Түркістан – түркі өркениетінің тұтқасы

0
60
«Ясауи атамыз қазақ ұлтының ұлттық идеологиясын жасады» деген филология ғылымдарының PhD докторы Нұрхалық Әбдірақынның жазбасы көптен бері көкейде жүрген ойыма қозғау салды.
Н.Әбдірақынның «Ясауи ілімі қазақ ұлтының бас идеологиясы болғаны айдан анық. Абылай хан бастаған қазақтың хан-сұлтан, игі жақсылардың Түркістаннан жырақта өмір сүрсе де, соңғы демінде өздерін Ясауидің жанына апарып жерлеуді өсиет еткенін терең ойлансақ, біраз дүниенің басы ашылары хақ. Ясауи ілімі қазақ мәдениетінде, дүниетанымында, менталитетінде, әдебиетінде (өлең-жырларында), мақал-мәтелдерінде, салт-дәстүрлерінде күні бүгінге дейін айқын көрініп тұр» дегенін ой елегінен өткізіп көруді жөн санадым.
Біріншіден, Түркістан – түркі әлемінің алтын бесігі. Тек түркі әлемі ғана емес, әлем саяхатшыларымен жаһангерлер тәнті болған қасиетті мекен ғұлама ойшыл Қожа Ахмет Ясауидің ілімімен тығыз байланысты. Стамбұл қаласының тұрғыны Эртин Арда «Түркістан – стамбұлдықтар үшін, түріктер үшін өте маңызды қала. Қожа Ахмет Ясауидің шәкірттері Анадолыға келіп, ағартушылықпен айналысты. Олардың түріктің әдебиет әлемі мен мәдени өміріне өлшеусіз үлес қосқанын тарихтан жақсы білеміз» депті QAZAQ.TV-ға берген сұхбатында.
Екіншіден, Ясауи ілімі – түркі халықтарында ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар  топтамасы. Ясауитанушы Айнұр Әбдірәсілқызы Ясауи ілімін бірыңғай діни-мистикалық ілім ретінде бағалаудың дұрыс еместігін айтады.
«Ясауи ілімі – ең алдымен рухани-моральдық ілім. Түркі халықтарына ортақ ұлы ойшыл Ясауи жасаған ілім өз бастауын түркі халықтарының ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтарынан алады. Қожа Ахмет Ясауи осы рухани құндылықтарды жинақтап, қорытып, оны ислам дінінің қағидаларымен үйлестіріп, біртұтас ілімге айналдырды. Ясауи өз ілімінің барлық қағидаларын ханафи мазхабы ұстанымдарының аясында дамытты. Ясауи ілімі барша түркі халықтарының, соның ішінде ол дүниеге келген өлкенің иесі – қазақ халқының да ислами дүниетанымына негіз болып қаланды.
Қазақ халқының діни-ислами түсініктері Ясауи ілімінің аясында қалыптасты. Ұлттың ар-ождан кодексі рөлін атқарған Ясауи ілімінің негізгі ұстанымдары қазақ халқының рухани-моральдық қағидаларында көрініс тапты. Мұның нақты мысалын біз халқымыздың ізгілікке, имандылыққа негізделген әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерінен, жыр-аңыздары мен мақал-мәтелдерінен, кешегі жыраулар поэзиясы мен би-шешендердің нақыл сөздерінен, Абай, Шәкәрім, Мәшһүр Жүсіп секілді көрнекті тұлғаларымыздың туындыларынан айқын аңғарамыз.
