МЕМЛЕКЕТ ҚОЛДАУЫМЕН 1800-ГЕ ЖУЫҚ ЗЕЙНЕТКЕРГЕ ШИПАЖАЙҒА ЖОЛДАМА БЕРІЛДІ

0
104

Биыл Шымкенттегі мүмкіндігі шектеулі жандар мен зейнеткерлерге шипажайға тегін 6000 жолдама беру жоспарланған. Бұл меженің бүгінде 1800-ге жуығы іске асты. Тұрғындарды қаладағы «Денсаулық, Түлкібас ауданының «Ақсу-Жабағылы» және Тараз қаласының «Айша бибі» шипажайларына жіберу ұйымдастырылуда.

Қазіргі таңда Шымкент қаласында  82 821 зейнеткер бар.  Оның ішінде ҰОС ардагерлері – 20, тыл еңбеккерлері – 3 153. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа»иегерлерінің саны — 10 667. Бүгінде 1748 жолдама зейнеткерлерге шипажайда ем қабылдауы үшін берілді. Шипажайларға жолдама берілу жұмыстары мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жүзеге асырылады.  Қазір пандемияға байланысты 2020 жылы өтінІш бергендер жіберіліп жатыр.

Санаториялық-курорттық емдеу Ұлы Отан соғысының қатысушыларына және оларға теңестірілген тұлғаларға, зейнеткерлік жастағы «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлеріне тегін беріледі. Ал, құрмет демалысына шыққандарға  жолдама құнының 50 пайызын төлеумен беріледі.

Айта кетейік, «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі аймақтық қоғамдық кеңесі осы күнге дейін екі отырысын өткізіп, тұрғындардың осал топтарын қолдап, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қолайлы орта қалыптастыру бойынша маңызды мәселелерді талқылап, оның шешілуіне ықпал жасаған.

Leave a reply