Стиль қалыптастырудың да пайдасын көрдім

0
56

«Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда, үлкен арман керек екен адамға»,-деп Мұхтар Шаханов атамыз айтпақшы журналистика саласында қызмет етіп жүрген, жас болсада өзін маман ретінде танытып үлгерген журналист, ХҚТУ түлегі  Балерке Әсілханмен арнайы сұхбат жүргізген болатынбыз.

Сұхбатымызды неліктен журналистика мамандығын таңдағаныңыздан бастасақ?

–Әлемге әр адамның өз үні болады. Әу баста қоғамдағы оқиғаларды «өз» көзқарасым мен баяндау үшін таңдағанмын. Уақыт өте білім игеру арқылы журналистиканың МЕН ұғымы емес екенін ұқтым. Журналистиканы руханиятқа қызмет ету үшін таңдадым.

–Журналистке қажетті дағдыларды қалай меңгердіңіз. Бұл салада ЖОО-ның функциясы қандай?

–Қазіргі тенденция журналисттен жан-жақтылықты талап етеді. Білім инемен құдық қазғандай болса, ол білімді дағдыға айналдыру одан да қиын деген сөз. Теорияны меңгергеннің ұтымды тұстарын көп байқадым. Стиль қалыптастыруда да пайдасын көрдім. Бір түсінгенім-журналистика өмір бойы оқып өтетін сала. Әйтпесе, көштен қаласың. Журналист үшін трагедия-жазғаны үшін қуыстану ғой жалпы.Проблемалық материалдың артында тағдырлы адамдар тұрады. Сезіну керек. Түйсіну керек. Біреуге қылдай қиянат жасамау керек. Университеттегі ұстаздар мені тек мамандыққа тәрбиелемеді, адамгершілікке де үйретті. Қоғамдағы этика, мораль туралы ұстанымдарым қалыптасты.

–Шерхан Мұртаза: «Журналисттің жегені-жантақ, арқалағаны- алтын» — дейді. Сізге осы салада кім немесе не мотивация береді?

–Төлеген Айбергеновтың: «Қай кеудені жылытады лапылдаған отпенен,
Өз кеудесін жылытуға құдіреті жетпеген»,- дегені бар. Әр адам руханиятының қамын өзі жегені дұрыс. Ел арасында қыздардың тұлғасына қатысты «журналистика бай қылатын емес, байсыз қылатын мамандық» деген тұжырым кең етек алған. Мен ойлаймын, бастысы-өзің болу. Мың мүдде «мен мұндалап» тұрса да, өзің болудан баз кешпеу. Мені жігерлендіретін ой-өткенге қарағанда өзегіме өкініш орнамайтындай өмір сүру. Бүгін адам, ертең топырақ болатын өмірде сыйластықтан асқан сезім жоқ. Алатын айлығың, не жеп, не кигенің абсалютті түрде нөлге тең. Бұл салада пайда алғаным емес, пайдалы болуға талпынғаным мені жігерлендіреді.

–Әлемде пандемия өршіп тұрғандықтан жұмыссыздық деңгейі күрт жоғарылады. Көптеген елдерде жұмысшыларды қысқарту науқаны жүрді. Дипломыңызды қолыңызға алған соң, жұмысқа қалай орналасамын деген ой болды ма?

–Дипломды қолыма алғаннан оқуды жалғастыруды ойладым. Шетелде білім алғым келген. Бірақ диплом приложением қате екенін кеш біліп, бағдарламаның ішкі талаптарына сай келмедім. Қазақстанда білімімді жалғастырған аса қызықтырмады. Пост кеңестік переспективадан шыққым келді. Дегенмен келер жылы тағы да талпынып көремін. Студент кезден әрекетімді жасап, фрилансер ретінде материал жариялап жүретінмін. Бұл жұмысқа тұрарда үлкен артықшылық болды. Журналистика-парасыз жұмысқа тұра алатын санаулы салалардың бірі екені жасырын емес. Адам да ниет болса, бәрі оңай. Індет өршіп тұрған уақытта журналистік қызметке білек сыбана кірісіп кеттім. Жас журналистерге айтарым, ғаламторда іздеу жүйесіне атыңыз жазылғанда, сапалы материалдар тұрса, жұмысқа орналасу еш қиын емес. ЖОО уақытын тек теорияға сарп етпей, медиа кеңістікте есімін қалыптастыруға тырысу керек.

–Қазіргі тенденция тілшілерден нені талап етеді. Сұранысқа ие маманның тұлғасын қалай қалыптастыруға болады?

–Қазірде журналистика жаңалыққа көзі ашық, өзгерісті жеңіл сіңіретін мамандарды қажет етеді. Фотограф, Видеограф, IT,шетелдік БАҚ-ты жіті бақылау, сараптама жасай білу, адамдармен тіл табыса білу, дерек көздермен дұрыс жұмыс істеу-маңызды.
Бір анығы-журналист әдебиетші болуы маңызды емес.Бұрынғыдай тілдік қордың байлығы өзектілігін жоғалтқан. Ақпаратты қысқа, нақты жеткізсе болғаны. Көбіне шетелдік журналистерді бақылағанды жақсы көремін. Ағылшын тілін жақсы білмесе де, олардың материалдары жақсы бағаланады. Себебі, журналистиканың функциясы-аудиторияға ақпарат беру. Журналисттің шеберлігі медиа материалды сата білуімен ерекшеленеді. Ақшаға емес әрине, оқырманның санасына сата білуімен.Адам қабылдаған ақпаратын 72 сағатта жойып отырады. Не естен кетпеуі мүмкін екенін таблоид автор болғысы келетін әр маман ойлай білгені дұрыс. Соңғы уақытта пластик, ерекше адамдар тақырыбында жаздым. Пластик 450 жылда ыдырайды.Демек ол тақырып өзектілігін сонша уақыт жоғалтпайды.Ел назарынан кейде қалып жатқан проблемаларды көре білген жеткілікті. Ғаламдық, республикалық, жергілікті мәселелерді түрлі ракурста көрсете білетін журналист аудиторияның жадын иеленеді.

–Балерке,ханым әңгімеңізге көп рақмет!

Сұхбаттасқан: Балнұр Қалдыбек,Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ 4-курс студенті

Leave a reply