Айтыс – қазақтың қасиетті өнері

0
37

Айтыс – қазақтың қасиетті өнері.  Біз айтыс өнерінің майталманы, қазақтың арқалы ақыны, бүгінде саясатта да өз қолтаңбасын қалдырып жүрген түркістандық Бекарыс Шойбековты әңгімеге тартып, сыр-сұхбат құрғанбыз.

— Бекарыс Ақсақалұлы, естуімізше Сізді білетіндер айтысқа кездейсоқ келген деп жатады. Соған қарамастан қарсыласыңызға есе жібермейтін адуынды ақын ретінде танылдыңыз. Айтыңызшы, сізге бұл қасиет қайдан дарыған?

—Иә, дұрыс естігенсіз. Мен айтысқа өз қалауыммен емес ұстазымның, одан қала берді анамның ықпалымен шыққан адаммын. Алғаш рет мектеп қабырғасында оқушылар арасында өткен жарыста бақ сынадым. Мектепаралық жарыста айтысатын адам таппай апайымыз мені ұсынып жіберген. Бір ауыз өлең құрай алмаймын деп қарсыласқаныма қараған жоқ. Ал анамның той-жиында топ жарып, ән салып, өлең шығаратын қабілеті бар еді. Ол кісі 4-5 шумақ өлең жазып берді соны жаттап алып, айтысқа шығып қарсыласымды жеңгенім бар. Одан кейін аудандық жарысқа бардым. Ол жерде тағы да жаттап алған өлеңімді әуелеттім. Бірақ қарсылас қыздың сен жаттап келдің деген сөзіне намыстанып ойдан екі шумақ өлең құрап жібердім. Мұндай жарыстар бізге шабыт берді. Ақындық жолға түсуімізге себепкер болды. Ауданнан шыққан бүгінде елімізге танымал біраз ақындар осы оқушылар арасындағы айтыста шыңдалған.  Ақындық  өнерге келу жолым осылай басталды. Жалпы, маған өзінің аналық қамқорлығынан бөлек айтыскер ақын болуыма жол көрсеткен жан анам болды.  Маған ақындық анамнан дарыса керек.

—Тағы бір сұхбаттарыңызда ақындықтан гөрі көкпар шабу жаныма жақын депсіз…

  —Ақындығым анамнан, көкпарға қызығатын ат құмарлығым әкемнен дарыса керек. Әкем ат құлағында ойнайтын атаққұмар, сері жігіт болған. Ол рас, егер айтыс пен көкпар екеуінің бірін таңдау керек болса, мен сөзсіз көкпарды таңдар едім. Мен дәл көкпарға қызыққандай айтысқа қызықпаймын. Айтыс үшін талай көкпардан қалғанмын. Айтысқа бару керек болған соң көкпарға бара алмай өкінген кездерім болған. Алайда, көкпарға бара алмай қалған күні өз-өзіме сыймай, қатты құлазу сезімі болады. Аса шабандоз емеспін, бірақ  жылқыларым біраз көлік ұтты. Өзім жылқы бағамын. Тіпті Алматыда өткен көкпарда автобус да ұтқанбыз.

—Қанша жерден көкпарды айтысқа айрыбастауға бармын, дегеніңізбен Сізді еліңіз айтыстың ақтаңгері деп таниды. Тағы артқа шегініп, ақындық өнеріңізбен үлкен сахнаға шыққан кезіңізді, яғни республикалық ақындар айтысының додасына іліккен сәтіңізге тоқталсаңыз.  Ол кезде кімдермен айтыстыңыз? Жүлделі орынға бұйырды ма? Жалпы, ұтымды, сәтті шыққан сөз тіркестерін есіңізге түсірсеңіз…

— Ең алғаш рет республикалық айтысқа шыққанда небәрі сегізінші сыныпта оқитынмын. 1990 жылы Шымкент қаласында Орта Азия республикалары ақындарының айтысы болды. Жыр аламанына Есенқұл Жақыпбеков, Тәушен Әбуова, өзбекстандық ақындар Мекенбай Омаров, Оңғарбек Оразбек, қырғыз ақыны Әшірәлі Айталиев қатысты. Алла қолдап, сол айтыста бас жүлдені жеңіп алдым. Ордабасы ауданында өткен Көпбай Омаровты еске алуға арналған ақындар айтысында Алтынгүл Қасымбекова деген әріптесім әрі әпкем болатын сол кісінің “Отырарда не жаңалық болып жатыр?” деген сөзіне мен “Жасалынған жақсылық көп Отырарда, ұшырап көргенім жоқ тоқырауға, жыл сайын бір трактор мінгіземіз, өзіңдей алма мойын тотыларға” деп  тақырыпқа сәйкес айтқан ұйқастарым әлі есімде.

— «Айтыстың киллері» атануыңыз жайдан жай емес, үлкен сахналарда әрдайым бас жүлделерді қанжығаға байлап жүрдіңіз? Айтыңызшы неше мәрте көлік міндіңіз? Алғашқы көлігіңізді өзіңіз міндіңіз бе? Жалпы, алған жүлделеріңізбен бөлісесіз бе?

—Айтыс сахнасында есебіне жете алмайтындай көлік мінген жоқпын. Жұрттар “мынанша” көлік міндім деп жатады ғой. Мен олай есептеп көргенім жоқ. Дегенмен, қателеспесем  ондаған көлік мінгені рас. Ең бірінші шабандозымды Қырғызстанның айтыскер ақыны Әшірәлі Айталиевке мінгізіп,  ақ батасын алдым. Ал, қалған жүлдені өзімнің қажетіме жұмсай отырып, ұстаздарыма ізет көрсеткен кездерім болды.

