ТҮРКІСТАНДЫҚ ӘЙЕЛДЕР ТӘЖІРИБЕ АЛМАСТЫ

0
127

Нұр-Сұлтан қаласында «Ауыл әйелдерінің экономикалық мүмкіндіктерді кеңейту тәсілдерін іздеу және іске асыру» тақырыбында Қазақстанның оңтүстік облыстарының өңірлік форумы онлайн форматта өтті. Форумды Coca-Cola халықаралық қоры, ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы, Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдіктерінің қолдауымен «Жасыл» экономиканы қолдау және G-Global дамыту Коалициясы» ЗТБ ұйымдастырды. Оған еліміздің түкпір-түкпірінен 600-ге жуық ада қатысты.

Форумның мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын және Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыруға жәрдемдесу.Маңызды жиында ауылдарды өркендету, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту, ауыл тұрғындарын өнімді жұмыспен қамту және өзін-өзі жұмыспен қамту арқылы ауылда әл-ауқат пен өмір сүру сапасын арттыру мәселелері талқыланды. Сонымен бірге жеке қосалқы шаруашылықтар (ЖҚШ) мен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығын қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаларды насихаттау, жергілікті өзін-өзі басқару құралдарын, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту жолдары да сөз болды. Басқосуға Түркістан өңірінің де іскер ханымдары қатысты. Қазақстанның ауыл әйелдері форумының ұйымдастыру комитетінің төрағасы Майра Айсина форумға модераторлық жасап, маңыздылығына тоқталдв. Оның айтуынша, елімізде ауыл әйелдерінің басым бөлігі оңтүстік өңірлерде тұрады. Басқа өңірлердегі ауыл әйелдерінің саны 400-600 мыңнан аспаса, бүгінде оңтүстік өңірде 2 миллион 200 мыңға жуық ауыл әйелдері бар екен. Ең көп ауыл әйелдері Түркістан және Алматы облыстарында шоғырланған.

– Бүгін біз осы жұмыссыздық мәселесін, ауыл тұрғындарының табысын арттыру, ауылдағы қыз-келіншектердің дамуы, өз кәсібін бастауы, кәсіп бастап кеткендерін қолдау сияқты өзекті мәселелерді жан-жақты ашық талқылайтын боламыз. Бұл форум алаңына ауылдың өркендеуіне үлес қосуды мақсат тұтқан шынайы жанашырларды жинауға тырыстық. Ауылдық жерде тер төге жұмыс атқарып, ел экономикасының қарқынды дамуына, өз өңірлерінің гүлденуіне үлес қосып жүрген Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының түпкір-түпкіріндегі ауылдардан қатысып отырған қыз-келіншектерді біз ерекше мақтан тұтамыз, – деді М.Айсина.

ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы мен бірнеше министрлік өкілдері Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстары әкімдіктерінің өкілдері де өз пікірлерін білдірді. Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаев Түркістан өңірінде кәсіпкерлік саласында әйелдердің белсенділігі жоғары екенін атап өтті. Ал «Жасыл» экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту Коалициясы» ЗТБ атқарушы директоры Асхат Сүлейменов, «Соса – Cola белестері» және «Жеке қосалқы шаруашылықтар» онлайн-мектептерінің мысалында ауылдағы әйелдер кәсіпкерлігін әлеуметтік қолдау-практикалық қолдау, бизнес дағдыларды дамыту, тәлімгерлік және тәжірибе алмасу туралы айтып берді. Форумның екінші бөлімі «Асқар шыңдарға туған ауыл әйелдері» тақырыбмен өтті. Мұнда ауыл әйелдерінің жетістікке жету тарихы сөз болды. Бұл бөлімде Найла Үмбетова («Кәусар» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Алматы облысы), Назгүл Насиева («Renewal kz» ЖШС директоры, Жамбыл облысы), Гүлсім Дәрібаева (кәсіпкер, Қызылорда облысы). Набаткүл Байтанаева («Олжас-Б» шаруа қожалығының төрайымы, Түркістан облысы) және «Coca-Cola Белестері-2021» жобасының жеңімпазы Сәбила Жайлыбаева (Алматы облысы) өз тәжірибелерімен бөлісті.

Ауыл әйелдеріне мемлекеттік қолдау, гранттар көбейсе деген ұсыныстарын жеткізді. Cтатистикалық мәліметтерге сәйкес Түркістан облысында жұмыс істеп тұрған кәсіпкерлердің саны 155 мыңнан астам субъектіні құрайды, олардың 32 пайыздан астамы – әйелдер. Әрбір үшінші кәсіпкер ханымдар деген сөз. Бүгінде өңірде кәсіпкерлікті қолдау үшін түрлі гранттар ұсынылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасын табады.

Leave a reply