Wednesday, December 4

СЕНАТОРЛАР ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНЫҢ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК ДЕҢГЕЙІМЕН ТАНЫСТЫ

0
138

Шымкент қаласына ҚР Парламенті Сенаты депутаттары Нұрлан Бекназаров пен Айгүл Қапбарова іс-сапармен келді.

Сенаторлар әуелі Шымкент қалалық полиция департаментінің жұмысымен танысты. Полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Ералы Жұмаханбетов полиция қызметін жақсарту бойынша департаментте атқарылып жатқан жұмыстар мен бұл бағытта жергілікті әкімдіктің көрсеткен қолдаулары жайында айтып берді.

Бүгінде қоғамдық тәртіп бақылауын күшейту мақсатында қалаға 3,5 мың көше бақылау камералары қойылатынын және алдағы уақытта шаһардың барлық аумағын камералармен қамтамасыз ету міндеті тұрғанын жеткізді. Кездесу барысында Н.Бекназаров тұрғындардың қауіпсіздігін сақтау, жергілікті полиция қызметін жақсарту бағытында Парламент Сенатында бірнеше заңдардың қаралғанын және Үкіметке арнайы ұсыныстар берілгенін атап өтті.

– Бүгінгі таңда полицейлердің кепілдендірілген әлеуметтік төлемдерін арттыру, тәртіп сақшысының міндетіне кірмейтін, артық қызметтерді алып тастау, учаскелік полиция мәртебесін көтеру, төтенше жағдайда төленетін еңбекақы мөлшерін өсіру және полицейлердің зейнеткерлік жасын ұлғайту бағытында заңдар қаралып, бұларды іске асыру жөнінде Үкіметпен арнайы келісім жасалды. Ең бастысы қала тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін сақтау. Әлемнің қайбір қаласын алып қарасақ та бірінші кезекте тыныштық пен қауіпсіздік тұрады. Жалпы халық үшін үшінші мегаполиске қыдырып келетін туристер үшін де ең маңыздысы ол қаланың қауіпсіздігі мен тыныштығы,-деді Нұрлан Құдиярұлы.

Мұнан соң сенаторлар Қонаев пен Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы жолайрық құрылысымен танысты. Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ержан Жолдасов аталған құрылыс нысанындағы жұмыстардың барысы жөнінде баяндап, жолайрықтың біту мерзімі туралы айтып өтті.

Басқарма басшысының мәлімдеуінше мұндай жолайрықтар қалада төртеу болмақ. Бәйдібек би даңғылы — Арғынбеков көшесі мен Сайрам көшесі – Жібек жолы даңғылы қиылысынан да жолайрықтар салу жоспарлануда. Сенаторлармен болған сұхбатта Ержан Жақсылықұлы Қонаев-Рысқұлов көшелерінің қиылысындағы құрылыстың көздеген мақсаты Ташкент тас жолы мен Батыс-Еуропа Батыс-Қытай халықаралық көлік жолын жалғау, былайша айтқанда шаһардан «жасыл дәліз» құру екенін жеткізді. Сонымен бірге кең жолақты айналма жолдар арқылы ауыр жүк көліктері шаһарға орталық көшелерімен жүрмей, сырттан айналып өтетін болады.

Жоспар бойынша 15 қыркүйекте Қонаев көшесін Бәйдібек би даңғылымен жалғайтын жолайрық жолы пайдалануға берілмек, ал жалпы нысанның толық аяқталу мерзімі осы жылдың желтоқсан айына көзделіп отыр.

Кездесу барысында журналистерге берген сұхбатында ҚР Парламенті Сенатының депутаты А.Қапбарова Шымкентке келудегі іс-сапар мақсаты үшінші мегаполистің тыныс-тіршілігімен әсіресе ондағы қоғамдық қауіпсіздік мәселесімен жақынырақ танысу екенін мәлімдеді.

– Пандемияның кезінде тәртіп сақшыларының қызметі ауырлап, олардың жұмысына қосымша күш түскені белгілі. Осыған байланысты республиканың үшінші қаласында полиция қызметінің саласын жетілдіріп, заман талабына сәйкес цифрлық сервиске көшу маңызды болып тұр. Карантин тұсында тұрғындардың қимыл-қозғалысы мен қауіпсіздігін бақылау да бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып келеді. Сондықтан бағаналарға көше бақылау камераларын орнатудың тиімділігі артып отыр. Бұл ретте камералық бақылау құралдары айыппұлдар салу, жазалау мақсатында емес, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында көбірек қызмет атқаруы тиіс, — деді сенатор Айгүл Жарылқасынқызы.

Сонымен бірге Парламенттің жоғарғы палата өкілдері бүгінгі іс-сапар жоспарына сәйкес Шымкент қалалық мәслихат депутаттарымен кездесіп, Шымкенттің Абай ауданына қарасты Жиделі шағынауданында орналасқан көлік-логистикалық орталығының жұмысын аралап көрмек.

Leave a reply