таныстыра кетейік. Ең әуелі кезекке тұрудың екі түрлі жолы бар. Біріншісі «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жеке өтініш. Өзіңізбен бірге дайындалған құжаттар пакеті болуы керек. Екіншісі egov.kz сайтына онлайн өтінім беру. Өтініш беру үшін алдымен жүйеге тіркеліп, авторизациядан өтіп, «Азаматтарды тіркеу және басымдылық» бөліміне өту керек. Содан кейін «Тіркеу және басымдық, сонымен қатар …» бөлімін басып, «Қызметке онлайн тапсырыс беру» опциясын таңдау керек. Онда санат кезегін таңдап, жүйе ұсынған барлық өріске ақпаратты енгізу керек. Мұнда сонымен қатар барлық құжатты цифрлық форматта тіркеп, ЭЦҚ сұранысына қол қою керек. Қолданбаның ағымдағы күйін жеке кабинетте бақылауға болады. Ол үшін «Қызметтерді алу тарихы» бөліміне кіру керек. Өтінішті қарауға 30 күнтізбелік күн беріледі. Нәтижесі өтініш берушіге осы мерзім өткеннен кейін хабарлама түрінде келеді. Нәтиже тіркеу немесе тіркеуден бас тарту болуы мүмкін.

Енді осы жолдар арқылы кезекке тұрмас бұрын сіз заңда белгіленген тұрғын үй кезегіне тұра алатын азаматтар қатарынан табыласыз ба соны анықтау маңызды. Нақтылап айтқанда тұрғын үй кезегіне тұра алатындар төмендегідей:

  1. Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары;
  2. жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар;
  3. халықтың әлеуметтік осал топтары;
  4. көпбалалы отбасылар;
  5. мемлекеттік қызметкерлер, бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, әскери қызметшілер, ғарышкерге кандидаттар, ғарышкерлер, арнайы мемлекеттік органдардың қызметкерлері, мемлекеттік сайланбалы қызметтерді атқаратын адамдар;
  6. Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен жалғыз баспанасы апатты деп танылған азаматтар.

Осы санаттардың ішінде ең көп дау тудыратыны, әкімдік тарапымен келіспей, бізде заң талаптарына тура келеміз деп шуға айналып жататыны «Халықтың әлеуметтік осал топтары» санатына кімдер кіреді мәселесі. Атаулы топқа ҰОС мүгедектері мен қатысушыларына теңестірілген адамдар; мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар; кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратындар: зейнеткерлер; жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар; көпбалалы отбасылар; толық емес отбасылар; I және II топтағы мүгедектер; оралмандар; экологиялық зілзала, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан үйінен айырылған адамдар; мемлекеттік міндеттерді орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары жатады. Енді бір ескере кететін шарты кезекте тұру үшін кемінде бірнеше жыл тұрақты мекенжай тіркеуінің болуы қажет. Сондай-ақ, кезекке тұрған сәтте және соңғы бес жылда өтініш беруші мен оның отбасы мүшелерінде Қазақстан бойынша меншік құқығында тұрғын үй мүлкі болмауы керек.

 

ТҰРҒЫН ҮЙ ЖАЛДАУ АҚЫСЫНАН

ҮМІТІМІЗ БАР

Жылдар бойы ушығып, маңызды мәселе ретінде қаралып келе жатқан баспана жырының шешілу жолдары мейілінше ұсынылды. Десе де атаулы жобалар мәселені түбегейлі шешіп бере алған жоқ. Уақыт өткен сайын күрделі һәм шешуі жоқ түйіншекке айналып келеді. Қаңтар оқиғасынан кейін баспана тақырыбы жандана бастады. Нақтылап айтқанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында үй кезегінде тұрған азаматтарға баспана берудің жаңа платформасын іске қосуды тапсырды. Анықтап айтсақ, 1 мамырға дейін іске қосуды тапсырма етіп жүктеді.

Атаулы бастама – елдің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған мемлекеттік бастама екенін нақтылап айтты. Сонымен қатар « «Отбасы банк» пен Цифрландыру министрлігі бірігіп, жаңа платформа құрып, пәтер жалдап отырған мұқтаж азаматтардың тізімін сонда орналастыру, өтініштері қабылдауы тиіс. Мұқтаж азаматтардың пәтерақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан беріледі. Азаматтарға бұл біршама көмек болары анық. Әрі азаматтар үй жалдағысы келген жерді өзі таңдауы қажет. Құрылыс компаниялары мен шенеуніктер бұған араласпауы тиіс», — деді президент Қасым-Жомарт Тоқаев.

