КІТАПХАНАҒА КІТАП СЫЙЛА
Еліміздің болашағын баянды етіп сақтаудың кілті – рухани жаңғыруда екені анық. Кітапты жанымызға серік ету арқылы осы көздеген межемізге адаспай тауып жете аламыз. Ендеше, кітапхана ісін қолдау – қоғам дамуының басты міндеттерінің бірі болып табылатындығын ескере отырып, «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында Құмтүйін жалпы білім беретін мектебінде «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы өткізілді.
«Оқуға құштар мектеп» жобасы мектеп жасындағы балалардың кітапқа құмарлығын оятумен қатар, танымдық-мәдени дамуына жол ашады. Сол мақсатқа жету жолында жас оқырмандар алдында бірнеше міндеттерді жүктейді. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы оқушыларды оқу мәдениетіне тәрбиелеу кітапқа деген құрмет пен сүйіспеншілігін қалыптастыру, ең бастысы кітапты оқуға құштарлығын шыңдау болып табылады. Оқушының функционалдық сауаттылығын арттыру жолында, көркем әдебиетті оқу арқылы тіл тазалығын сақтап, ұлттық тәрбиеге деген қызығушылығын ояту басты нысана болары белгілі. «Кітапханаға кітап сыйла» акциясы аясында мектебіміздің кітапхана қорына 41 кітап сыйға тарту етілді. Халықтың рухани байлығын дамытып, кітапхананың кітап қорын көркем әдебиеттермен толықтыру, оқырман мен кітапхана арасын нығайту бұл біздің басты мақсатымыз.
Клара АТАХАНОВА,
Құмтүйін жалпы білім беретін мектебінің кітапхана меңгерушісі.