Сондықтан халқымыздың ұлт болып қалыптасуы мен дамуына, ұлттық ерекшеліктерінің берік сақталуына Ясауи ілімі тікелей әсер етті деп сеніммен айта аламыз. Соңғы кездері айтылып жүрген: «Қытай халқы үшін Конфуций ілімінің мәні қандай болса, Қазақстан қоғамы үшін Ясауи ілімінің маңызы да сондай ерекше» деген пікір осындай келелі ойлардан түйінделген тұжырым.   Ясауи ілімі тек тарихи рөл атқарып қана қойған жоқ. Бұл ілімде қазіргі қоғамға қажетті идеологиялық ұстанымдардың барлығының негізі қаланған. Қазіргі зайырлы, өркениетті Қазақстан қоғамына зәру парасатты идеология мен қастерлі қағидалар Ясауи ілімінде көрініс тапқан. Рухани тәжірибесі аса бай қазақ халқы өзінің ұлттық бастауларындағы осындай табиғи, тұнық ілімдерді жаңғырту арқылы жаһандану жағдайында да өзінің бірегей болмысын сақтап қала алады. Тарихтың тар жол, тайғақ кешуінде ұлтты ұйыстыра білген Ясауи ілімі қазіргі қазақ қоғамына да рухани бағдар болмақ. Тамырын туған топырағымыздан алатын, ұлттық болмысымыз бен ділімізге етене жақын Ясауи ілімін бүгінгі Қазақстан мемлекетінің идеологиялық тұғырнамасы ретінде орнықтыруға барлық негіздер бар»  деген тұжырымдар жасайды Айнұр Әбдірәсілқызы.
Идеология дегеніміз – қоғамдағы экономикалық қатынастарды белгілі әлеуметтік таптың тұрғысынан бейнелейтін идеялар мен  теориялардың жүйесі. Идеологияның ерекшелігі ол қоғамдық таптар мен әлеуметтік топтар мүдделерінің бір жүйеге келтірілген және теориялық жағынан қорытылған бейнесі болуы керек. Ал, мемлекеттік идеологияның басты мақсаты – Қазақстанның тәуелсіздігі мен экономикалық саяси қуаттылығын арттыру.
2021 жылдың 31 наурызында болған Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің бейресми саммиті аясында Түркістан түркі әлемінің рухани астанасы болып жарияланды. Осы саммитте Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Біздің мақсатымыз – түркі әлемін XXI ғасырда маңызды экономикалық және мәдени-гуманитарлық кеңістіктің біріне айналдыру. Түркі өркениетін жаңғыртуды, ең алдымен, Ясауи мұрасы мен қасиетті Түркістанды әлемге танытудан бастауға шақырамыз. Сол себепті бүгінгі саммит «Түркістан – түркі әлемінің рухани астанасы» деп аталып отыр» деді.
Түркістан қаласы сәулеті жарасқан қала ретінде дамып, Қожа Ахмет Ясауидің өмірі мен әдеби мұрасы – түркі тілдес ұлттарды бір-біріне жақындатуы керек. Түркітілдес ұлттардың қарашаңырағын ұстап отырған жергілікті ұлттың ұйыстырушылық факторы ұмыт қалмауы тиіс.
Атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи түркілерді исламға ұйытып қана қойған жоқ, сонымен бірге, түркінің көнеден келе жатқан мәдениетін, тілін, әдет-ғұрып, салт-дәстүрін түгелімен қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Өйткені, VIII ғасырдың екінші жартысында ислам дінін қабылдаған түркілер X-XII ғасырларға келгенде өзінің дәстүрлі мәдениетінен, тілінен, мемлекеттік жүйесінен толығымен ажыраған болатын. Алғашында ислам дінін қабылдау тек дінді емес, бүкіл араб болмысын қабылдау деп түсінген түркілер арабтанып, парсыланып кеткен еді. Қожа Ахмет Ясауидің ислам дінінің басты талабы иман екендігін түсіндіруі, иманы бар адамның мұсылман болып саналатынын сезіндіруі, арабтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын қабылдамай-ақ әрбір мұсылманның өз мәдениетін сақтауы мүмкін екендігіне көзін жеткізуі түркілердің өздерінің дәстүрлі мәдениетіне қайтадан  бет бұруына мүмкіндік берді. Қожа Ахмет Ясауи түркі мәдениетін сақтап қалу ғана емес, оны қайта жаңғырту жолында да көп еңбек етті, – дейді дінтанушы ғалым Зікірия Заманханұлы.
Расында да, XIX ғасырдың аяғы ХХ ғасырдың басында Түркістанда белгілі бір тарихи жағдай мен тарихи үрдістің қажеттіліктерінен туындаған қоғамдық-саяси және мәдени-идеологиялық қозғалыс – джадидизм қалыптасып, өркендеді. Ол ұлттық интеллигенцияның ел мен халықтың жағдайын терең саяси ұғынуына, Түркістан қоғамын жүйелі жаңғырту бағдарламалары мен жобаларының дүниеге келуіне, нәтижесінде тәуелсіздікке қол жеткізуге септігін тигізді. Джадидизм Түркістан жастарын ұлттық, әлеуметтік ояту және көтеру ісіндегі негізгі қозғаушы күш болды.