Оқып отырғанымыздай көрінген жерді паналап жүрген мұқтаж азаматтарға баспаналы болғанша мейілінше көмек жасалмақ. Мына жерде отырасың, біз көрсеткен жалдамалы пәтерді таңдауға ғана болады дегендей шеңбер жоқ. Бір сөзбен айтқанда әркімнің өз еркі өзінде.

Мұндағы басты үміт те, басты мақсат та біреу. Баспана мәселесін қолдан келгенше оңға сүйреу. Күтілетін нәтиже бойынша тұрғын үй жалдау ақысын бюджет есебінен субсидиялау шарасы 10 жылда 500 мыңнан астам қазақстандықтың баспана мәселесін шешеді. Осы қатарда киелі шаһар тұрғындары да болады. Белгіленген заңнамаға сай келетін әрбір қала тұрғыны атаулы мүмкіндіктен игіліктене алады. Осылай бағамдасаң айтарлықтай бастама екені анық. Осы алғашқы жылдың өзінде шамамен баспанаға мұқтаж 70 мыңнан астам отбасы осы механизммен қамтылып, жалдау ақысынан үнемделген қаражатты үй сатып алуға жинай алады. Осы жұмыспен айналысатын тарап «Отбасы банк». Былайша айтқанда ерекше роль берілген.

Енді осы жоба біразымыздың арманымызға жол ашып, сөнген үмітімізді жағады десек болатындай.

ШАРЫҚТАУЫ МҮМКІН БАҒА.

ОЙ ТОЛҚЫТҚАН КҮДІК

Тұрғын үй жалдау ақысын бюджет есебінен субсидиялау мүмкіндігі көп көңіліне үміт отын жақты. Кемі осы қатарда шаһар тұрғындарының аз да болса үлесі бар екені анық. Ендігі мәселе осы шара қолға алынғанша жалдамалы пәтерлер бағасы қалай болмақ? Бізді ойландырып, толғандырып отырғаны да осы.

Облыс орталығына айналып түрленуге жол алған шаһардың өркендеуі үлкен мақтаныш болды. Бөркін аспанға атып қуанбаған адам кемде кем. Осы бір қуаныштың қадамын алыстатпай қымбатшылық та ілесе келді. Алып шаһарда бар қымбатшылық қой деп айта салуға да болар еді. Бірақ бұл ән алдыңғыдан өзгеректің кебінін киіп отырмыз. Ел бойынша ең арзан қаланың бірнеше жылда ең қымбат қалға айналуы ойландырады.

Қымбатшылықтың арта түсуі көп салмақ салары ақиқат. Онсызда жұмыссыздардың саны да айтарлықтай көп, ал жұмысы бар кейбір топтың айлығы шайлығына да жетпейтіні шындық. Осы тұрғыдан саралағанда тұрғындардың өмір сүруі күрделеніп, толып жатқан қиындықтарға бетпе-бет келіп отыр.

Аталған қымбатшылықтың ішінде тек жалдамалы баспана жайына тоқтала кетейік. Облыс орталығы болудан ілгері ең мықты деген, барлық жағдайы жасалған баспананың құны 40 мың теңгеден аспайтын. Ал, ең арзандары он мың теңгеге дейін, былайша айтқанда жасалған жағдайына, орналасқан аумағына қарай баға түрленіп отыратын.

Бүгінгі таңда жоғарыдағы бағалардың барлығы өң мен түске айналған. Ғаламтор арқылы жарнамаға шығатын жалдамалы пәтерлер құны шарықтап-ақ тұр. Мұндағы баға ең алдымен, орналасқан жеріне байланысты өсіп отырады. Орталыққа неғұрлым жақын болса, соғұрлым қымбат. Пәтер еурожөндеуден өткен болса, ол баға үстіне баға қосады. Ең қымбат пәтерлер орналасқан аумақ ретінде әкімшілік-іскерлік аумақтағы тұрғын үйлерді, Сырдария кешені аумағын, сосын Сауран мөлтек ауданы аумақтарын атап өтуге болады. Сонымен қатар кейбір жер үйлердің 400 мың теңге дейін бағаланып жатқаны тағы бар. Аталған аумақтарда 1 бөлмелі пәтердің, 30 шаршы метрі 60-80 мың теңге болса, 2 бөлмелі, 3 бөлмелі пәтерлерді жағдайына қарай 90 мың теңгеден жоғары бағалап отыр. Оның сыртында коммуналдық шығынын жалдаушы төлейтін ескерсек ол да біраз жерге барады.

