ТҮРКІСТАНДА ТУРИЗМДІ ДАМЫТУҒА ТЫНДЫРЫМДЫ ТІРЛІКТЕР АТҚАРЫЛУДА
Елбасымыз Н.Назарбаевтың 19 маусым 2018 жылғы №702 Жарлығымен облыс орталығы ғасырлар бойы Қазақ хандығының және бүкіл түркі әлемінің саяси әрі рухани орталығы болған Түркістан қаласына көшірілді. Көне қаланың жаңа мәртебеге ие болуы тұтас түркі халықтарының назарын аудартқанын жақсы білеміз. Әсіресе, бұл шешімді түбі бір түркі халықтары өте жылы қабылдады. Тағдырлы шешімдер қабылданып, бәтуалы басқосулар мен келелі кеңестер өткен шежірелі шаһар енді Қазақстанның туризмін жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндіктер берді. Өйткені, облыстың алдағы жылдардағы негізгі даму бағыты осы саламен үндесіп жатыр.
Рухани шаһарда туристерге кешенді қызмет көрсету мақсатында туристерге қызмет көрсету орталығы «Визит Центр» ашылды. Орталықта мультимедиа, этнографиялық зал және «Қазақ хандығы» залы, кітапхана, кәдесыйлар дүкендері, кофехана, шығыс бағы, қолөнершілер орындары қарастырылған. Туристердің қала ішінде киелі орындарға қолайлы тасымалдау үшін орталықтың 10 электр көліктері қызмет атқарады. Алыс және жақын шетел туристеріне 3 тілде қызмет көрсететін аудиогид құрылғылары бар. Туризмді дамыту стратегиясы шеңберінде орталық қаланың барлық көрікті және киелі жерлеріне қолжетімді бірыңғай нүктесіне айналуы, сондай-ақ туристерге арналған барлық ілеспе ақпарат пен сервистерді ұсыну орталығы болуы жоспарлануда.