ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДА ЖЫЛЫНА 65 МЫҢ ТОННА МАҚТА ТАЛШЫҒЫ ӨНДІРІЛЕДІ

0
32

Мақтаарал ауданындағы «ZHANASSYL» мақта өңдеу зауыты «ақ алтын» жинау науқанын бастады. Индустриалды аймақта орналасқан кәсіпорын биыл мақта қабылдау көлемін 30 мың тоннаға жеткізуді жоспарлаған.

Бүгінде Мақтаарал, Жетісай аудандарындағы 12 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар мақта қабылдау пункттерінде 200-ге жуық шаруа қожалығы тартылған. Яғни 2400 шаруа қожалығы мақта теріміне қатысуда. Сондай-ақ мақтаның бір келісін кәсіпорын 250 теңгеден қабылдап жатыр. Мақта терімі аяқталған соң, зауыт ішінде мақтаны өңдеу жұмыстары жалғасады. Өңдеу процесі барысында таза мақтадан мақта талшықтары дайындалып, Қытай Халық Республикасы мен Еуропа елдеріне экспортталмақ.

Аталған мақта өңдеу зауыты 2022 жылы толықтай іске қосылған. Бүгінде кәсіпорында 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Зауыт күніне 600 тонна таза мақтаны өңдеп шығарады. Оған қоса 180 тонна мақта талшығы өңделеді. Нәтижесінде жылына шамамен 65 мың тонна мақта талшығы шығарылады.

Айта кетейік, Мақтаарал индустриалды аймағында мақта өңдеумен қатар, асфальт және бетон қоспаларын өндіру, жоғары технологиялық мақта тазарту зауыты, бетон бұйымдарын өндіруге арналған өндірістік желі зауыттары іске қосылған.

Мақтаарал ауданы экономикасының негізгі драйвері — ауыл шаруашылығы. Биыл жергілікті диқандар 61 мың гектар жерге егін екті. Оның ішінде 36,3 мың гектары мақта дақылы. Мақта дақылынан алынатын өнімділікті және сапасын арттыру мақсатында Өзбекстандық «Globаl Textile» компаниясымен келіссөздер жүргізіліп, алғаш рет жаңа «Намаган-77» тұқымдық шит егілді. Биыл бұл компания Мақтаарал ауданында өзінің мақта қабылдау пункттерін ашып, 10 мың гектар алқаптан шикізат қабылдау жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мақта қабылдау зауыттарымен қоса мақтаны терең өңдеу фабрикаларын салу жоспарлануда.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының Мақтаарал ауданына жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандардың жай-күйімен танысты. Жаңа «Намаган-77» мақта сортын өсіруге кіріскен шаруалармен кездесті. Атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтады. Жаңа сортты айналымға енгізу арқылы мақтаның аса қауіпті зиянкестеріне қарсы өңдеу шығыны азайып, мақта өнімділігін арттыра отырып, қосымша табысты арттыруға болады.

Мақтааралға іссапарында өңір басшысы «Қазақ мақта шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында болып, тәжірибе орталығының жұмысымен танысты. Ғалымдармен жүздесті. Облыс әкіміне мақта кластерін дамыту, сапасын арттыру барысындағы жұмыстар мен элиталық тұқымдық шит, бәсекелестікке қабілетті отандық мақта сорттары таныстырылды. Өңір басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Leave a reply