«Көп балалы отбасы ретінде үй кезегіне тұрғаныма көп уақыт болды. Үйге қашан қолым жететінін білмеймін. Жұмысқа жақын жерлерден пәтер іздегенмін, көп жерлерде қымбат 100 мың теңгенің үстінде. Бүгінде пәтердің бір айына алатын айлық жалақымнан көбірек ақша төлеймін. Оның сыртында коммуналкасы бар, барлығы қалтаға ауыр түседі. Тіпті арзанын іздейін десең өтірік қызмет көрсететін агенттер пәтер тауып береміз деп ақша сұрайды. Ақиқатында басқа қалалардағы пәтерлердің суретін көрсетіп алдауға көшеді», — дейді шаһар тұрғыны Тоғжан Әбілова.

Ендігі айтар түйін онсызда қымбатшылық еңсеріп тұрған пәтер бағасы тағы да қымбаттай түседі ме деген күдік. Өзі би, өзі қожа болып отырған пәтер иелері мемлекет онысызда елу пайызын төлейді, ал мұндай көмек болмаған кезде де төлеп келген деп баға өсіре беруі бек мүмкін. Осының боларына да таңғалмаймыз. Шындап келгенде қандай да бір құзырлы органдар бақылауына алып отырмаған жалдамалы пәтерлер бағасы құбылмалы. Егерде баға тағы өсіп кетер болса мемлекеттік тараптан болатын көмектің тағы желге ұшқаны. Қарапайым есеппен ең төменгі жалақыдан сәл жоғарылау айлық алатын тұрғын осыған дейін өз күшімен жалдамалы пәтерге айына 90 мың теңге төлеп келсе, атаулы көмекке орай пәтер бағасы екі есеге дейін өссе баяғы жартас сол жартас болып қала береді дегендік. Осындай келеңсіздіктің орын алмауы үшін қатысты орындар алдын алу шараларын жүргізеді деп үміттенеміз.

Ал, баспанасыздық жырын айтып келгенде ойымызға тағы бір күдік оралады. Шаһардағы 13500 тұрғын үй кезегіне тұрды дедік. Енді осының сыртында шынайы мұқтаж бола тұрып, белгілі себептермен кезекке ілінбей қалғандар қатары бар ма? Бар болса сол отба-сылардың мәселесін шешудің жолдары қалай жүргізіліп жатыр. Қалай болмасын заң шеңбе-рінде жұмыс істей отырып, әрбір тұрғынның жағдайын жіті назарда ұстау жауапты орынның міндеті екенін айта кету ләзім.

Келесі мәселе ел аузында жиі айтылып жүрген күмәнды ой толқыны. Анықтап айтқанда әуелгісі көп жалдамалы пәтер иелері түрлі жолмен үй кезегіне тұрып баспаналы болғандар дейтін сөз болса, екіншісі қолы әзер жетіп алған пәтерлерін жалға беріп жүр деген қауесеттер. Өкінішке орай, үйлі болып күйін түзеген азаматтардың осындай харекетке барғаны туралы мәліметтер жоқ емес. Кезегінде осы тектес оқиғаларға шара қолданып, тіпті алдын алу мәселелері қаралған. Қажет болған жағдайда баспанадан айырылатыны да қатаң түрде ескертілген. Бұдан шығатын қорытынды шын мұқтаждар қол жекізе алмай сарсаңға түсіп, қасіреттің күйін кешіп өлгенде жететін баспанаға жеңіл жолымен жетіп, оны табыс көзіне айналдыру ардың таразысы көтермейтін іс екенін ескерген оң болмақ.

PS: Баспанаға жету жолдары туралы ақпарат осыған дейін де айтылып келеді. Қалай болғанда да «өз үйім өлең төсегім» арманына жету әрбір шаһар тұрғынының басты ұмтылысы. Әйтеуір кезегі келіп, болмаса бағдарлама арқылы болсын бақ жана жатар. Асық алшысынан түсер күнде бұйырар. Анығы, баспаналы болу бақытына қол созғандар арманына жетер күнде алыс болмаса керек.

Leave a reply

Ақпарат қорғалған