Рақымжан Жаманқұлов жаңа кәсіптің көзін ашып, көпке үлгі болып жүрген азамат. Оның ашқан кәсібі артық ақшаны, ыңғайлы жай-орынды, тіпті жарық пен жылуды да қажет етпейді. Көптің қызығушылығын танытқан бұл жаңа бастама бізді де бей жай қалдырмады. Сонау сауалдың жауабын алу үшін арнайы Састөбеге ат басын бұрып, ағамыздың ауласына ендік. Аз ақшамен қомақты қаражатқа дейін жетелейтін бұл істің ауқымын біз алғашында көлемді кең сараймен немесе арнайы бір жабдықталған орынмен елестеттік. Бірақ ағамыздың ауласынан ондай дүниені көрмедік. Таңданып, “кәсібіңіз қай жерде, жаяу біраз жүреміз бе”,-деп сұрадық. Сөйтсек, ағамыз үйдің артындағы 200 кв/м шөп көмкерілген жерді көрсетіп «осы ғой» демесі бар ма? Аң-таң күйде, абдырап тұрған ағамызды сұрақтың астына алдық.
-Иә, сіздер кәсіп дегенге үлкен аураны елестеткен боларсыздар деп өзім де ойлап едім. Бірақ, бұл көп орынды, көп салымды, артық дүниені қажет етпейтін өте тиімді бизнес түрі десем де болады. Ұлтарақтай жері бар әр қазақ ауласынан осы кәсіпті ашып, несібесін табатынына сенімім зор. Кәсіп кәсіп деп жатқаным- шылаушын. Иә, қызыл калифорниялық шұбалшыннан өңделіп алынатын экологиялық таза әрі табиғи тыңайтқыш Биогумус деп аталады. Биогумустың құрамында өсімдікке қажетті барлық макро-мезо-микроэлементтер, ферменттер мен дәрумендер бар. Сонымен қатар, топырақты тірілтетін тірі гумин,фульво қышқылдары да кездеседі. Биогумуста ауыр металдар мен арамшөп өсіретін тұқымдар, гельминт құрттарының жұмыртқалары мүлде болмайды. Табиғи таза өнім химиялық тыңайтқыш сияқты топырақты улап, ондағы макро-микроорганизмдерді өлтірмейді, керісінше топыраққа қажет макро-микроорганизмдерді бірге апарып, жерді тірілтіп, құнарлы дәрежеге әкеледі.
Биогумус тұрақты түрде, жоғары сападағы экологиялық таза, денсаулыққа пайдалы жемістер мен көкөністер өсіруге көмек береді. Бұл жаңа саланы дамыту арқылы біз Қазақстанның ауыл шаруашылығын дамытуға орасан зор үлес қосамыз. Ал, енді мен бұл бастамаға қалай келдім. Бәріне осы сұрақтың жауабы қызық шығар. Бұл сала Жетісай, Сарыағаш аудандарына осыдан 3-4 жыл бұрын келген. Бәріңіз білесіздер ол аудандарда ауылшаруашылығы өте жоғары деңгейде дамыған. Жалпы, аудан тұрғындарының 80-90 пайызы диқаншылар мен егіншілерді құрайды. Жалғыз аяқ жолына дән егіп, одан мол пайда тауып жүрген жер емген егіншілердің барлығы сол аудандарда. Ал негізгі көзі Өзбекстан елінен шыққан. Қазіргі таңда ауданымызда мен білетін 6 кәсіпкер осы шұбалшын арқылы биогумус алып, өнім өсіріп, оны сатып мол табысқа кенеліп жүр. Бұл өзге азаматтарға да үлгі болады деп сенемін. Көріп тұрған калифорниялық қызыл шұбалшын кәдуілгі топырақта емес осындай қара қоңыр көңде өмір сүреді. Шұбалшындар осы көңді азық қып, асқазанынан өңдеп, табиғи таза өнім етіп шығарып береді. Мен алғашында бұл кәсіпті наурыз айында 1 кв көлемде шұбалшындарды Сарыағаш қаласынан сатып алып бастадым. Қой, сиыр, жылқының малағын алып, оны жуып, арнайы жерді ыңғайластырып, малақты төсейсіз. Сосын мына шұбалшындарды жібересіз де үстін шөппен көмкересіз. Өйткені, күннің ыстығынан шұбалшын жатқан көң кеуіп кетпес үшін. Шұбалшындар екі ай ішінде 10 есе көбейетін қасиетке ие. Бұл кәсіптің өзіне тән екі ғана шарты бар. Бірі –дымқылдығын басты назарда ұстау керек, екіншісі- температурасы 25 градустан аспау қажет. Бар керек талабы осы. 1 кв жерден бастаған кәсібім қазіргі таңда 200 кв жерге жетті. Жалпы, кәсіпте екі бағыт бойынша жұмыс жасалынады. Олар шұбалшындарды көбейту және биогумусты алу. Нарықта биогумусқа сұраныс өте көп. Бірақ, біз қажетті сұранысты өңдеп бере алмай отырмыз. Өйткені, айналысатын азаматтар аз. Ойлап қарасаңыз, бұл кәсіп нағыз ауыл азаматтарына лайық, оңтайлы жұмыс. Өйткені, ауылда жер бар, су бар тіпті бос уақыт та жетерлік. Жұмыс жоқ деп аяқты аспанға көтеріп жатқаннан ауладағы бос жерге шұбалшынды алдырып, қорадағы малдың малағын жиып қарасаңыз, мол қаражатты қалтаңызға салуыңызға мүмкіндік мол. Тек әрекетке берекет. Бұл кәсіппен айналысқан кәсіпкерлердің өнімі жерде қалмайды, сұранысы көп. Сондықтан ойланбастан осы кәсіпті нәсіп етуге барша азаматтарды шақырамын,- дейді шұбалшын өсіріп, шаруа бастаған Рақымжан ағамыз.
Иә, екі қолға бір күрек ұстап, ауласынан алысқа шықпай-ақ нәпақасын тауып жүрген еңбекқор ағаларымыздың қатары көбейе берсін дейміз. Биогумусты өндіріп, ауламыздан табиғи жеміс-жидекті жұлып жегенге не жетсін. Табиғаты бөлек, топырағы құнарлы түлкібас жерінде бұл сала қарқынды дамыса, нұр үстіне нұр болары сөзсіз. Егін егіп, диқаншылық жасап жүрген ағаларымыз ойланатындай дүние деп білдік. Еңбегіңіз еленіп, кәсібіңіз мол қаражатқа кенелтсін дегіміз келеді.