Дилнаваз ХАНСАИТОВА: «ШАҺАР ТАЗАЛЫҒЫНА БӘРІМІЗ ЖАУАПТЫМЫЗ»
Шаһардың шырайын келтіретін негізгі жұмыс тазалықпен тікелей байланысты. Туристерге де, тұрғындарға да жақсы әсер сыйлау үшін алдымен халық көп шоғырланатын орталықтар мен үлкен көшелердің көркеюі маңызды. Сондықтан, тазалық тұрғысындағы жауапкершіліктің киелі қаладағы әр адамның мойнындағы міндетке айналуына үлес қосқанымыз абзал. Турасын айтқанда, қаламыздағы қарапайым қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде Түркістанның күннен-күнге көркі кіріп келеді. Осы орайда, таңмен таласып қаланы қоқыс пен қалдықтан арылтып жатқан қарапайым еңбек адамдарының тынымсыз тірлігінен репортаж дайындауды жөн көрдік.
Хансаитова Дилнаваз аталған сала бойынша 5 жылға жуық жұмыс істеп келеді. Кейіпкеріміздің әр күнгі әдетіне айналған жұмысына кедергі келтірмей, қажетті сұрақтарды ғана қоюға тырыстық. Ендеше, елене бермейтін еңбек адамының бір күндік жұмыс күні қалай өтетіні жайлы аз-кем сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз:
– Дилнаваз апай, бұл жұмыста жүргеніңізге де біршама уақыт болыпты. Тазалық сақшыларының жұмыс барысы жайлы айтып берсеңіз…
– Мен бұл жұмысқа 2017 жылы келдім. Жұмысымыз өте жақсы. Кезектесіп демалыс аламыз, күн сайын көшелердің қоқыстарын жинаймыз. Былайынша, қиындығы да, жеңілдігі де бар. Қар жауған, жаңбыр жауған күндері сәл қиындайды. Күздің күндері жапырақтар түседі, соларды жинаймыз. Арықтарды тазалаймыз. Ұжымдастарыма ризамын, бәріміз бір отбасы сияқтымыз, шүкір. Мысалы, ер азаматтар қар күреп, оны төгіп жатса, әйел адамдар көшенің қарын сыпырып жатады, ұжымдағылардың сыйластығы да, жұмысы да жақсы. Бригадиріміз Қанат ағайға да рақмет, жағдайымызды жасап, бізді біріктіріп отырады. Қазір күнделікті Әмір Темір аялдамасының айналасында жүреміз, мысалы бүгін қар жауып тұр, тротуарды қардан тазартып жатырмыз.
– Күнделікті жұмыс уақыты қанша сағат?
– Азанда сағат 7-ден кешкі сағат 7-ге дейін жұмыс жасаймыз. Түскі 12:00-ден – 15:00-ге дейін түскі үзіліс. Жұмысымыз жақсы, шүкір. Көбіне қаланың үлкен көшелерін тазалаймыз. Бригадиріміз қай жаққа жіберсе, сол жаққа барамыз…
– Қаланың тазалығы, көшелердің келбеті басты назардағы мәселе. Осыған байланысты қосарыңыз бар ма?
– Қосарым бар. Әсіресе, көшелердің жағдайы туралы айт-қым келеді. Мысалы, бұрынғы Терешкова(қазіргі Бәйдібек батыр) көшесін айтсақ болады. Көшелеріміздің жағдайы нашарлап кеткен. Соларды жөндеп берсе, асфальт төсеп берсе… Сондай көшелер көп қаламызда. Азанда жүру қиын, аяғымыз лай, батпаққа былғанып қалып жатады. Шұрық-тесік жерлер көп. Тұрғын ретінде де, қарапайым қызметкер ретінде де осындай жағдайларды көп байқап жүреміз.
– Қазақта «жақсы істен жан рахат табады» деген сөз бар. Жұмысыңыздың қиындығы көп. Қызығы да бар шығар?
– Алғашында ұялған едім бұл жұмыстан, бара-бара үйренеді екенсің. Адал табысымды тауып, нанымды жеп жүргеннен соң, қазір ұялмайтын болдым. Қызымызды тұрмысқа бердік, үй салдық, осының бәрі ісімізді жақсы көріп жасағаннан деп ойлаймын. Басында бетімді жауып жүруші едім, қазір олай емес. Неге? Себебі, бұл менің адал, сүйікті еңбегім.
Қызық болғанда, алғашында «Байбұрт» көшесінің тазалығына мен жауапты болдым. Тіпті қалай тазалауды да білмейтін едім, бірінші шеберіміз Мадияр деген жігіт үйретті көп нәрсені. «Мынау былай, мынау осылай жасалады, мына территория сіздікі»- деп. Әуелі Алла, кейін осы жұмысымның арқасында табыс тауып жүрмін.
– Жанұяңыз жайлы айтып беріңізші. Үй шаруасы мен түздегі тірлікті қатар алып жүру қиынға соқпай ма?
