“ҚУАТТЫ ӨҢІРЛЕР – ЕЛ ДАМУЫНЫҢ ДРАЙВЕРІ”: ТҮРКІСТАНДА 2000 МЫҢ ОРЫНДЫҚ БІЛІМ ОШАҒЫ САЛЫНУДА
Түркістан қаласында «Жайлы мектеп» жобасы аясында 2000 оқушыға арналған мектептің құрылысы жүріп жатыр. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған мектептің құрылыс барысымен танысып, мердігерлер мен жауапты басшыларға жұмысты сапалы атқаруды тапсырды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен елімізде «Жайлы мектеп» жобасы жүзеге асады. Ұлтық жоба аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді.
– «Жайлы мектеп» – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тікелей бақылауында тұрған жоба. Осы мектептер арқылы білім сапасын көтеру көзделіп отыр. Сондықтан білім ұясының құрылысы талапқа сай әрі жоғары деңгейде жүргізілуі тиіс. Тұрақты қадағалауда болады, – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған жобаға тапсырыс беруші – «Samruk-Kazyna Construction» АҚ, бас мердігер – «Каратас Майнинг» ЖШС. Жер аумағы – 5 гектар, мектетің көлемі 22 мың шаршы метрден асады. Алып мектепті жыл соңына қарай пайдалануға беру көзделіп отыр.
Одан кейін облыс әкімі «Turkestan-Arena» стадионына барып, алаңға жерасты жылыту жүйесін салу жұмысын көрді. Бұған дейін «Ontustik Construction» ЖШС тарапынан стадиондағы ескі футбол алаңы толық тазаланып, жаңадан алаң астындағы суағар құбыры жүргізілген. Қазіргі таңда «Turkestan-Arena» орталық стадиондағы футбол алаңына «Star-Stroi» ЖШС жерасты жылыту жүйесінің құбырларын орнату жұмыстарын аяқтады. Кіші құбырлармен коллектор арасындағы жалғау жұмыстары жүргізілді. Енді арнайы құм төселіп, жасыл желек отырғызылады.
Өңір басшысы жауапты тұлғаларға стадиондағы жасыл алаңға қатысты әрбір құрылыс жұмысын қатаң қадағалап, бақылауда ұстауды тапсырды.
Ал облыста екі жылда 300 орындық 11 мектеп, 600 орындық 25 мектеп, 900 орындық 15 мектеп, 1200 орындық 6 мектеп, 1500 орындық 4 мектеп және 2000 орындық 2 мектеп салынады. Жоба аясында 2023 жылы құрылысы басталатын 29 мектептің жер телімі «Samruk-Kazyna Construction» АҚ меншігіне өткізіліп, бүгінгі күнге, құрылыс-монтаждау жұмыстары басталды. 29 мектептің құрылысы 2024 жылы аяқталып, пайдалануға беріледі деп күтілуде. Ал қалған 34 мектептің құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, 2025 жылы пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Бүгінгі таңда құрылысы биылға жоспарланған 29 мектептің 27-сінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін мердігер және жобалаушы мекемелері анықталды. Қалған 2 мектебі бойынша сатып алу конкурсы өткізілуде. Қорытындысы биыл қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.