Түркістан джадидасының өркендеуі патшалық Ресей империясының отаршылдық езгісінен босатумен, тәуелсіздікке қол жеткізу және әлеуметтік жүйе мен басқару жүйесін реформалау, экономикалық артта қалуды жеңу және әлемдік өркениеттің жетістіктерін игеру арқылы демократиялық мемлекет құрумен байланысты екені белгілі. Сонымен қатар, ұлттық-мемлекеттік қайта өрлеу, Түркістанның тарихи прогрестің алдыңғы шептеріне шығу процестерінде джадидтер басты рөлді көзі ашық, рухани бай және саяси қалыптасқан прогрессивті жастарға берді. Сондықтан олар, әсіресе өз қызметінің бастапқы кезеңінде, білім беруде пісіп-жетілген мәселелердің шешімін көрді.
Жаңа ұрпақты тәрбиелеу, халықты ағарту міндеттерін қамтамасыз етуде джадидтер әдебиет пен театр өнерінің рухани-адамгершілік әсеріне, ұлттық мерзімді баспасөзді дамытуға маңызды орын берді. Олар арқылы түркістандық джадидтер өткеннің қалдықтарына қарсы күресті; білім беру жүйесін түбегейлі қайта құру және қоғамды жаңарту идеяларын насихаттады; темекі шегу, маскүнемдік, азғындық, әйелдердің теңсіздігі сияқты қоғамдық мәселелерді қатты сынға алды. Сонымен қатар, олар оқырмандарды шетелде болып жатқан оқиғалармен таныстырып, Түркістан өңірінің экономикалық, саяси және мәдени өміріндегі өзгерістер туралы айтып берді. Олар жастарды білімге, мәдени-рухани деңгейін арттыруға және адамгершілік жағынан жетілдіруге, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жаңғыруы мен саяси өміріне белсенді қатысуға шақырды. Джадидтердің пікірінше, білімді жастар ұлттық мүдделерді қорғап, Түркістанның тарихи прогрестің алдыңғы шебіне шығуына ықпал ете алады.
Осылайша, бүгінгі Тәуелсіз Қазақстанның ғасырлар тоғысында ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын қалыптастыру мен нығайтуда Ясауи ілімі мен қасиетті Түркістан ерекше мәнге ие. Себебі, Ясауи ілімі мен қасиетті Түркістанның көне түріктердің мәңгілік ел идеясы  қазіргі ұлттық мүдде, халықтың рухани өрлеуі, жаңа өмір салты мен ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясымен сабақтас. Атап айтқанда, түріктік ынтымақтастыққа қол жеткізуде «Біртұтас Түркістан идеясы», «Түркістан конфедерациясы», «Еуразиялық одақ идеясы», «Қазақстандық ұлт идеясы», «Жерұйық», «Атамекен», «Қазақ елі идеясы» сынды ұғымдар арқылы қазақ халқы мен тарихи тағдыр тоғыстырған ұлттарға ортақ Ясауи ілімі – түркі халықтарында ғасырлар бойы қалыптасқан рухани құндылықтар  топтамасының мемлекеттік мәнге ие боларлық идеологияны қарастыруда мүмкіншілігі зор.
Ясауи ілімі ұлт-азаттық идеяларымен және бүгінгі қазақстандық патриотизм идеяларымен де үйлесімді сабақтасады.
Сондай-ақ, Түркістан қаласының түркі интеграциясы жолындағы қызметінің мақсатты бағыттарының бірі экономикалық ынтымақтастыққа негізделген. Түркістан қаласын дамытуда өңірдің ресурстық әлеуетін бағалай отырып, қойылған мақсаттарға қол жеткізудің жаңа тәсілдерін енгізуді  талап еткен өңір басшысы Өмірзақ Естайұлы Шөкеев облыс орталығы ретінде дамып келе жатқан қаланы белсенді агломерациялық процестер аймағына айналдыруда. Мақсат айқын, ол – Түркістан қаласын индустриялық қалаға айналдыруды қамтамасыз ете отырып, әлемдік деңгейге көтеру!
 
Қанат ЖҮНІСБЕКОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Leave a reply