– Аллаға шүкір, бір ұл, бір қызым бар, Құдай қосқан қосағым бар. Қызымды тұрмысқа бердім. Ұлым он үште. Жолдасым екінші топтағы мүгедек. Зейнетақысы дәрі-дәрмегінен артылмай жатады, оның үстіне еңбекке жарамсыз болғандықтан, үйде табыс табатын мен ғана.
Бірақ бәріне үлгеріп келемін. Үйде жолдасым мен балам бар ғой. Солар көмектесіп, жәрдем беріп жүреді. Азанда жұмысқа барсам, түсте үйге барып балалардың тамағын дайындаймын. Кешкі 7-де жұмыстан шығып, отбасыма қараймын.
– «Тазалық – табалдырықтан басталады», – дейді балаларыңызды тазалыққа тәрбиелеп, экологиялық санасын қалыптастыруда күнделікті айтып отыратын ақыл-кеңестеріңіз бар ма?
– Шынымды айтсам, мен айтпаймын. Үйдегі жолдасым айтып отырады. Мен жұмыста болған соң, көп айта бермеймін. Бірақ, барынша үйретемін. Мен өзім тазалықта жұмыс жасағаннан кейін, балаларым да тазалыққа жақсы. Көшедегі қоқысты жинап жүруге, айналасын ластамауға, бүлдірмеуге дағдыланған…
– Түркістандық тұрғындардың мәдениетіне көзқарасыңыз қалай? Көшеге қоқыс тастап кететіндерге тазалық жанашыры ретінде не айтар едіңіз?
– Тұрғындар туралы ештеңе айта алмаймын. Көшеге қоқыс шашып кетеді, ластап кетеді, әйтеуір соларды жинау біздің күнделікті жұмысымыз ғой. Біз Түркістанның тазалығына еңбек етеміз әрі өзіміз үшін де еңбек етеміз. Тек қала тұрғындары біздің еңбегімізді бағаласа екен деймін. Көшедегі күл-қоқыстарды кесте бойынша уақытында шығарса, соған әкімшіліктен назар аударылса… Әйтеуір, еңбегіміз адал ғой.
«Еңбегіңнен ел таныр», – дейді дана халқымыз. Түйір нанды тамшы термен тауып жатқан жандардың атқаратын жұмыстары жайлы Түркістан қаласы «Түркістан жарық-тазалық» ЖШС-нің шебері Сеилбеков Қанат Елтайұлының да ой-пікірін біле кеттік:
– Қарамағымда отыз бес жұмысшы жұмыс атқарады және үш көлігіміз бар. Оның ішінде он екі жұмысшы үш көлікте көше бойына жиналған және заңды тұлғалардың тұрғын үйлерінің қоқыстарын кестеге сәйкес кезектесіп алып отырады. Қалған жиырма үш жұмысшыға қаланың басты он бір көшесі және Т.Бокин екі қабатты үйлері, сонымен қатар, Сырғақ батыр көшесі бойында орналасқан екі қабатты тұрғын үйлер тазалығы бөлініп берілген.
Жалпы, менің бригадама берілген жұмыс көлемінің ұзындығы 18 шақырымды құрайды. 18 шақырымға жолдың екі шетіндегі суағарлар мен жүргіншілер жүретін жол және веложол тазалығы да кіреді. Менің бригадама қарасты көшелерге Қазыбек би, Әмір Темір, Байбұрт, С.Қожанов, Н.Төреқұлов, Тәуке хан, Әйтеке би, Ғ.Мүсірепов, Ататүрік, Т.Бокин, Сырғақ батыр көшелері және оған қосымша Қ.Тәтібаев қысқа көшелері кіреді.
Осы жерде тұрғындарға айтарым, қоқыстарды кестеге сәйкес шығарса, бізге көп көмектескен болар еді. Көпшілік болған соң рахмет айтып риза болатындар да, ренжіп ұрысатындар да кездеседі…- дейді Қанат Елтайұлы.
Жұмысқа жастай жұтынып,
Ерте тұрып азаннан.
Жүреді бір қарт сыпырып,
Көшені тұнған тозаңнан – деп, Сырбай Мәуленов жырына қосқан бұл жұмысқа екінің бірі бара бермейтіні анық. Репортаж кезінде аптап пен аязға, жауын мен дауылға қарамай, таң мен кештің арасында шаһарымыздың тазалық сақшысы боп жүретін жігерлі жандардың бір күндік жұмысын көріп, құрметіміз арта түсті.
Түркістандағы әрбір адамның тұрған жері мен төңірегінің тазалығы түптеп келгенде тұтас қаланың тазалығына айналатынын ұмытпағанымыз абзал! Елеусіз ғана еңбек адамдарының ерен ерлікке пара-пар жұмыстарын жұртшылық түсінсе, бағаласа деген ниеттеміз.
Дәурен ТІЛЕУХАН.