Сайрам ауданы агроөнеркәсіп кешенін дамытуда озат атанды

0
141
Түркістан облысы ауыл шаруашылығы қызметкерлері күніне арналған «ALTYN KÚZ – 2022» мерекесі ұйымдастырылды. Алдымен ауыл шаруашылығы саласы техникалары мен өнімдерінің көрмесі жұртшылық назарына ұсынылды. Салтанатты жиында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды өңірдің еңбеккерлерін төл мерекелерімен құттықтап, олардың жетістіктерін жоғары бағалады.
– Ауыл шаруашылығы – Түркістан облысының негізгі драйверінің бірі. Ауылда өскендіктен бұл саланың ерекшелігін, қиындығын жақсы білемін. Еңбек адамы – елді алға бастайды. Сіздердің еселі еңбектеріңіздің арқасында өңірдің агроөнеркәсіп кешені тұрақты дамып келеді. 10 айдың өзінде жалпы өнім көлемі өткен жылдың тиісті кезеңінен 145,3 млрд. теңгеге артып, 951 млрд. теңгеге жетті. Егіс көлемі 14 мың гектарға ұлғайып, 860 мың гектарға дейін жетіп отыр. Жаңадан 113 гектар жылыжайлар салынып, жалпы көлемі 1625 гектарға дейін ұлғайды. Ет өнімдерін экспортауда өңіріміз республикада бірінші орында тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы алдағы үш жылда азық-түлік қауіпсіздігі мәселесін түбегейлі шешу міндетін қойып отыр. Бұл бағытта жұмыс жүріп жатыр. 2023 жылдан бастап ауыл шаруашылығы жобаларына, кооперация желілерін дамытуға жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызбен жеңілдетілген несиелер беріледі. Сіздермен бірге облыстың аграрлық саласын жаңа бағытта дамытып, ел табысы молаярына сенемін, – деген Дархан Сатыбалды бір топ еңбек озатын арнайы марапаттады.
Атап айтсақ, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Еңбек ардагері» медалі, «Ауыл шаруашылығы саласының үздігі» төсбелгісі, «Құрмет» грамотасы тапсырылды. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін дамытуда озат атанған аудан әкімдері облыс әкімінің дипломына ие болды. Бірінші орынды Сайрам ауданы еншілесе, екінші және үшінші орындарды Бәйдібек пен Сарыағаш аудандары еншіледі.
Салтанатты жиында Түркістан облыстық мәслихатының хатшысы Қайрат Балабиев облыстың озат агроқұрлымдарын облыс әкімінің дипломымен марапаттаса, ауыл шаруашылығы мен еңбек адамын насихаттап жүрген БАҚ өкілдеріне де құрмет көрсетілді. Оларға облыс әкімінің алғысхатын Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Тұрғанбек Оспанов тапсырды.
Мерекелік кеште Түркістан өңірінің танымал өнерпаздары мен белгілі әнші Мәдина Сәдуақасова өнер көрсетіп, Түркістан өңірінің ауыл шаруашылығы саласы өкілдерін мерекемен құттықтады.
Түркістан облысында ауыл шаруашылығы қарқынды даму үстінде. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 56,5 млрд. теңгеге инвестициялар тартылып 116,1 % ұлғайды. Тамақ өндірісіне 6,7 млрд. теңге инвестиция салынды.
Түркістан облысын дамытудың кешенді жоспарын аясында Түркістан қаласы айналасында 11,0 мың гектар азық-түлік белдеуін құру жобасы жүзеге асырылуда. Құны 6,5 млрд. тг құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылды және 2 мың гектарға жаңбырлатып суғару технологиясы орнатылды.
Дәнді дақылдар өткен жылмен салыстырғанда 190 мың тоннаға артып, 777,0 мың тоннаға жетсе, көкөніс, бақша өнімдері көлемі 120 мың тоннаға артып, 3 млн. 245,5 мың теңгеге жеткен. 2022 жылдың 10 айының қорытындысымен жалпы 1 066,5 мың тонна өнім экспортталып, 354.7 млн. АҚШ долларын құрады.

Leave a reply