—Бүгінде саясатта жүрсіз. Өзіңіз шығармашылықтың адамысыз, саясат шығармашылығыңызды шыңдауға кері әсерін тигізбей ме? Жалпы саясатқа келудегі мақсатыңыз не?

—Менде саясатқа келейін, саяси өмірге араласайын деген мақсат, міндет әу бастан болған емес, бірақ өмірдің ағынымен, заманның талабымен, өзімнің өсіп жетілуіммен былайша айтқанда, уақыттың еншісі деп қабылдадым. Кез келген азамат өсіп жетілген кезде қоғамның белгілі мүшесі ретінде адал қызмет етуі тиіс. Сол себепті, қай салада жүрсекте осы мүддеде ғана жүрміз.

—Бүгінгі таңда Балалар және жасөспірімдер орталығының директорысыз, мұның алдында Түркістан қалалық білім бөлімін басқарғаныңызды білеміз. Қазір айтысты сағынбайсыз ба? Айтысқа қатысуға шақырту алып тұрасыз ба? Соңғы рет сахнаға қай кезде шығып едіңіз?

—Шүкір, қазір айтыс тоқтап қалған жоқ. Әрдайым өтіп тұрады. Қатты сағындырып жатқан жоқ деп айта аламын. Себебі, осы кешегіге дейін көп жарыстар өтті. Дәл қазір елде орын алған су тасқынына байланысты  мәдени көпшілік шаралар тоқтап тұр. Соңғы рет, осы жылдың көктемінде жаңылыспасам, 1 наурыз күні, Сауран ауданының 3 жылдығына орай ұйымдастырылған айтыс болды. Сол жерде біраз айтысып шер тарқаттық.

—Сізді қазіргі таңда облыстық мәслихаттың депутаты ретінде де танимыз. Мандат иесі болғаннан бері қандай мәселені шешуге ұйытқы болдыңыз? Алда тағы да нендей жәйттерді атқарсам деген ойдасыз? Келесі сайлауда тағы да депутаттыққа түсер ме едіңіз?

—Қазір депутаттардың бекітілген кестеге сай қандай жұмысты атқару керектігін, яғни, негізгі міндеттері, жауапкершіліктері деген сияқты жұмыстарын атқарып жатырмыз. Соның ішінде мен мәслихаттағы депутаттық этика және әлеуметтік мәдени даму комиссиясының мүшесімін. Осы комиссияда қаралатын мәселелердің барлығына жауаптымын. Жалпы, біздің комиссияда білім, мәдениет саласы, әлеуметтік, тұрғын үй құрылыс, спорт саласына қатысты мәселелердің бәрі талқылынады. Осы салалардағы негізгі өзекті мәселелердің барлығын дұрыс шешіммен атқаруға тырысамын. Дін  мәселелесіне де шамам келгенше өз үлесімді тигіземін. Мен ең басты күшті білім  саласына құямын. Қазір білім саласын үлкен мән беріліп, педагог мәртебесі туралы заң шығарылды. Білімнің сапасын көтеруге жұмыс жасаса екен деген тілекпен осы салаға барынша күш салып жатырмыз. Ал, алда депутаттыққа сайлауға қатысатынымды тек бір Алла біледі, сол кездегі уақыттық талабына қарай көрерміз.

—Бекарыс Ақсақалұлы бүгінгі айтыс өнеріне көзқарасыңызды білсек, осы салада тәрбиелеген шәкіртіңіз бар ма? Шымкентте Қаратау мектебінде ақындар сыныбы бар. Түркістанда ақындарды тәрбиелейтін, бағыт беретін  орта бар ма?

—Түркістанда сахна өнерін көркем етіп, тәрбие беретін “Өнер мектебі” Шымкенттегі мектептен бұрын 2009 жылы ашылған. Оның негізгі мақсаты- дәстүрлі өнерді қолдау болды. Ол жерде айтыс, терме, жыр терме, дәстүрлі ән, күй сыныптары бар. Дәстүрлі өнер мектебін қазір өзімнің шәкіртім Тұрар Тілеулиев деген азамат басқарып отыр. Бұл мекемеден өсіп өнген оқушылар алды студент болып, Астанадағы Еуразия университетінен биыл дипломдарын алып, бұйырса осы өнер мектебіне келейін деп жатыр,  осындай жоспарымыз бар. Одан бөлек, Нұрдаулет деген ақын жігітіміз осы мектептің түлегі еді, қазір Ясауи университетінің дипломын алғалы отыр. Сол жігіт менің жолымды қуып келе жатыр деп айта аламын.

—Өздеріңіздің іздеріңізді басып келе жатқан жастардан мықты суырып салма ақын ретінде кімдерді айтар едіңіз? Оларға айтар кеңесіңіз…

—Өзіміздің ізімізді басып келе жатқан  жастар өте көп. Кеше ғана осында, Түркістан облысы мен Жамбыл облысы арасында командалық айтыс өтті.  Осы жарыста біз тек жастарды ғана шығардық. Аллаға шүкір, олар үмітімізді ақтап келе жатыр. Мәселен,  Қажымұқан Абзалды, Дәурен Ақсақалды, Аян Нысанбекті және де тағы да басқа ақындарды, ертеңгі күні ұялмай біздің облыстың намысын қорғай алады деп сеніммен айта аламыз. Олар мектеп көрген ақындар, осы өнер мектебінен қанаттары қатайып шыққан жастар, Әселхан апамыздың алдын көрген тұлғалар. Сондықтан, олар айтыстың қыр сырына әбден қанық. Біздің олардан сұрайтынымыз, үнемі үздіксіз ізденіс қана.

—Уақыт бөліп сұхбат бергеніңізге рақмет!              

Арайлым МҰРАТБЕК, 

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ студенті,

Түркістан қаласы

Leave a reply